Мемлекет дамуындағы жаңа белес

1440044982 ead2febb6ffc048978e333d977fe100b Жаңалықтар

Өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Конституцияға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Билік тармақтарының өкілеттіліктерін қайта қарауды көздейтін өзгерістер  мемлекет дамуын жаңа кезеңге бастайды деп күтілуде. Президенттің төбе би ретіндегі позициясын нығайтып, Үкімет, Парламент және Сот билігі арасында баланс орнатқан конституциялық реформалардың мәні, күтілетін жаңалықтар туралы «Мінбер» сарапшылары сөз алады.

Конституциялық реформа қандай қажеттіліктен туындады?

Еліміздің қоғамдық-саяси, экономикалық дамуында нендей жаңалықтар күтіледі?

1440044982_ead2febb6ffc048978e333d977fe100b

 Әзімбай  ҒАЛИ,

саясаттанушы:

Серпіліс өзімізге керек

– Бұл – заман талабынан туған қажетті реформа. Біздің Конституциямыз бұған дейін де бірнеше рет өзгертілген еді. Десе де, осы жолы қоғамды демократияландыру бағытына қарай нақты бетбұрыс жасалды.

Біріншіден, заң шығарушылар билігі күшейеді. Ендігі жерде біздің депутаттар министрлер кабинетінің жұмысын толықтай бақылауға алады. Министр немесе оның орынбасары мемлекеттік бағдарламаның орындалысына салғырт қараса, қазынадан бөлінген қаржыны игеруде жылдағыдай олақтық жалғасса, нақты жаза қолдануға мүмкіндік туып отыр. Қазақша айтқанда, бұған дейін депутаттар министрлердің басынан сипап келген еді. Әрі кетсе, қатаң ескерту берумен шектелетін. Енді  бағдарламалардың орындалу сапасы, мазмұны, мерзімі сынды талаптарды  бағалайтын комитеттер жұмыс істейді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, депутаттар корпусына министрді жұмыстан босату құзыретінің берілуі – өте оңтайлы қадам. Осындай жаңалықтар арқылы біз есеп беретін мемлекет қалыптастыра аламыз.

Екіншіден, жергілікті мәслихаттарға әкімдерді, шенеуніктерді тік тұрғыза алатындай құзырет берілуі керек. Мысалы, Америка Дональд Трампты президентікке сайлады. Бірақ, оның шешім қабылдауына депутаттар тікелей араласып отыр. Демек, жергілікті атқарушы биліктің жұмысын ширату үшін де  барлық деңгейдегі мәслихаттарға қосымша құқықтар берілсе, тепе-теңдік орнар еді. Себебі, саяси реформалар ең алдымен, сол мемлекетті ширату үшін керек. Үшіншіден, техникалық, әлеуметтік мәселелермен бірге, ұлттық құндылықтарға, мемлекеттік тілге деген бетбұрыс та көбірек байқалып отыруы тиіс. Ұлттық құндылықтардың әлеуметтік базасы қалыптасқан жағдайда ғана  ұлттық сананың дамығанына куә болар едік. Осындай басым бағыттар іске қосылған кезде біз әлемнің ең озық отыз еліне  ұлттық мемлекет ретінде бара аламыз.

 

Александр  ДУМЛЕР,

Атырау  облыстық  мәслихатының  депутаты: 

Билік орындарында баланс орнады

– Конституциялық реформалардың маңызы тым тереңде жатыр. Ең алдымен, өзгерістер аймақтардың әлеуметтік, экономикалық дамуына оң әсер етеді. Саяси жаңару – өңірлердің өкілеттілігін қайта қарап, билікте баланс орнатуға да ықпал етуі керек. Мәселен, бұған дейін «Жергілікті өзін-өзі басқару» заңының әсіресе, селолық, кенттік округ әкімдерінің құзыретін белгілі бір деңгейде шектеп келгенін ескерсек, келесі қадам осы мәселенің оң шешімін табуына арналса дейміз. Яғни, мәслихаттардың құзыретін кеңейтіп, облыстық, қалалық, аудандық, селолық деңгейдегі атқарушы биліктің де өкілеттілігін күшейтетін кез келді. Билік орталықтан аймаққа қарай берілетін болса, бюджетті неғұрлым тиімді жоспарлауға жол ашылар еді.

– Парламенттің шын мәнісінде екінші тынысы  ашылып отыр. Үкіметті қалыптастыру, Үкіметті тарату сияқты қадамдардың Парламент құзыретіне берілуінің өзі үлкен жауапкершілік деген сөз. Сот билігіндегі өзгерістер де құқықтық институтты жаңа деңгейге көтереді. Бір сөзбен айтқанда, саяси реформалар еліміздің біртұтастығын сақтау, халық билігін арттыру жолында жұмыс істей беретін болады. Жаңа реформалар үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басқан елімізге неғұрлым жедел қарқынмен дамуға мүмкіндік береді. Еуроодақ елдері, Еуропарламент, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы да Қазақстандағы реформаларды оң бағалап жатқандығын атап өткім келеді.

 

  • Тақырыпқа тұздық

 

Дархан  ҚАЛЕТАЕВ,

Парламент  Сенатының  депутаты:

Саясат  сахнасындағы үлкен  реформа

 Бұл қадам – жаңа бастамаға апарар жол, саясат саласындағы үлкен реформаның бастауы. Әлемде жағдай өзгерді.  Президенттің рөлі артқан басқа да елдерде  конституцияларды өзгертуге дайындық басталып кетті. Бұл – еліміздегі саяси өзгерістің зор бастамасы.

Конституцияның жаңа редакциясында бірқатар жаңашылдыққа басымдық берілген. Мәселен, Парламент рөлінің көтерілуі, Мемлекет басшысының бірқатар өкілеттіліктерінің Үкіметке тапсырылуы, сот жүйесі мен прокуратураның конституциялық негізінің нақтылануы, жергілікті басқарушы органдар мен өзін-өзі басқару қызметтерінің құқықтық негіздерінің жетілуі, конституциялық құрылым негіздерін қорғау тетіктерін нығайтуы туралы осыны айтар едім.

 

 

Серік АҚЫЛБАЙ,

Парламент Сенатының депутаты:

Бұл – табиғи эволюция

– Бұдан әрі бәсекеге қабілетті  мемлекет болуы үшін не істеуіміз керек? 25 жыл ішіндегі Тәуелсіздіктің барлық жетістіктерін қалай сақтауға болады? Мемлекетті басқарудың тиімділігін қалай жақсартуымыз керек?  Осы сауалдар өзекті және нақты жауаптарды қажет етеді.  Айтылған сауалдарға жауап ретінде елдің саяси өміріндегі жаңа бағыттарды білдіретін нысан – конституциялық реформа. Қоғамдық сананың өзгеруіне әсер ететін стратегиялық ойлау қабілеті зор саясаткер болғандықтан, Елбасы Қазақстанда демократия негіздерін одан әрі нығайту мақсатында Парламент пен Үкіметтің рөлін  айтарлықтай арттыруды ұсынып, өзгерістер заңмен бекітілді. Еліміздің экономикалық  қомақты өсімі мен дамуы тұрғысынан бұл қадам табиғи эволюция болып табылады.

P.S. Конституцияға сәйкес, Президент жоғарғы мемлекеттік биліктің негізі болып қала береді. Ата Заңды қорғау саласы, билік тармақтары арасындағы қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік, елдің сыртқы, әрі ішкі саясаты сынды стратегиялық міндеттер Президенттің құзыретінде қалады.  Мемлекет басшысы төбе би ретінде билік тармақтарының қызметін бақылап, бағалайтын болады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз