ҚУАТ КӨЗІ КҮН СӘУЛЕСІНЕН АЛЫНБАҚ

«Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы Атырау коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз конференциясында атыраулық кәсіпорындар мен мекеме өкілдері Президент жариялаған 5 реформа мен оған жеткізер жүз қадам бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.

Атырау кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жакиев арнайы ұйымдастырылған байқау арқылы биыл жыл бойы кәсіпкерлерді тегін сервистік қызметпен қамтамасыз ететін мекемелер таңдалғанын жеткізді.

– Бүгінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша құрылған Әлия Бекқожиева бастаған кеңес жұмыс жасайды. Биылдан бастап палата «Алтын сапа» байқауын ұйымдастыруды қолға алды. Екінші жартыжылдықта облыс орталығында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылмақ. Шетелдік инвесторларды тарту жұмысы да қарқынды жүруде. Алдағы күзде Франциядан іскер топ келіп, байланыс орнатпақ, – деді ол.

«Экопротек-Құлсары» мекемесінің жетекшісі Асқар Секербаев 2016 жылдың мамыр айында құны 25 мың АҚШ доллары болатын электр энергиясын өндіретін орталық ашылатынын айтты. Күннен қуат алатын электр станциясын қондыруға Құлсары қаласынан 20 гектар жер аумағы бөлінген, қазір сметалық құжаттар әзірленуде. Жобаның барлық шығынын еуропалық консорциумдар көтермек.

Ал, «ЖігерМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Александр Яковлев  тереңдігі 7 мың метрге дейін жететін мұнай ұңғымаларын бұрғылауға арналған қондырғыларды  шығарумен айналыса бастағандарын жеткізді. Сонымен бірге, жыл соңына дейін кәсіпорын 15 млн. АҚШ долларына толық  модернизациядан өтпек.

Кәсіпорын терең мұнай ұңғымаларын бұрғылауға арналған қондырғыларды шығарып, жазық, төте және жылжымалы бағыттағы ұңғымаларды инженерлік-техникалық қызметпен қамтамасыз етуді қолға алған. Үстіміздегі жылдың сәуір айында тапсырыс беруші «Қазмұнайгаз-Бұрғылау» мекемесіне Қазақстанда тұңғыш рет құрылған  терең мұнай және газ ұңғымасын бұрғылауға арналған АРІ стандартының талаптарына толық жауап беретін жүк көтергіштігі 650 тонна (тәулігіне 2500 л) бұрғылау қондырғысы пайдалануға берілді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз