Жарнама
Саясат

ҚАЗЫНА ҚАРАЖАТЫ ИГЕРІЛУІМЕН ҚҰНДЫ

Мәлімделгеніндей, ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысында мемлекет қазынасынан қаралған қыруар қаражаттың мерзімді игерілмегендігі ескеріліп, республикалық бюджеттің көлемі жыл басында бекітіліп, белгіленгендегіден 165 млрд. теңгеге дейін қысқартылып, азайтылған. Оны былай қойғанда, уақытымен игеріліп, кәдеге жаратылды, деп есептелініп отырған қаражаттың да нақтыланған есебі толықтай берілмеген болып шықты.
Және бір белгілі болғаны, кейінгі үш жылдың есебімен алғанда, биылғы жылдың соңында бюджет қаржысының игерілмей қалу көрсеткіші 1,8 пайызды құраған. Бір қарағанда мұның өзі әнебір алаңдатарлықтай болып көрінбегеннің өзінде, орташа есеппен алғанда әр жыл сайын 70 млрд. теңге көлемінде игерілмеген. Қаржы министрінің орынбасары бұдан басқа да біраз дерек пен дәйекті алға тартып, бюджет қаражатын көп мөлшерде игермей отырған ведомостволарды да атады. Олардың санатында Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы, Көлік және коммуникация, Мәдениет және ақпарат министрліктері мен өзге де бірқатар республикалық құрылымдар аталды.
Мұның сыртында, бұл мәселеде жекелеген өңірлер бойынша да күрделі жағдайдың қалыптасып отырғандығын да хабарламашы жасырмады. Күні бүгінде елімізде қабылданған мемлекеттік және салалық бағдарламалардың орындалысына бөлінген қазына қаражаты Жамбыл, Маңғыстау, Ақмола облыстары мен Алматы, Астана қалаларында да көп мөлшерде игерілмей қалып отырған көрінеді.
Қазына қаражатына деген жауапсыздық пен салғырттық осылай жалғаса беретін болса, жылдың соңындағы жағдайдың тоғыз айдағыдан да жаман болып кетуі ықтимал екендігін вице-министр мәжіліске қатысушылардың қаперіне берді. Бұған өз кезегінде қаралған қаражат көлемінде жобаланып, жоспарланған жұмыстардың уақтылы әрі сапалы атқарылып, ақшаның толықтай игеріліп отыруына бақылауды жүргізіп, нақты есебін шығаруға тиісті бюджеттік бағдарламалар әкімгерлерінің жауапсыздығы, жүктелген міндеттеріне жеңіл қарауы да септігін тигізгенін меңзеді. Министр алдағы бір ай мерзімде жағдайды түзеудің ықпалды шараларын алуды міндеттеді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button