Парламент депутаты Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ: «Қызметімді ешқашан міндетсімеймін…»

Халық пен биліктің арақатынасы жөнінде пікірлер екіұдай. Алайда, бір анық жайт – бұрынғыға қарағанда бұқараның үні билікке жете бастады. Мысалы, Парламент депутаттарының бұрын халықтың арасына келіп, жүзбе-жүз араласқаны аз еді. Енді олар халық өкілдерімен, қоғам белсенділерімен тұрақты байланыс орнатып, үнемі хабарласып отырады.

Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғановпен хабарласып, бірер сұрақ қойған едік. Журналистерге үнемі оң көзқарас танытатын Дүйсенбай Нұрбайұлы бір сағаттай уақытын бөліп, түрлі мәселелерге орай өз ойын еркін білдірді.

– Дүйсенбай Нұрбайұлы, саяси додаға түсіп, Мәжіліс депутаты болуыңызға не түрткі болды? Мансап па, парыз ба?

bb7dc5da 80f5 42eb 81a9 4d23de52eff3

– Жоқ, ешқандай бөтен ой болмасын. Мәжіліс депутаттығына баруға мені ешкім итермелеген жоқ. Қай кезде де лауазымға, биік мансапқа қызыққан жоқпын. «Туған жеріме қызмет етіп, Отаныма пайдамды тигізсем» деген ниеттен туындады. Қазір қолымнан келгенше, біліктілігім жеткенше жұмыс жасап жатырмын.

Оралдық ақын Бауыржан Ширмединұлы бір өлеңінде:

…Ауыл солай биікте қалу керек,

Сол ауылға ерінбей бару керек.

Адамның кіндік қаны тамған жерге

Маңдайының тері де таму керек, – деп жазыпты. Мен де осы ұстаныммен жүремін.

Өзімнің жасаған қызметімді де ел-жұртқа ешқашан міндетсіп көрген жоқпын. Бұл біздің ата-анамыздың берген тәрбиесінің нәтижесі. Туған жеріме жасаған қызметімді перзенттік парызым деп білемін.

Мәжілісте Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесісіз. Алғашқы жолдаған депутаттық сауалыңыз да Атырау үшін аса маңызды Жайық өзеніне қатысты болды. Халі нашар, соның салдарынан тұтастай батыс аймағының даму әлеуеті зардап шегіп отырғанын атап көрсеттіңіз. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр? Мәселені мемлекеттік деңгейде шешудің мүмкіндіктері бар ма?

– Бұл сұрағыңыз алдыңғы сұрақтың жалғасы сияқты екен. Өйткені, елге қызмет ету мақсатында Атырау өңірі үшін келелі саналатын бірнеше мәселені қолға алдым. Соның бірі – Жайық өзенінің мүшкіл халі. Халықтың көтерген мәселесі, менің жолдаған депутаттық сауалымның да әсері болар, республика экология министрі Мағзұм Мырзағалиев осы бағыттағы жұмыстарға кірісіп кетті. Бірақ менің сауалыма берген ресми жауабына көңілім толған жоқ. Сондықтан, мұнымен тоқтап қалмаймын, жұмыс жалғаса береді.

Жайықтың жай-күйін оның жағасында тұрған адам ғана түсінеді. Жылдан-жылға нашарлап бара жатқан өзенге тиісті дәрежеде оң қабақ болмаса, енді бірнеше жылда Жайықтан айырылып қаламыз. Қазір Ресей мемлекетімен арада жасалған бірлескен бағдарламаның өзінде шикіліктер бар. Меніңше, мұндай мәселеде көзбояушылық болмауы тиіс. Елдің келешегіне әсер ететін проблеманың нақты нәтижесі болғаны жөн. Жайықтың мәселесі шешімін табуына барынша жұмыс жасаймын. Бұл менің ғана пікірім емес, Парламенттегі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан сайланған депутаттардың бірлескен көзқарасы, үні деп есептеу керек.

Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау мақсатында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та ерекше алаңдаушылық білдіріп, былтырғы желтоқсанда Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының 2024 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданғанын атап көрсеткен еді. Президент тапсырмасымен республикада Су ресурстарын басқарудың Ұлттық жобасы дайындалды. Мұның ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде маңызы жоғары болса да, орталық мемлекеттік орган басшылары жергілікті құрылымдардың дайындап берген жауабына қол қоюмен ғана шектеліп отыр. Шынында, Жайықтың ахуалын Ресей шекарасынан бері қарай аяқтай барып көрген ешкім жоқ. Ойыл, Жем, Сағыз сияқты шағын өзендердің хал-күйі де дәл осындай. Қызылқоға ауданындағы қоғам белсендісі Есенбай Нұровтың жазған хатын тіркеп, Атырау, Ақтөбе облыстарының әкімдеріне және Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына хат жазып жібердім. Өзендер бойын нақты зерделеп көру керек. Жергілікті халық мұны бекерге көтеріп отырған жоқ. Олардың жанайқайын орталық органдар түсіне білуі, ести білгені жөн. Сол арқылы бұл проблеманы Қазақстан мен Ресей мемлекеттері Президенттерінің қарауына жеткізу керек. Мысалы, Орынбор облысында салынуы тиіс бөгет заңсыз, екі елдің де арнайы талаптарына, халықаралық келісім-шарттарға сай келмейді. Бұл жерде тек Ресей тарапының мүддесі ғана бірінші кезекке шығарылып отыр.

Еліміздің батыс өлкесіне Ресей жерінен аса ірі Еділ мен Жайық өзендері ағып келсе, Еділдің бойында мұндай күрделі проблема жоқ деуге болады. Ал, Жайық өзенін ресейліктер түгелдей меншіктеп алған. Су пайдалану жөніндегі талаптар тек шекараға дейін ғана орындалып отыр. Қазақстан аумағында трансшекаралық өзендерге қатысты талаптардың бірде-бірі жүзеге асып жатқан жоқ.

Бұған белгілі бір дәрежеде Қазақстан тарапының да кінәсі бар. Себебі, өзен бойына ешқандай қадағалау жасалмайды. Жұмыс кеңседе отырып жасалады. Мысалы, батыс өлкесіндегі су бассейніне жауапты Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы Жайық өзенінің ахуалын тиісті бақылау пункттеріндегі мамандардың хабарламасы арқылы біледі. Ал, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің бойында қанша бөгет бары, оларды кім және қашан салғаны, олардың қазіргі жағдайынан бейхабар.

Әрине, шешілмейтін мәселе болмайды. Тек ортақ іске барлық органдар бірлесіп жұмылса ғана шешімін табады. Өйткені, бәріміздің де ұрпағымыз бар. Өзен-су, ауа мен топырақ, басқа да құндылықтарды оларға табиғи қалпын сақтай отырып, аманаттауымыз керек емес пе?!

«Қазақстан энергия дағдарысының алдында тұр». Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі қызметінде жүргенде Сіз осындай мәлімдеме жасап едіңіз. Жуырда вице-премьер Р.Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалыңыз да осы тақырыпта. Нақты 4 ұсыныс та кезек күттірмейтіні анық. Жүзеге асуы қанша уақытқа созылуы мүмкін?

– Мамандығым энергетик болған соң бұл сала менің жаныма жақын. Бірден айтайын, бұл бір күнде немесе бір-екі жылда шешіле қалатын мәселе емес. Ол үшін энергетикалық ресурстарды нығайту жөнінде Ұлттық бағдарлама қабылдануы тиіс. Оның жүзеге асу мерзімі кемінде 10-15 жылға арналады. Әйтпесе, ол «кезекші» құжаттардың бірі болып қалатынына кепілдік беремін.

Мысалы, республикадағы кейбір жоғары кернеулі (220 кВт) желілердің тартылғанына 50 жылдан асты. Ол аз мерзім емес. Кез-келген өнім не тауардың мерзімі орта есеппен осынша кезеңге есептеледі, сосын жаңартылады. Ал, бізде магистралдық электр желілері әлі жұмыс жасап тұр. Тозығы жеткен желі бір күнде істен шығуы мүмкін. Бұған дәлел ретінде биыл қыста Атырау, Батыс Қазақстан облыстарындағы жоғары кернеулі желілердің ақауын атап көрсеткен жөн. Демек мұндай жағдайда техникалық ақауды болдырмауға ешкім де кепілдік бере алмайды. Өйткені, осыдан 20 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, энергияны тұтыну көлемі бірнеше есе ұлғайды. Сондықтан, бұған қосымша (параллельді түрде) желі тартылуы керек. Ал, оған қаражат қайдан шығады? Қуат көзін өндіруші компаниялардың оған қабілеті жетпейді.

Рас, қазір жел мен күн сәулесінен қуат алатын шағын станциялар пайда бола бастады. Бірақ ғылым мен техниканың жаһандық дамуы жағдайында бұл теңіздің тамшыдай ғана бөлігі. Егер жел тымық болса, күн бұлтты болса, қуатты қайдан аламыз?!

Сондықтан, энергетика саласын дамытуды өнеркәсіптен де, білім мен медицина саласынан да – барлық саладан да бөлек, ерекше жағдайда қарастыру керек. Республика аумағындағы әр облыста неше станция салынатынын, оның қуаты қандай болатынын мұқият есептеген жөн. Ол біздің энергетикалық тәуелсіздігімізді қамтамасыз ететін құжат болуы тиіс. Бұл жерде күн, жел, электр энергиясы ғана емес, көмір, су энергиясына да ден қойған жөн. Сондықтан, ұзақ жылдық бағдарлама ұлттық дәрежеде жасақталғанын қалаймын.

– Қазір электр энергетикасы саласындағы шарттарды ратификациялау туралы 4 заң жобасы бойынша жұмыс тобының басшысы болып тағайындалдыңыз. Не өзгерістер күтілуде?

– Мәселеге ауқымды түрде келсек, бұл тек Қазақстан Республикасының ғана «бас ауруы» емес. Энергетика саласында Еуразиялық Одаққа мүше елдердің тиісті талаптарды сақтай отырып ортақ пайдаланатын маңызды құжаттары бар. Өйткені, ТМД мемлекеттерінің қай-қайсысы да қуат көздерін пайдалану тұрғысынан бір-біріне тәуелді. Қуат көзін тұтыну бағытында әр елдің бір-біріне есеп беріп отыруы шарт. Еуразиялық Одақ елдеріне ортақ келісім-шарттарда солай көрсетілген. Бірақ ондай нақты есепті жүргізіп отырған ешкім жоқ. Мәселеге тек бүгінгі күннің деңгейінде ғана қарап, қазіргі дәуірмен ғана есептеп келе жатырмыз.

Егер тиісті талаптар сақталған жағдайда, қуат көздері мұншалық мол шығындалмас еді. Энергетик ретінде айтарым, қазір Қазақстанда жарық та, су да, көмір мен жылу да тым көп шығындалып отыр. Әлемнің дамыған елдерінде қуаттың қай түрі де үнемделеді. Тіпті, кейбір мемлекеттерде ауыз судың тапшылығынан техникалық суды рәсуа жасамайды. Тазалап, қайтадан тұтына береді.

Сондықтан, біз көтеріп жүрген мәселе аса күрделі тақырып, оны жүзеге асыру үшін ондаған жылдар қажет болуы мүмкін. Себебі, бұған дейін осы тақырыпта айтылған пікірлерге мән бермей келдік.

Шынында, бұл мәселелер Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жасалған «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасында да толық қамтылған.

– Экология – депутаттыққа үміткер кезіңізде көтерген маңызды тақырып-тұғын. Қазір осы комитет құрамында қызметтесіз. Көтерген мәселеңізге байланысты таңдалдыңыз ба, әлде өзіңіз сұрандыңыз ба?

– Парламент комитеттеріне ешкім де сұранып бармайды. Тиісті салалар бойынша құрылымдарға депутаттарды бұған дейін жасаған жұмысына, яғни мамандығына қарап іріктейді. Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитеті экология және табиғатты пайдалану, мұнай-газ және энергетикалық кешен, төтенше жағдайлар мәселелерін қарайды. Мамандығым мен бұған дейінгі өмірбаяныма сәйкес осы комитеттің құрамына бөлген соң, «елге осы жерде көбірек пайдам тиетін шығар» деген оймен келісім бердім. Бірақ басқа комитеттердің жұмысына да өз сайлаушыларымыздың талап-ұсыныстарына байланысты араласа аламыз.

Өзім комитет құрамындағы заң жобасын дайындау жөніндегі жұмысшы тобының жетекшісімін. Қазір 4 заң жобасы бойынша шұғылданып жатырмыз. Әр жұмысшы тобының құрамында 30-40 адам бар, олар – Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар, ведомстволар мен ұлттық компаниялардың қызметкерлері, бизнес субъектілерінің өкілдері.

turganov

– Атырау қаласы сіз басқарған тұста ресми емес болса да, «мұнайлы астана» атанды. Сол жылдар есіңізге оралғанда, қай ісіңізбен ел жадында қалдым деп ойлайсыз?

– (күлді…) Мен өзіме-өзім баға бере алмаймын. Жасалған жұмысқа қарай бағаны ел берсін…

Әрине, ол кезде санитарлық тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына қатты мән бердік. Ол кездегі қаланың ахуалын Атырау тұрғындары жақсы біледі ғой. Ең бастысы, спорт саласын дамытуға біраз үлесімді қостым. Әсіресе, ұлттық деңгейдегі волейбол, футбол тәрізді спорт түрлерін көтеруге күш салдық. Командалар құрып, оларды қаржыландыру мәселелерін шешуге атсалыстық.

– Атырау жасыл қалаға айнала алмай келеді. Сіз қала әкімі болған тұста, 82 гектар жерге қалалық саябақ салу туралы бастама көтеріліп еді. Аяқсыз қалып па еді?

– Бұл – қаланың Бас жобасына сай жасалып, қаржысы бөлінген, жолы салынған саябақ еді. Тіпті, насос станциясы да жұмыс жасап тұрды. Қазір бірде-бірі жоқ.

Негізі, Атырау – республика бойынша жөнді саябағы жоқ бірден-бір аймақ. «Жеңіс паркі» деп жүргеніміз шынында аллея ғана. Бұл жөнінде қазір облыс әкімі ірі кәсіпорындарға арнайы жер бөліп, оны абаттандыру, көгалдандыруын толықтай соларға жүктеп отыр. Әрине, жүзеге асса нұр үстіне нұр болар еді. Ерікті түрде көгалдандыру мәселесін көтеріп жүрген Арман Хайруллиннің бастамаларын қуана қолдаймын. Ол маған да өз ұсыныстарын жіберген, Атырау қаласының әкіміне беріп, жүзеге асуына ықпал етуін сұрадым. Егер көгалдандыруға шындап көңіл бөлсе, Атырауда да жақсы саябақ, ағаштың түр-түрін өсіруге болады.

Бұдан 35-40 жылдай бұрын Атырауда қалалық саябақ, Тұрғындар қалашығы, «ЗАГС», Балықшы, басқа да бес-алты керемет саябақ болды. Оларда ағаштың түр-түрі өсетін. Тіпті, жеміс ағаштары да болды.

Өзім туып-өскен Байшонаста да үлкен саябақ болып еді. Қазір ауылымның қаңыраған жұрты ғана жатыр. Кейде туған жеріме барып, әруақтарға дұға бағыштайтыным бар. Сонда Байшонастағы сол бақтың орнындағы қайтадан тамырланып өсіп шыққан шоқ-шоқ тал-теректі көріп, көңілім өсіп қалады.

Оқуды тәмамдаған тұста-ақ, еңбек жолыңызды жолдамамен Жамбыл облысынан қарапайым электромонтер болып бастадыңыз. Содан бері қызмет баспалдақтары бойынша барлық сатыдан өттіңіз. Яғни, бірден мансап қуып, креслоға ұмтылмадыңыз. Бұл принципшілдігіңіз бе, әлде?..

– Алматы энергетикалық институтын бітірген соң, Москваға тікелей бағынатын ірі өнеркәсіп орны – Жаңатас-Қаратау фосфор бассейніне комсомолдық жолдамамен бардым. Ол кезде адамдардың ниет-пейілі таза, көңілі ашық, ешкімді де руы мен жүзіне қарап бөлмейтін. Сол жерде шыңдалып өстім. Оған өкінбеймін, қайта сол ортадан өсіп шыққанымды мақтан тұтамын.

Қызмет бабымен өсуіме ешкімнің де ықпалы болған жоқ. Нағыз еңбектің қазанында қайнап, кәсіби қабілетіме сәйкес сатылап өстім. Бұған ешкімнің таласы жоқ.

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет, Дүйсенбай Нұрбайұлы. Ісіңізге сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан:

Назарбек ҚОСШИЕВ

  • Блиц-сауал

– Мемлекеттік қызмет. Өндіріс саласы. Бизнес құрылымдар. Депутаттық мандат. Жаныңызға қайсысы жақын?

– Маған ең жақыны – өндіріс саласы.

– Сырт көзге қаталсыз. Шындығында солай ма?

– Қызмет бабында тәртіпті жақсы көремін. Содан шығар, сырттай қатал көрінетінім. Ал, өмірде жайдары жанмын…

– Сынға қалай қарайсыз?

– Сын шын болса, дұрыс қабылдаймын. Өйткені, ол керек, пайдасы мол. Ал, сын айтқан адамды өзіме «жау» санау әдетімде болған емес.

– Мәжілістегі әріптестеріңізбен қай тілде көбірек сөйлесесіз?

– Қазақша сөйлесеміз. Кейде қажеттілікке қарай орысша араластыруға тура келеді.

– Спортқа құмарсыз. Басқа қандай хоббиіңіз бар?

– Волейболды жақсы көремін. Қол босағанда табиғат аясына шығып, аңшылықты ермек ететінім бар. Қазір елді аралап, әр жердің тарихын танығанды ұнатамын.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз