Мән-маңызы жоғары күн болды

015c3d163f1c8a42 Саясат

      Бүгін – ел өміріндегі маңызды күндердің бірі. Бұл шара елдің әлеуметтік-экономикалық бастамаларын табысты жүзеге асырып, өсіп-өркендеуіне тың серпін береді деп сенемін.

      Бүкіл дүние жүзін шарпыған коронавирустық пандемия өмірімізді өзгертті. Өзгертіп қоймай, көптеген мәселеге басқаша қарауға мәжбүрледі. Бастысы, адамның ең басты құндылығы оның өмірі мен денсаулығы екенін түсіндік. Кәсіпкерлік салада жұмыс жасайтын болғандықтан да біз пандемияның таралуы бизнестің экономикалық белсенділігін қалай төмендеткенін көрдік. Не керек, шектеулер де, жұмыстан қысқартулар да болды. Енді осы аталған олқылықтарды жою үшін дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асырып, маңызды қадамдар жасалуы керек. Атап айтқанда, жаңа заңдар, нормативтік-құқықтық актілер, шешімдер қабылдануы қажет.

      Халыққа елдің бірлігі, тыныштығымен бірге тұрақты жұмыс, әлеуметтік кепілдік, сапалы білім, жоғары деңгейдегі медициналық көмек, жақсы инфрақұрылым қажет. Ол үшін, сөз жоқ, тиісті заңдар мен реформаларды жүзеге асыратын жаңа Парламент керек. Ал, өз кәсібін ашып, ұршықша иіргісі келетін кәсіпкерлер елдегі тұрақтылықты қалайды. Міне, осы кезде түрлі инвестицияларды тартып, сан алуан  жобаларды жүзеге асыруға болады. Мұндайда экономикалық белсенділік те артады. Сондықтан, мен де көпшілікпен бірге келіп, бүгінгі сайлауға қатыстым.  Қазақстан Республикасының  азаматы ретінде өз таңдауымды жасадым.

     Шынында, дауыс беру – әрқайсымыздың азаматтық құқығымыз бен борышымыз. Бұл – барша азамат үшін мемлекеттің жан-жақты дамуына ықпал ететін үлкен мүмкіндік. Менің ойымша, қазіргідей күрделі кезеңде қазақстандықтар бірліктің, тұрақтылық пен жасампаздықтың үлгісін көрсетулері керек және ол деңгейден көрінетініне сенімдімін.

Абдолла ИДРИСОВ,

Атырау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз