Жарнама
Саясат

ҚАЗБАЛАР ДА ҚАТАҢ БАҚЫЛАНАДЫ

 

Елімізде жылдың басты құжаты деп танылған Елбасы Жолдауы Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне қарасты «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментінің филиалы болып саналатын Атырау өңірлік геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы ұжымында да жан-жақты талқыланды.

Атырау облысы аумағында көмірсутегі шикізатын барлау және өндіруге арналған келісім-шартқа иегер 41 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Сонымен қатар, кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндірумен айналысатын 19 мекеменің, жер асты суларын бақылау, барлау және өндіру жұмыстарымен айналысатын екі кәсіпорынның жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізуге құқығы бар.

Инспекцияның негізгі атқаратын жұмысына – осы аталған жер қойнауын пайдаланушылардың, жер қойнауын пайдалану операцияларын мемлекеттік заңнамада белгіленген тәртіпке сай, техникалық жоба бойынша дұрыс ұтымды, кешенді жүргізілуін және келісім-шартта Үкімет алдындағы міндеттемелерінің орындалуын өз кұзыреті шегінде бақылау мен қадағалау кіреді.

Биылғы жылдың өткен мерзімінде заңды және жеке тұлғалардың өтініштері негізінде жер қойнауын пайдаланушы құқығына ие үш компанияның жұмысына кезектен тыс тексеру жүргізілді. Оның қорытындысымен жер қойнауын ұтымды пайдалану саласындағы талаптарды бұзу салдарынан келтірілген 31,3 млн. теңге болатын залал мөлшері есептеліп, бұл толығымен бюджет пайдасына өндірілді. Сонымен қатар, жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізу кезінде анықталған заң бұзушылықтарға сәйкес бес мекемеге 1,3 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынып, оның 900 мыңға жуығының өндірілуі қамтамасыз етілді.

Бұл атқарылған істер, жер қойнауын және жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды еліміздің басты байлығы ретінде кешенді және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің мемлекеттік мекеме жұмысының бір бөлігі ғана.

Елбасының Қазақстанда геологияны дамыту саласында алға қойған міндеттеріне сәйкес, Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің ұйымдастыруымен ҚР Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешевтің, Энергетика министрі В.Школьниктің, комитет төрағасы Б.Нұрабаевтың қатысымен биыл аймақта алқалы жиын өткен болатын. Онда мұнай-газ саласында геологиялық барлаудың, минералды шикізат базасының қазіргі жағдайы және келешектегі дамуы, осы салаға инвестиция тарту мәселелері сөз болды.

Бүгінгі күні елімізде кім-кімге де алдымызға қойылып отырған міндеттерді атқару үшін барлық жағдайдың бәрі бар. Осы орайда, біз Елбасының: «Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз», — деген сөздерін толық қолдаймыз және сенеміз.

Өсила ХУСНУТДИНОВА, Атырау өңірлік геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының бас маманы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button