Жарнама
Саясат

КЕЛІСІМ МЕН НӘТИЖЕ ФОРМУЛАСЫ

Сегіз бөлімнен тұратын стратегия — кәсіп-одақтың жаңа моделін құру арқылы оның қоғамдағы маңызын күшейту, әлеуметтік әріптестікті жетілдіру, жалдамалы жұмысшылардың құқықтары мен мүддесін толықтай қорғауды көздейді.

Бесжылдық стратегия — жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесін 50-60 пайызға дейін көтеру жолымен, еңбек және капитал арасындағы кірістерді әділ бөлуді мақсат етіп отыр. Мамандардың бағалауынша, бұл қадам зейнетақы, жәрдемақы мөлшерін көтеруге, бюджет қызметкерлерінің еңбекақы жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Кәсіподақ мүшелерін тегін заң консультациясы және құқықтық көмектің басқа да түрлерімен қамтамасыз етуге жол ашылады. Бұл — еңбек қатынастары туралы құқықтық актілер дайындау кезінде жұмыс тобына кәсіподақ өкілдері қатысады, ұжымдық шарттар мен келісімдердің орындалмауына жауапкершілік күшейеді деген сөз.

Кәсіподақтар халықтың жұмыспен тиімді қамтылуына ықпал етуді көздеп отыр. «Жаһандық дағдарыс жағдайында, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпорындар мен салалардың кадрлық мүмкіндіктерін сақтау, кәсіптік дайындық және біліктілікті жоғарылату, Қазақстанның интеграциялық үрдістерге, яғни, Еуразиялық экономикалық одақ, Дүние-жүзілік сауда ұйымына белсенді қатысуына, еңбек нарығының жаңаша жағдайларға бейімделуіне ықпал ету маңызды» дейді кәсіподақ өкілдері.

Кәсіподақтар енді еңбекші құқығы үшін ғана емес, табиғатты қорғау мақсатында да жұмыс атқарады. Яғни, қоғамдық ұйым «жасыл жұмыс орындарын» құруға мүдделі. Әдетте, бұл сатыға зиянды өндірістік факторлары жоқ, кәсіби аурулардан ада, қоршаған ортаға теріс әсерін тигізбейтін орындар жатады. «Мұндай орта құру үшін қоғамдық инспекторлардың жұмысын жетілдіру, өндірістік объектілерді аттестаттаудан өткізу, шипажайлық-курорттық емдеу жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруды көздейтін тармақтарды енгізу маңызды» дейді сала мамандары.

Кәсіподақтареңбек дауларының алдын алуға мүдделі. Сол үшін де қоғамдық ұйым — наразылық білдіру ошақтарын уақытылы анықтау және жою мақсатында ереуілдер есебін жүргізу жүйесін жетілдіріп, кәсіпорындар қызметіне мониторинг жасамақ.

Кәсіподақтар жастар күшін пайдалануға мүдделі. «Яғни, біз білімнің сапалы берілуіне ықпал етеміз. Сол арқылы еңбек нарығына «оңай жолдама» беріліп, жастар лайықты жұмыс тауып, көңілдегідей жалақы алатын болады» дейді сала мамандары.

Кәсіподақтар Қазақ елінің әлемнің ең дамыған озық отыз мемлекетінің құрамына енуіне ықпал етуге ынталы. Сол үшін де қоғамдық ұйым — ұлттық және халықаралық кәсіподақтармен ынтымақтастықта жұмыс істей отырып, адам капиталын дамыту, экономиканы жаңғырту, интеграциялық саясатты нәтижелі жүргізуге атсалыспақ.

Сіз не дейсіз?

Cерікқали БИСАҚАЕВ, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жанындағы Еңбекті қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры: 

«Бақылаушы ретіндегі маңыз артты»

Қазіргі жағдайда кәсіп-одақтардың қоғамдық бақылаушы ретіндегі ролін, маңызын арттыруға мүмкіндік берілді. Техникалық инспекторлар институты құрылып, оның құрамы кәсіподақ ұсынған кандидаттардан жасақталады. Осының нәтижесінде кәсіпорындарда еңбекті қорғау және оның қауіпсіздігі жөніндегі өндірістік кеңестер құрылады. Және жұмыс беруші ол кеңестің шешімдерін орындауға заң негізінде міндеттеледі. 

Диас СҰЛТАНОВ, «Атырау облысы кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы: 

«Еңбек дауларының алдын алуға болады»

Жұмыстан қысқартудың заңды, заңсыздығы енді алдын-ала тексеріледі. Мәселен, жұмыс берушілер қысқартылатын мамандар және еңбек жағдайларын өзгерту жөнін-дегі шешімдерді қабылдардан бір ай бұрын, бастауыш кәсіптік одақ ұйымына шешімдердің (бұйрықтардың) жобаларын және олар бойынша негіздемелерін жолдауға міндеттелуде. Осы тетік арқылы жұмысшылар өзінің заңда көзделген құқықтарын пайдаланып, қысқарту процесіне тікелей қатыса алады. Және бұл қадам еңбек дауларының алдын алуға өз септігін тигізеді деп ойлаймын.

P.S. Кәсіподақтардың беделі көтеріледі, тіпті асқақтайды, егер ол қоғамның барлық саласындағы жаңалықтарға тікелей араласатын болса ғана!..

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button