МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ, МЕРЕЙЛІ ІС
Бүгінде облысымыздағы мүгедектердің саны он сегіз мыңнан асады. Өкінішке орай, жыл сайын олардың қатарының өсуі байқалады. Сондықтан, қамкөңіл жандарға деген қамқорлық та үдей түсуі керек-ақ.
2005 жылы сәуір айында қабылданған «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңда оларды жұмысқа орналастыру және басқа да құқықтары жайында айтылған. Мәселен, кез келген мекеменің үш пайыз жұмыс орны мүгедектерге тиесілі.
Жалпы «Әлеуметтік қорғау» дегеннің өзі әр адамның құқығын сақтау, оларға заңды түрде адамгершілікпен қарау керектігін білдіреді. Мүгедектердің құқықтары да барлық азаматтармен тең сақталуға тиісті.
Бүгінгі күні бірінші топтағы мүгедектер – 30337 теңге, екінші топтағылар – 23715 теңге, үшінші топтағылар – 16664 теңге жәрдемақы алады. Бұл – өте мардымсыз мөлшер. Қазір үшінші топ мүгедектерінің көпшілігі еңбекке араласуда.
Облыс бойынша биылдың өзінде мүмкіндігі шектеулі жандардың бірқатары жұмыспен қамту мекемесіне хабарласып, біразы тұрақты қызметке орналасты. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша да жұмыспен қамтылғандар бар. Кейбіреулері дайындық курсынан өтуде. Сондай-ақ, 440 адам мамандығын жетілдіруге немесе екінші мамандыққа білім алса, 500-ге жуық адам шағын несие алып, олардың 299-ы өз істерін ашты. 1092 адам тегін оқып, мамандық игерді. Бес жүзден аса мүгедек қызметке тартылды. Бұл өткен жылы атқарылған жұмыс болса, үстіміздегі жылы да осы бағытта жұмыстар атқарылуда. Биыл екі мыңнан астам адамға құжаттандыру қызметі жүргізілді. Мұның басым көпшілігі арба қолданатындарға арналды. Бұл аталған қызметтер тек облыс орталығында ғана емес, барлық аудандарда да жүргізілуде.
Облыстық мүгедектер қоғамының Мақат, Жылыой, Құрманғазы, Исатай аудандарындағы филиал басшылары жергілікті өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Ал, Махамбет, Қызылқоға, Индер аудандарында ірі өнеркәсіп орындары болмағандықтан, мүгедектерге қарасатын демеушілер аз болып тұр.
Мүгедектердің әлеуметтік және транспорттық нысандарға кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда. Бұл мәселе жақында Атырау қаласының әкімдігінде қаралды. Оған құзырлы орындардың өкілдері қатысып, тиісті шешімдер қабылданды. Қалай болғанда да, мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғамдағы белсенді күш, олар да мемлекетіміздің өркендеуіне лайықты үлестерін қосады.
Манап АБДРАХИМОВ,
облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы,
облыс әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі.