«Көпшіліктің көкейіндегісін ашық айтып келеміз»-Мұса Хайруллиев

musa h Саясат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған реформаларының басты мақсаты – Қазақстан халқының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартып, әлеуметтік теңдікті орнатуға бағытталған. Ал, алға қойылған мақсат-міндеттердің орындалуын назарға алып, өңірлердегі халықтың қамы мен елдің мүддесін қорғауда мәслихат та ең ықпалды күш.

Жергілікті өкілді орган әкімшілік-аумақтық мекемелердің қызметтерін қадағалап, жұмыстың атқарылуын тікелей бақылайды. Мемлекеттік мүддені ескере отырып қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын да белгілейді.

Осылайша, облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына айрықша үлес қоса алатын депутаттық корпус сапалы әрі белсенді болуы тиіс. VIII шақырылған Атырау облыстық мәслихаты депутаттарының бүгінге дейін атқарған жұмыс нәтижелері, өңір үшін өзекті мәселелерді халық қалаулыларының көтере білуі Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиевпен сұхбаттың негізгі өзегі болды.

Белсенділік маңызды

– Мұса Қарашаұлы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында елдегі сайлау жүйесін өзгерту тапсырмасына сәйкес көпшіліктің мүддесін білдіретін облыстық деңгейдегі өкілді органның жаңа құрамының тең жартысы мажоритарлық жүйемен, яғни халықтың тікелей дауыс беруімен сайланды. Осы тәртіп бойынша жасақталған құрам жөнінде толығырақ білсек…

– VІІI шақырылған Атырау облыстық мәслихатына биылғы 19 наурызда өткен жергілікті мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындысы бойынша 30 мандаттан тұратын корпустың 15 мүшесі саяси партиялардың партиялық тізімі бойынша, қалғаны бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланды. Оның 21-і «АMANAT» партиясынан, 4-еуі «Ақ жол» ҚДП-нан, 2-еуі «Ауыл» СДП-нан, «Байтақ» және «Respublica» партияларынан біреуден. Депутаттар корпусының 77 пайызын (23 депутат) ерлер, 23 пайызын (7) әйелдер құрайды.

Мәслихаттың VІІІ шақырылымындағы құрамның 56 пайызы өткен шақырылымдағы облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың мүшелері, тек 13 адам жаңадан сайланған.

– Мәслихат жұмысының маңызды бөлігі – оның тұрақты комиссиялары. Облыстың тыныс-тіршілігіне қатысты маңызды мәселелер алдымен осы құрылымдарда жан-жақты талқыланады ғой…

– Иә, сауалыңыз өте орынды. Мәслихаттың тұрақты комиссияларының жұмысы қашан да ықпалды, пәрменді болуы керек. VIІІ шақырылған Атырау облыстық мәслихатының қазір бес тұрақты комиссиясы жұмыс істейді. Бюджет, қаржы, экономика және өңірлік даму, Экология және табиғатты пайдалану, Әлеуметтік және мәдени даму, Заңдылықты сақтау, депутаттық этика, құқық қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялар бар.

Осы шақырылымдағы бір өзгешелік – Аграрлық сала, жер пайдалану және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы жаңадан құрылды.

Комиссия төрағаларының барлығы да бұған дейін сол саланың мәселелерін көтеріп жүрген, әрбір бағыттың жұмысын жетік білетін депутаттар.

– Бұған дейін өткізілген сессиялардың нәтижесі қандай?

– Жыл басынан бері облыстық мәслихаттың бес сессиясы өтті. Оның екеуі кезекті, үшеуі кезектен тыс өтіп, қоғамдық қатынастардың әртүрлі саласын реттейтін, ұйымдастырушылық-қаржылық қамтамасыз ету шараларын белгілейтін 59 шешім, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты 7 нормативтік-құқықтық акт қабылданды.

Сессия мәжілістері халыққа «Aitube» платформасы арқылы онлайн форматта тікелей эфирде көрсетілді. Заң талаптарына сәйкес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты қабылданған шешімдер Қоғамдық кеңестің оң қорытындысы және тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, қабылданып отыр.

Жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен бюджет екі рет нақтыланды. Бекітілген қаржы көлемі – 559,1 миллиард теңге, нақтыланған қаржы – 665,8 миллиард теңге.

– Көп партиялы жүйеде депутаттар қоғамдық қабылдауды қалай өткізеді?

– Мәслихат депутаттары биыл қоғамдық қабылдауды «АMANAT» партиясы филиалының жанынан өткізіп келеді. Қабылдауға келгендер тұрғын үй, жаяу жүргіншілер жолы, көше жарығын қосу сияқты өзекті мәселелерді көтеріп отыр.

Депутаттар қайырымдылық шараларынан да тыс қалмай, түрлі акциялар аясында және жеке қабылдауы барысында кейбір мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп келеді. Жалпы қай партиядан сайланған депутат болса да белсенділігі жоғары. Облыстық мәслихаттың атқарып отырған жұмысы мен сайлаушылармен қарым-қатынасы депутаттардың әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында, облыстық «Atyraý» және «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газеттерінде тұрақты жарияланып келеді.

Мәслихаттың қызметі үшін GOV.KZ ресми сайты мен әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашылған. Депутаттар атқарған жұмыстары туралы жеке парақшаларында белсенді бөлісіп отырады.

Заманауи әуежай. Көтерме ақы…

– Депутат – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Бүгінгі қоғамда орын алып жатқан өзекті мәселелерді тұрақты комиссияларда жан-жақты талқылап, мәселені оңтайлы шешуге жұмыстанған абзал. Осы бағытта атқарылған нәтижелі жұмыстар бар ма?

– Облыстық мәслихат депутаттарының бастамасымен бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың өңірдегі орындалысы сессияның күн тәртібіне шығарылды. Тұрақты комиссия мәжілісінде көптеген мәселе зерделеніп, сессияға ұсынылды. Атап айтсақ, Әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия жергілікті әлеуметтік ахуалды тұрақтандыру, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту салаларындағы маңызды проблемаларды анықтап шешу жолдарын қарастырып келеді.

Атырау қаласынан заманға лайық әуежай терминалы, халықаралық стадион, ұлттық спорт түрін дамыту, атшабар құрылысын бастау үшін қаржы бөлу жөнінде республика Парламентіне ұсыныстар жолданып, олардың республикалық бюджеттен қаржы қарастырылуына байланысты шешілетіні туралы жауап алып отырмыз.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің ұжымдық арызын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарына жолдап, олардың қолдауының нәтижесінде орталық қызметкерлерінің еңбекақысын 50 пайызға дейін өсіруге қол жеткіздік.

Құрамында кәсіпкерлік, денсаулық және білім беру саласының мамандары бар арнайы депутаттық топ Қылмыстық атқару жүйесі жергілікті департаментіне қарасты түзету мекемелерін аралап, ерлер және әйелдер колонияларындағы емдеу, білім беру мекемелері және жұмыс орындарының жай-күйімен танысты. Топ құрамындағы мамандар жазасын өтеушілерге ақпараттық жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ мәслихат сессиясында осы мекемелердегі емдеу орындарына бөлінген 42 миллион теңгеге атқарылатын жұмыстарды қарап шықты.

Шетелде тіркелген автокөлік иелерінің биыл қыркүйектен кейін келген көліктерді тіркеу, сақтандыру полисінің мерзімін ұзарту, 2013 жылға дейін шығарылған көліктерді тіркеу төлемдерін азайту туралы шағымдары бойынша да бірнеше рет наразы топпен кездесу өткізіліп, түсіндірме жүргізілді. Парламент Сенатының депутаты Сағындық Лұқпанов және мемлекеттік кірістер, ішкі істер органдары, жауапты мемлекеттік органдар басшылары наразы топпен кездесу өткізді. Бірақ мәселе әзірге толық шешілген жоқ, орталық мемлекеттік органдардың қарауында.

Медицина саласының ауылдарға жұмысқа жіберілген жас мамандарына осы кезге дейін әлеуметтік қолдау қаржысы небары 1 миллион теңге болса, біздің араласуымызбен 5 миллион теңгеге дейін өсірілді.

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес, әлеуметтік желіде қоғамдық пікір туғызып отырған мәселелерге дер кезінде араласу процесі жөнінде білсек…

– Бұл мәселе де депутаттардың назарынан тыс қалмайды. Соңғы уақытта Құрманғазы аудандық білім бөлімі және осы аудандағы білім беру мекемелеріне қатысты әлеуметтік желіде жарияланған түрлі пікірлер облыстық мәслихаттың Әлеуметтік және мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілісінде талқыланып, сессияның күн тәртібіне шығарған едік.

Кезектен тыс V сессияда Құрманғазы аудандық білім бөлімі, сол аудандағы Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернаты мен жалпы білім беретін кешкі орта мектеп Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының 2023 жылға арналған мемлекеттік аудит нысандарының тізбесіне мәслихаттың шешімімен енгізілді. Проблема бақылауда тұр.

Жүк көліктері – басты назарда

– Тұрақты комиссия мәжілістерінде «Атырау–Индер» облысаралық тасжолының жай-күйі туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Бүгінде бұл проблема қалай шешімін табуда?

– Заңдылықты сақтау, депутаттық этика, құқық қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мәжілістерінде «Атырау–Индер» облысаралық тасжолының жай-күйі, облыста мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабының қызметі, экология саласындағы құқық бұзушылық профилактикасы, еңбек инспекциясының қызметі мен жұмысшылардың құқықтарын қорғау бойынша қабылданған шаралар туралы мәселелер қаралды. Әсіресе, «Атырау–Индер» облысаралық тасжолының жай-күйі туралы Индер ауданындағы Жарсуат, Бөдене ауылдары тұрғындарының ұжымдық арызын облыстық мәслихат депутаттары зерделеді.

Шынында, аудандағы табиғи кеніштерден шектен тыс тиелген құм, қиыршық тас, басқа да құрылыс материалдарын тиеген ауыр жүк көліктері тасжолды тез тоздырған. Бұған қатысты тәртіп бұзған жүк тасушыларды анықтау үшін облыстық мәслихаттың депутаты құзырлы мемлекеттік органдармен бірге бірнеше рет рейд ұйымдастырды, өзім де арнайы қатыстым.

Соның нәтижесінде облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүк көліктерінің бұл жолдарда тек белгіленген уақытта жүруін, тиісті жүк құжаттарын кеніштерден берілуін кен пайдаланушымен арадағы келісім-шартта көрсете отырып, бақылауды ұйымдастыру және кен орындарын сенімгерлікке алған тұлғалардың лицензияларын қайта қарау ұсынылды.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан тұрақты комиссияның қаулысына сәйкес, жер қойнауын пайдаланушыларға тиісті тапсырмалар берілген. Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Кодексінің талаптарына сәйкес, жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттар құзыретті орган – республика Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітетін типтік үлгіде жасақталуы және оған міндеттеме енгізу үшін типтік үлгідегі келісім-шартқа өзгерістер енгізу туралы жолданған ұсынымдар қаралып жатыр.

– Бюджет қаржысын тиімді игеру мәселесі де өзекті…

– Әрине, бюджет қаржысының мақсатты жұмсалып, игерілуі қашан да маңызды. Мәселе үнемі Бюджет, қаржы, экономика және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның күн тәртібінен түспейді. Мемлекеттік кірістер департаментінің бюджетке салықтық түсімдердің түсуі және салық базаларын кеңейту, облыс бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді жетілдіру және сараптау қызметінің тиімділігін арттырудағы «Мемлекеттік сараптама» РМК Батыс өңірі бойынша филиалының Атырау облысы бойынша жұмысы, облыс бойынша электр энергиясымен тұрақты қамтудың жайы талқыланды.

Комиссия мүшелерінің бөлінген қаржыны уақытында игермегендіктен бюджет қаражатын қысқартуға жол берген бюджеттік бағдарлама әкімгерлеріне шара алу, қаржы бақылау органдарының аудандарда көшпелі мәжілістерін өткізу жөніндегі ұсыныстары қабылданды.

– Атырау үшін – экология тақырыбы бірінші орында. Ал, облыста ауа сапасын жақсарту мақсатында қандай іс-шаралар қолға алынуда?

– Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшелері Атырау қаласында қамыс өртінің алдын алу, қажетті материалдық-техникалық жарақтандыру, облыс аумағында өндірілген экологиялық айыппұлдарды жергілікті бюджетке қалдыру, облыс бюджетінен алып қоюды қысқарту, Жайық-Каспий каналын қазу жұмыстарын жеделдету, NCOC және ТШО компанияларының жергілікті жерге әлеуметтік жобалар көмегін молайту мәселелерін көтерді. Сондай-ақ олар саладағы заң талаптарын өрескел бұзған «KUS», «Мелхи ойл», «СКЭБР» компанияларының қоршаған ортаға залалын анықтау жұмыстарын жүргізіп, зерделеудің нәтижесінде заңсыз әрекеттерге тосқауыл қойылып, қалпына келтіру жұмыстарының жүруіне ықпал етті.

«Теңізшевройл» компаниясы жұмыс берушілерге ауысымдық жұмыс әдісін 14 күнге ауыстыруын міндеттеу, Тасқала елді мекені маңындағы карьерді жабу, «ТШО», NCOC, «Петроэкспорт» компанияларының қоршаған ортаны қорғау жобаларының шикілігіне байланысты қоғамдық тыңдауларды тоқтату, Атырау қаласындағы бұрынғы «Атыраубалық» АҚ-ның орналасқан жер аумағын бұқаралық демалыс орнына айналдыру, қолданыстағы кейбір нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу секілді халықты толғандырып жүрген мәселелер бойынша тұрақты комиссия мүшелері бастамалар көтеріп, депутаттық сауалдарын жолдады.

– Ал, биыл жаңадан құрылған Аграрлық сала, жер пайдалану және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның ерекшелігі қандай?

– Бұл комиссия ауыл шаруашылығы саласына қатысты өзекті мәселелер, кәсіпкерліктің дамуы, салықтық түсімдер, жол-көлік оқиғалары және ауыр жүк тасымалы, «Астрахан–Маңғышлақ» магистралды суағызғысын қайта құру және кеңейту» жобасын іске асыру туралы мәселелер бойынша жұмыс жүргізді.

Әсіресе, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласына қатысты проблемалық мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстарды зерделеу, республикалық маңызы бар тас жолдардағы көлік апаттарының алдын алу, тасжолда шекті мөлшерден артық жүк тасушыларды анықтау, мал ұрлығы фактілері орын алуына байланысты қадағалауды күшейту, такси қызметімен айналысатын кәсіпкерлерге бақылау жүргізу бойынша ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Осы тәріздес өзекті мәселелер мен оны тиімді шешу жолдары туралы тұрақты комиссия төрағасы «Atyraý» телеарнасының тікелей эфирінде де арнайы баяндап өтті.

– Көп партиялы жүйе мемлекеттің дамуында бәсекелестікті арттырып, алға жылжуға оң әсер береді. Ал, бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құруда жастардың да орны өте маңызды. Ендеше, жаңадан қолға алынған Жастар мәслихатының қоғамдағы ролі қандай болмақ?

– Жастардың мемлекеттік процестерге қатысуын қамтамасыз ету, қоғамда белсенді, өзіндік ой-пікірін ашық білдіретін, жастар арасындағы өзекті мәселелерді жеткізетін белсенді жас буынды топтастыру мақсатында алғаш рет 16-35 жас аралығындағы азаматтар арасында Жастар мәслихатын құрып жатырмыз. Қоғамдық негізде жастарды жігерлендіретін жоба боларына сенім кәміл. Қатысуға 80-ге жуық жас ниет білдіріп, 10 студент сайланды, 17-сі өзін-өзі ұсынушы ретінде өтті.

Олар қоғамдағы, әсіресе, жастар арасындағы мәселелерді зерделеп, халық пен билік арасындағы пікірді жеткізу, түйінді мәселені шешуге ықпал ету бағытында жұмыс істейді. Сөйтіп, өңірде жастар қозғалысын дамытуға, бастамаларды қолдап, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, жаңа жобалар мен идеялардың іске асуына септігін тигізіп, бірлесіп үйлесімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Жастар мәслихатына өткендерге жуырда арнайы куәлік пен төсбелгісін тапсырамыз.

Мұның барлығы – Атырау облыстық мәслихатының төрағасы ретінде 8 ай ішінде атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Алда атқарылатын жұмыс көп. Байқасаңыздар, жаңа құраммен жұмыс бастаған корпус көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелерді ашық айтып, жергілікті атқарушы билікке қоғамның талап-тілегін жеткізіп келеді. Облыстық мәслихат депутаттары зерделеу жұмыстарын жүргізумен бірге, әрбір істің атқарылуын бақылауға араласып жатыр. Нәтижесінде тиімді шешімдер қабылдануда.

Тағы бір ерекшелік – арнайы әлеуметтік желідегі ресми парақшаларымызда көрсетілгендей, #халықұсынысы хэштегімен жолдаған тұрғындардың шағым-өтініші мен ұсыныс-пікірі ескерусіз қалмайды. Осы хэштегпен кез келген адам көкейінде жүрген мәселесін бізге жеткізе алады. Азаматтық қоғаммен қашан да тығыз байланыстамыз.

– Сұхбатыңызға бек рахмет. Қолға алынған жұмыстар оң шешімін таба берсін!

Сұхбаттасқан

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз