КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ ҚАДАМ

Елбасының Қазақстан халқына жолдаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы  мемлекеттің алдағы уақытта даму бағыттарын нақты айқындап берді. Мемлекет басшысы «Мәңгілік ел» идеясын басты бағдар етіп, тәуелсіздіктің даму даңғылын «Нұрлы Жолға» айналдыру мәселесін алға қойды.

Ұлт көшбасшысының сындарлы да, сарабдал саясатының басты мақсаты – «Мәңгілік Елдің» мәртебесін арттыру. «Нұрлы  Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының тамыры тым тереңде. Тарих тармақтарында алтынмен апталған Тоныкөк жырындағы «Түркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деген өсиет бүгінгі күнге бағыт іспеттес. Елбасымыздың нұрлы келешекке қарышты қадам жасауы сан ғасырлық тарихы бар мәңгілік, кемел ел болуымыздың кілті десек те болады.

Парасатты басшының пайымды Жолдауынан халықтың әл-ауқатын жақсартуға деген леп айқын сезіледі. Білім саласына қатысты  «үш жылдық бюджетте қарастырылған қаржы проблеманы шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын» деуі  – көрегендіктің белгісі. Тек экономикаға ғана емес, білім саласына да айтарлықтай қолдау көрсетіп отырғаны көңілге қуаныш ұялатты.

Жетекші партияның «Нұрбастау» бастауыш ұйымының жиналысында Елбасының  сындарлы саясатының терең мәніне үңіле отырып, қызу талқыладық. Мәні тереңде жатқан, елді дағдарыс жағдайынан алып шығудың жолдарын қарастырған Елбасының бай-қуатты ел болуға бастаған Жолдауы жүректерге үлкен сенім мен серпін берді. Жолдаудың әрбір жолынан халықтың әл-ауқаты жағдайына байланысты Президенттің қамқорлығы сезіледі. Партия, ұжым мүшелері Мемлекет басшысының көрегендігіне, экономикалық талантына тәнті болып қана қоймай, халықаралық деңгейдегі қауіп-қатерлердің алдын алу шарасын ұйымдастырып, оларды жаңа мүмкіндіктерге бағыттап отырғанына мәрт көңілмен шаттанды. Осындай қарқын алған жемісті жобалар біздер үшін өмір сүру деңгейімізді жақсарта түсудің бірден-бір кепілі екеніне көз жеткізді.

Елбасының Жолдауы Қазақ Елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашатынына сеніміміз зор.

Нұрлыбек ДАУЫМОВ,

облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз