Бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек…

200825165420554e Саясат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атқа қонғалы бүгінгі күннің талаптарына толық жауап бере алатын батыл реформаларды көтеріп келеді. Бұл өз кезегінде ел дамуына тың серпін беруде. Әсіресе, саяси реформалардың орны бөлек…

Соның ішінде, Мәжіліс және мәслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесінде өткізудің артықшылығын айрықша атап өткім келеді. Бұл – сайлаушының партияға дауыс беру арқылы белгілі бір саяси бағдарламаға, сондай-ақ өз аймағынан нақты бір кандидатқа дауыс бере алу мүмкіндігі. 69 депутат партиялық тізімдер негізінде пропорционалды жүйе бойынша және 29 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланады.

Айта кететін жайт, аталған сайлау жүйесі – әлем елдерінде бар тәжірибе. Яғни Жаңа Зеландия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Литва, Мексика, Ұлыбритания және тағы басқа елдер. Әрине, әр елде өзіндік ерекшеліктері мен айрықша белгілері бар. Дегенмен тұтастай алғанда аралас сайлау жүйесі – пропорционалды және мажоритарлық тұрғыдан алсақта тиімділігін көрсетуде.

Осылайша, саяси мүдделердің өкілдігі сақталады және сайлаушының белгілі бір аймақтан сайланған депутатпен байланысы нығаяды. Сонымен қатар сайлаушылар енді бір мандатты округ бойынша сайланған өз депутаты егер міндеттерін дұрыс атқармаса оның мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігіне ие. Бұл депутаттар жұмысының тиімділігіне, олардың азаматтар үшін ашықтығы мен қолжетімділігіне оң әсер етуі тиіс.

Саяси жүйені жандандыру туралы ойды жалғастырсақ, жаңашылдық партиялық жүйе мен көппартиялылықтың дамуына серпін береді. Мысалы, Жаңа Зеландияда аралас жүйе енгізілгеннен кейін Парламентте этникалық, тілдік азшылықты құрайтын кішігірім саяси партиялар өкілдік алды.

Ендігі уақытта саяси партиялар аймақтық деңгейдегі жұмысты белсенді жандандыруға мәжбүр. Өйткені, бір мандатты округтер бойынша сайлау азаматтардың депутаттық орынға таласуына мүмкіндік береді. Сөйтіп, сайлау науқаны нәтижесінде саяси партиялар, белсенді азаматтар мен сайлаушылар қарым-қатынасының жаңа жүйесі пайда болады.

Мұның бәрі де саяси жүйені түбегейлі қайта жандандырып, мемлекеттік басқарудың жаңа формасына алып келеді. Қайта жаңару саяси және экономикалық сын-қатерлерге төзімді төтеп беретін саяси модель қалыптастыруға бағытталған.

Осылайша, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына қол жеткізіледі. Алдағы сайлаудың ерекшелігі – жаңа әрі сапалы жағдайда өтетіндігі. Енді Мәжіліс депутаттарының 70%–ы партиялық тізім бойынша, 30%-ы бір мандатты округтер арқылы сайланады.

Сондай-ақ, партиялардың Мәжіліске өтуінің шекті кедергісі 7-ден 5%-ға дейін төмендетілді. Сол сияқты, саяси партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Яғни саяси партия мүшелері санына қойылатын талап жеңілдеп, 4 есе 20-дан 5 мың мүшеге дейін төмендетілді. Партиялардың өңірлік өкілдіктерінің саны да 600-ден 200 адамға дейін қысқартылды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттар депутаттарын сайлау аралас жүйемен өтеді. Яғни 50/50 форматында. Бұл ретте аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда мәслихат кандидаттарына қазақстандықтар бір мандатты округтер бойынша дауыс бере алады.

Қалай болғанда да, жаңа саяси жағдай билік органдарының қоғам пікірі, көзқарасы мен сұранысына құлақ асуды қамтамасыз етіп, азаматтық қоғамның тиімді дамуына ықпал етеді.

Аққали АХМЕТ

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз