ОБЛЫСТЫҚ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНДА – ЖАҢА БАСШЫ

Бейсенбі күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өкімімен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушысы тағайындалды. Бұл қызметті енді Ермұханов Нұржан Мақсотұлы атқаратын болады. Жаңа басшыны ұжымға облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан таныстырды.

Айта кетсек, Нұржан Мақсотұлының есімі өңірдегі спорт саласының қызметкерлеріне етене таныс. Филолог, инженер-экономист және заңгер мамандықтарын қатар игерген ол еңбек жолын Атырау қаласындағы №27 орта мектепте спорт пәнінің мұғалімі болып бастады. Бұдан кейін Атырау қалалық әкімдігінде, содан соң облыстық әкімдіктегі мұнай-газ кешені басқармасында да еңбек етті. «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ-ның Атыраудағы түрлі құрылымдарында қызмет етті. «Бейбарыс» спорт клубын басқарды.
– Өмірлік, тәжірибесі бар азамат алдағы уақытта осы басқарманы үлкен жетістіктерге жеткізеріне облыс әкімі тарапынан үлкен сенім білдірілуде, – деген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы жаңа басшының жұмысына сәттілік тіледі.
Басқарманың жаңа басшысы Н.Ермұханов лауазымды қызметке сенім білдірген облыс басшыларына алғысын білдіріп, үмітті ақтауға тырысатынын жеткізді.
Бұған дейін екі айға жуық уақыт бойы аталған басқарма басшысының міндетін атқарған Аманжол Сағынғалиевке Ш.Мұқан облыс әкімі атынан Алғыс хат табыс етті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз