МАҢДАЙШАЛАРҒА МӘН БЕРСЕК…
Осыған орай, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастика және көрнекі ақпаратқа бақылау жасау бөлімі алғаш рет «Көрнекілік ауыл» байқауын өткізді.
— Жарнаманың, маңдайшалардың, мекеме атауларының үйлесімді, мазмұнды болуы – маңызды мәселе. Алдымен, ұлт тірегі – мемлекеттік тілдегі жарнаманың келісті болуы – басты міндет. Сондай-ақ, жарнама мазмұнының бір тілден екінші тілге аудармасы оның негізгі мағынасын бұрмаламауы қажет. Жарнама жалпақ жұртқа түсінікті, қарапайым сөздермен жазылуы, ізгілік пен мораль нормаларын бұзбауы, қоғамда дүрбелең туғызбауы, жеке тұлғаларды агрессияға бастамауы тиіс. Өткен жылы облыстық «Атырау» газетінде көрнекілік құралдары туралы үлкен сыни мақала жарияланған болатын. Сол мақала резонанс тудырып, ауылдарды аралап, зерттеу-бақылау жұмыстарын жүргізуге сеп болды, — дейді аталған басқарма бөлімінің басшысы Жеміс Дияшева.
Байқауға барлығы 27 ұсыныс келіп түскен. Қазылар алқасы құрылып, облыстық байқауға ұсынылған материалдар сарапталып, номинациялар бойынша үздіктер таңдалды.
Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясында өткен байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасында қазылар алқасының төрағасы Қилымғали Қайненов Елбасы ауылдарды көтеру, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ауыл адамдарын қолдау, жас мамандарды ауылға тарту, ауыл келбетінің тартымдылығын қалыптастыру бағытындағы саясатын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған бұл байқау үлкен маңызға ие екендігін атап өтті.
— Облыс ауылдарындағы көрнекі ақпарат, жарнама, коммерциялық нысандар атауларында тіл заңнамасының, тілдік-эстетикалық нормалардың сақталуы, ұлттық құндылықтарды насихаттау маңызды. Жеңімпазды анықтау барысында осыған үлкен мән бердік, — деді қазылар алқасының төрағасы.
Аудан орталықтары бойынша Бас жүлде Махамбет ауданының Махамбет ауылдық округіне бұйырды. Мақат ауданының Мақат кенті әкімдігі І орынға қол жеткізсе, Қызылқоға ауданының Миялы ауылдық округі ІІ орын еншіледі. Аққыстау ауылдық округі (Исатай ауданы), Индербор кенті әкімдігі (Индер ауданы) мен Ганюшкин ауылдық округі (Құрманғазы ауданы) ІІІ орынды бөлісті.
— Біз ауылда көрнекіліктерді үнемі ауыстырып, жаңартып отырамыз, — дейді Бас жүлдені еншілеген Махамбет селолық әкімі аппаратының әлеуметтік және мәдениет бөлімінің бас маманы Ирада Мырзағалиева. – Түрлі тақырыптарды қамтуға тырысамыз. Билбордтарда үнемі Елбасы Жолдауын халыққа насихаттап отырамыз. Өйткені, ауылға келген адамның көзі, ең алдымен, көрнекіліктерге түсетіні анық. Қазіргі кезде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты ауылдан шыққан ардагерлердің суреттерін лайтбокс ретінде көшелерге іліп, жас ұрпаққа таныстыруды қолға алдық. Бүгінгі күнге дейін осындай 80 лайтбокс ілдік. Бұл бағыттағы жұмыстарды мамыр айына дейін жалғастырмақпыз.
Ауылдар бойынша Бас жүлдені Индер ауданының Жарсуат ауылы жеңіп алса, Мақат ауданының Доссор кенті І орынды иемденді. Жүлделі ІІ орынға Исатай ауданының Хамит Ерғалиев ауылы лайық деп танылды. ІІІ орын Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылына бұйырды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.