Маңызды шешімге – кең қолдау
Қазіргідей алмағайып кезеңде ел өмірінде болып жатқан маңызды оқиғалаларға айрықша назар аударып отырмыз. «Білім күнінде» мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауын толық тыңдап, марқайып қалдық.
Өзім зейнеткерлік жаста болғандықтан бізді еліміздің әлеуметтік жағдайы көбірек алаңдатады. Жұртшылықтың көкейінде жүрген әйелдердің зейнетке шығу жасын 61 жас деңгейінде қалдыру шешімін құптаймыз. Бір-бір үйдің түтінін түтетіп, отбасымен жұмысты да қатар алып жүрген әйел-аналар сол еңбегінің зейнетін көруі тиіс. Өйткені, бұрыннан да айтылып жүргендей, қыз-келіншектердің барлығы бірдей жеңіл қызметте емес. Бірі басшылық қызметте болып, қоғам үшін маңызды шешімдер қабылдаса, енді бірі зауыт-фабрикаларда ерлермен иық тірестіре еңбек етіп жүр.
Сондықтан, зейнетақы жүйесін қайта жаңғырту дәл уақытында қабылданған шешім деп есептеймін. Осыған байланысты, Президент бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеуге тапсырма берді. «Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет», — деп атап өтті Президент. Ол жиынтық зейнетақы мөлшері өсетінін жеткізді.
Сондай-ақ, маңызды құжаттағы жастарды қолдау, оқу бағдарламаларына байланысты айтылған жаңашылдықтар да көңілімнен шықты.
Хатима МҰСТАФИНА,
«Татулық» этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары