МӘҢГІЛІК ЕЛ ИДЕЯСЫ

ұлтты ұйыстыратын ұлы мұрат

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын биылғы халыққа Жолдауында Мәңгілік Ел идеясы болашақ дамуымыздың нақты бағдары ретінде көрініс тапты. «Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық» деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. Айтса айтқандай-ақ, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», одан бұрынғы-кейінгі нәубеттерді басынан кешірген халқымыздың бүгінде бағы жанды. Егемендігімізді алып, ашық аспан астында алаңсыз ғұмыр кешу бақыты бұйырды. Жүз отыздан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бас қосқан қазақ жерінде сәні мен салтанаты жарасқан, әлеуеті өрлеген тәуелсіз мемлекет қалыптасты. Бұл – сөз жоқ, Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі.

Бұдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын әлем картасында аты ғана болғанымен, былайғы ел көп біле де бермейтін Қазақстан бүгінде дүбірлі дүние жүзін өзіне қаратты. Ерекше серпінмен өріс алған индустриялық-инновациялық іргелі жетістіктер елімізді жарқын белестерге бастап барады. «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын… Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді өзіміз үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек» деп атап айтты Нұрсұлтан Әбішұлы. 

Шынында да, Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуден өзге ұлы мұрат болмақ емес. Мәңгілік Ел идеясының халқымыз үшін айрықша мән-маңызы да осында.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз