«МҰНАЙЛЫ МЕКЕННІҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ»
Жалғансайдың картобы шетелдіктерді қызықтырады
Мұнайлы мекеннің мүмкіндігі молдығын, ішкі резервтерді оңтайлы пайдалануға жағдай жасалып жатқандығын Республикалық ақпараттық топ жетекшісі, Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин де атап өтті.
— Алыста жүрсек те, — деді ол, — жүрегіміз туған жерімізбен бірге соғады. Осындағы әр жақсылыққа қуанып жатамыз. Атырау-Индер тас жолының Бұқар бетіне күрделі жөндеу басталғанда облыс әкіміне құттықтап қоңырау шалдым. Бұл – өте қажетті шара. Енді Махамбет ауданының бау-бақша дақылдары мен көкөнісі қалаға ағылатын болады. Сіздер білесіздер ме, Жалғансайдың картобын шетелдіктердің өздері жоғары бағалайды. Мен қызмет бабымен түрлі мемлекеттер компанияларының жетекшілерімен жүздескенде осындай пікір естідім. Демек, аймақ басшылығының өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында алып жатқан шаралары құптарлық.
Жалпы, ел бойынша ең ірі үш кен орны бар. Олар: Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған. Солардың бәрінде де «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы арқылы мемлекеттің үлесі бар. Ал, осы кеніштердің екеуі Атырау облысында орналасқан. Бұл да мұнайлы мекеннің мүмкіндігі молдығын көрсетеді. Өйткені, ел экономикасы әлі де көмірсутегі шикізатына байланысты. Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстан өткен жылдың қорытындысымен дәлелденген мұнай және газ конденсаты қоры бойынша дүние жүзінде 12-ші орынды иеленді. Ал, табиғи газ қоры жөнінен 22-ші орынға шықты. «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы әлемдегі ең көп мұнай өндіретін елу компанияның қатарына кірді. Таяудағы мақсат – алғашқы отыздықтан табылу. Теңіз кенішіндегі Кеңейту жобасы мәреге жеткенде және Қашаған өнімі толық қуатында алынғанда бұл межеге де қол жеткізіледі.
Әйтсе де, мақсат тек өнім өндіруде ме? «Қара алтын» құны әлемдік нарықта әркез құбылып тұрады. Дүниежүзілік додада саяси ахуалдың өзгеруіне орай мұнай бағасы да бірде шарықтап көкке көтерілсе, бірде құлдырап төмен түседі. Қазір көмірсутегі шикізаты одан әрі арзандауда. Бүгінгі жағдай ұзаққа созыла ма, әлде қысқа қайырыла ма – мәселе онда емес. Осы сын сағатында халықты қажытпай, қиындықтан қалай алып шығуға болады? Біраз жылдан бері бақуатты тірлікке бойы үйреніп, молшылыққа кенелген жұрт кейбір уақытша шектеулерді қалай қабылдайды? Міне, Республикалық ақпараттық топтардың еліміздің әр өңіріне шығып, соны халыққа ұғындырып жатқаны да сондықтан. Әрине, жұртшылықтың мұң-мұқтажына да құлақ түре жүреді.
Жалпы, Елбасы о баста айтқанындай, тек шикізатқа ғана иек артқан мемлекет қуатты саналмайды. Өйткені, сол шикізатқа жасалған дайын өнім өзіңе оралады. Әрине, қымбат бағасына сатылады. Сонда біз өз шикізатымыз арқылы басқалардың кәсіпорындарына қызмет тауып беріп отырмыз. Оның үстіне, биыл жаздағы бензин тапшылығы да – өзіміздегі өңдеу саласының ақсауынан. Сондықтан, республикадағы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасының қолға алынуы – жанармайға деген сұранысты толық өтеуге жасалған нақты қадам.
Әсіресе, республикадағы осы бағыттағы ең көне кәсіпорын саналатын Атырау мұнай өңдеу зауытына үлкен үміт артылып отыр. Мұнда Елбасы Жолдауында айтылған қос жоба жүзеге асырылып жатыр. Үстіміздегі жылдың соңына дейін хош иісті көмірсутегін шығару цехы қатарға қосылады. Рас, оның жобалық қуатына шығуы алдағы жылы күтілуде. Әйтсе де, түрлі себептермен мерзімінен кешіккен жобаның ақыры мәреге жетуінің өзі – қуанышты жай. Ал, шикі мұнайды тереңдете өңдеу жобасы арғы жылы пайдалануға берілмек. Сонда жоғары октанды бензинді сырттан тасымалдау мұқтаждығы мүлдем жойылады. Баға да тұрақталады.
Жалпы, мамандардың пікірінше, мұнай-газ саласы – еліміздің экономикалық дамуында негізгі бағыт. Солай болып та қала бермек. Ұлттық қорға құйылатын қомақты қаржының да 95 пайызы көмірсутегі шикізатын экспорттаудан түскен табыстан тұрады. Осы орайда Атыраудың үлесі 1,3 трлн. теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің алдағы уақытта арта түсері де кәміл.
Елбасы Жолдауында республикада арнайы экономикалық аймақтарды дамыту баса айтылды. Яғни, оларды барлық инфрақұрылыммен қамту қажет. Электр энергиясы жеткізілмеген, ауыз су мен байланыс желілері тартылмаған, жол төселмеген жерге кім инвестиция салады? Кім кәсіпорнын орналастырады? Жасыратыны жоқ, Атыраудағы ұлттық мұнай-химия аймағының толыққанды жұмыс жасай алмай отырғандығының да бір себебі – осы. Демек, республикалық бюджеттен бұл бағытта бөлінер қомақты қаржының бір бөлігі мұнайлы мекенге тиесілі.
Еліміздің батысында өзге өңірлермен салыстырғанда энергетикалық қуаттар жеткілікті. Республиканың бірқатар облыстарында ауыз су мен электр энергиясының және табиғи газдың тапшылығы сезіліп отыр, ал бізде олар баршылық. Жалпы, Ұзақбай Сүлейменұлының айтуынша, алдағы уақытта Батыс Қазақстан энергетикалық жүйесі орталықпен байланыстырылады. Демек, бұл өзгеріс Атырауды да қамтиды.
Жалпы, бұл бағытта облыста біраз іс тындырылды. Аймақтағы 174 елді мекеннің 127-сі газдандырылды. Сөйтіп, өңір 92 пайыздық көрсеткішпен республикада алдыңғы орынға шықты. Жергілікті атқарушы билік алдағы уақытта басқа ауылдарды да қамтымақ.
Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин Елордадан басталып, республиканың барлық аймағына тарайтын жолдардың маңызына да тоқталды. Атырау – Еуропа мен Азияның бел ортасында орналасқан қала. Сондықтан, Астанадан Ақтөбеге, одан Атырауға, ақыры Астраханға беттейтін жолдың халықаралық маңызы зор. Мұнайлы мекен – Қазақстан мен Ресейді жалғастыратын сенімді көпір. Екі ел басшыларының қатысуымен биыл ХІ аймақаралық экономикалық форумның Атырауда өтуі де сондықтан.
Жұртшылықпен жүздесуге келген Республикалық ақпараттық топ мүшесі, Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым еліміздің қолданыстағы заңдылықтарына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты.
Жұмекен мен Фаризаға ескерткіш орнатылады
Жұмыскерліктер кездесуге Атырау облысы мен қаласының басшылары қатысып отырғандығын пайдаланып, кейбір мәселелерді көтеріп, сауалдарын да жолдады.
Мәселен, он алты мың тұрғыны бар Жұмыскер елді мекенінде жаңа емхана тұрғызыла ма? Мәдениет үйі салына ма? Исатай Тайманов пен Ғани Мұратбаев мектептері алдына осы тұлғалардың ескерткіштерін орнатуға бола ма? Исатай батырдың 225 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтіле ме? Атырау-Астрахан тас жолының құрылысы қашан бітеді?
Жиналғандардың сауалдарына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жауап берді. Жұмыскер елді мекенінде 250 келушіге арналған емхана салу құжаттары дайын. Жер телімі де бөлінген. Енді республикалық бюджеттен қаражат сұралмақ. Егер ол орталықтан бөлінбесе, онда ішкі мүмкіндіктер қарастырылмақ. Екі жүз орындық мәдениет үйінің де құжаты дайын. Келесі жылы құрылысы басталады. Атырау-Астрахан тас жолын жаңғыртудың бұрынғы жобалау-сметалық құжаты ескірді, қазіргі күн талабына жауап бермейді. Демек, жаңасын жасақтау қажет. Бұл жоба Елбасы Жолдауында арнайы айтылғандықтан, мұнымен тиісті министрліктер де шұғылдануда. Әйтсе де, облыс басшылығы жолдың Астрахан беттен бастап салынғанын қалайды.
— Облыс орталығында, — деді аймақ басшысы, — Исатай-Махамбет алаңы бар. Сонда қос батырға лайықты ескерткіш қойылған. Ал, мектепте мұражай ұйымдастыруға болады ғой. Енді Исатай батырдың туғанына 225 жыл толуын республикалық деңгейде атап өтуді арнайы комиссия шешеді.
Ал, мен сіздерге жағымды жаңалығымды жеткізгелі отырмын. Әлі ешкімге айтқан да жоқ едім. Облыстық мәслихат депутаттарымен ақылдасып, Атырау қаласында айтулы ақындарымыз Жұмекен Нәжімеденов пен Фариза Оңғарсыноваға ескерткіш орнатпақпыз. Біртуар тұлғаларымызды осылай дәріптемекпіз.
Одан әрі Бақтықожа Салахатдинұлы ауыл шаруашылығын сауықтыруға бағытталған шараларға тоқталды. Бұл жөнінде газеттерде жазылып, теледидарда көрсетілгенімен, тағы бір айтқанның артығы жоқ. Алдымен биыл егістік көлемі бірнеше есе артты. Соның нәтижесінде, өнім де мол жиналды. Бүгінде қоймаларда сақтаулы бау-бақша дақылдары мен көкөніс керек кезінде сауда орындарына шығарылады.
Аймақ басшысы жұмыс керліктермен жүздесу алдында Атырауда тағы бір құс фермасы ашылғандығын айтты. Бұған дейін Құлсарыдағы құс фермасы өңір халқының жұмыртқаға деген сұранысын 13 пайызға қамтамасыз етіп келген-ді. Енді жаңа нысан толық қуатында жұмыс жасағанда қажеттілік 63 пайыз қамтылмақ. Алда осындай тағы бір құрылымды қатарға қосу жоспары бар. Егер бұрын осы өнім Ресейден тасымалданып келсе, таяу уақытта өз сұранысымызды өзіміз толық қанағаттандырамыз. Сонымен қатар, жылдық қуаты 2600 тонналық құс етін даярлайтын цех салынуда. Алдыңғы жылдың соңына қарай бұл өніммен де өзімізді толық қамтуға мүмкіндік бар.
Үстіміздегі жылдың ерекше жаңалығы – ешкі сүтін кәдеге жарату. Аймақ басшысының айтуынша, мұндай ауыл шаруашылығы құрылымы өзге облыстарда жоқ. Белгілі кәсіпкер Владимир Розметов қолға алған жоба толық қуатында жұмыс жасағанда ешкі сүтінен 24 түрлі өнім дайындауға болады.
Жүн өңдеу цехы салынуда. Одан да үлкен үміт күтілуде. Бастапқыда 100 тонна түйе және 300 тонна қой жүні өңделеді. Арнаулы технология бойынша жуылады, кептіріледі және тазаланады. Кейін одан киім тігіледі. Бұл кәсіп Моңғолияда жақсы дамыған. Жазда облыс әкімінің тапсырмасымен атыраулық кәсіпкерлердің бір тобы сол елге барып, тәжірибе жинақтады.
Қос құрылыс комбинаты қатарға қосылды. Бұрын шегеге дейін сырттан тасысақ, енді біраз материал өзімізден шығады. Ол, сайып келгенде, тұрғын үй бағасының арзандауына септігін тигізеді.
Асыл тұқымды сиыр фермасы да – өңірдің оңды жаңалығы. «1 мамыр» шаруашылығында қолға алынған жоба осы өнімге деген сұранысты қанағаттандыруда. Бүгінде сиыр сүті мен оның өнімдері балалар үйі мен ауруханаларға жеткізілуде, сауда орындарына шығарылуда. Әрқайсысы 40 литрден сүт беретін сиырлардың мүмкіндігі, расында да, ғажап емес пе?
Атырау-Индер тас жолының Азия бетінің күрделі жөндеуден өтуі де – көпшілік көңілінен шыққан шара. Аймақ басшысының айтуынша, осы жолдың бойында 50 мыңдай тұрғынымен 18 елді мекен бар. Солардың бәрі дерлік егіншілікпен шұғылданады. Демек, ертең солардың өнімі Атырауға ағылады. Міне, халықты жергілікті өніммен қамтудың нақты көрінісі.
Өңірдегі 11 апатты мектептің биыл алтауы қалпына келтірілді, бесеуі келесі жылы жөнделмек.
— Өздеріңіз білесіздер, — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөзін сабақтап, — бұрын жер телімдерін кез келген орыннан берген. Ешқандай инфрақұрылым жоқ. Артынан Астанаға дейін арыз кетеді. «Тұрып жатқаныма үш жыл болды, бірақ жарық жоқ, су жүрмейді, газ тартылмаған, жол салынбаған» деген секілді шағымдар көбейді. Содан барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етпей жер телімдерін беруге уақытша тыйым салдық. Қазір бір орын дайындалды. Келесі жылдан бастап жер телімдері кезегімен беріледі.
Мемлекет басшысы қандай қиындықтар кездессе де, кәсіпкерлікті қолдап отыр. Жеңілдікпен беріліп жатқан несиелер бар. Соны пайдалануды үнемі айтып келеміз. Насихаттаудан кенде емеспіз. Әйтсе де, әлі кемшілік көп. Осы ауылдың өзінде кәсіпкерлік нысандарын қатарға қосуға қаншама мүмкіндік бар. Мәселен, шағын тігін цехын ашуға болады ғой. Көрпе-жастық тігіп, таратса ше? Қызылқоға ауданында бір кәсіпкер әйел осы шаруаны дөңгелетіп отыр.
Бізде газ арзан, электрэнергиясы жеткілікті, су да бар. Ендеше, жылыжай неге салмаймыз? Көкөніс сақтайтын шағын қойма тұрғызса ше? Шаштараз, киім тазалайтын цех ашуға болмай ма? Сол үшін тұрғындар қалаға шұбырады. Соған қосымша жер телімі де керек емес. Әркімге өз ауласында-ақ жасауға болады. Бәріміз саудамен шұғылдансақ, өнімді кім шығарады? Соны ойлайық, ағайын. Өзімізді өзіміз қамтуға ұмтылайық. Алдымыздағы 2015 жылғы 18 ақпанда менің есеп беру жиналысым болады. Соған нақты ұсыныстар дайындаңыздар, бәрі қолдау табады.
Жұмыскерліктермен жүздесу осылай мәнді өтті. Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді әбден саралаған тұрғындар ортақ мақсатқа жұмылуға серттесті.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.