КӘСІПКЕРЛІК КӨКЖИЕГІН ҚАЙТСЕК КЕҢЕЙТЕМІЗ?
«Дөңгелек үстелді» «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ кіріспе сөз сөйлеп ашты.
— Ел экономикасының ілгері басуына шағын және орта бизнестің қосар үлесі зор. Дамыған елдерде экономиканың қомақты бөлігін осы шағын кәсіпкерлік құрайды. Сондықтан, біздің елімізде де шағын және орта бизнестің қанат жаюына жағдай жасап, табысты саланың өркендеуіне айрықша назар аударылуда.
Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде сіздердің ауданда қолға алынып, жүзеге асқан тың жобалар қазір бүкіл елдің аузында. Әсіресе, халықтың күнделікті тұтынуына аса қажет дәруменді мал өнімдерін өңдеу, сүт және қышқыл сүт өнімдерін дайындау, құс өсіріп, жұмыртқа шығару, егін өнімдерінен мол өнім жинаудағы тәжірибелеріңіз бар. Біздің облыстың өзге өңірлері үшін бұл аса қажет деп ойлаймын. Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерімен жергілікті жердің өзін-өзі қамтамасыз етуі, оның қауіпсіздігінің сақталуы, халыққа қолжетімді бағамен сатылуын ұйымдастыру мәселелері өткір қойылуда. Шағын және орта бизнеске Үкімет тарапынан қолдау, көмек жан-жақты көрсетіліп жатыр. Дегенмен, бүгінгі кәсіпкерді не толғандырады, шешімін таппай жүрген түйінді мәселелері бар ма? Шаруа қожалықтарының қазіргі жайы қалай? Осыған байланысты ұсыныс-пікір, тілектеріңізді ортаға салып, сіздерді еркін әңгімелесуге шақырамын.
Жаңа жобалар – ел игілігі
Алдымен Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Мардан СЕЙТҚАЛИЕВ сөз алып, аудандағы кәсіпкерлік саласының бүгінгі жай-жапсарынан хабардар етті.
— Үстіміздегі жылдың өткен тоғыз айының есебі бойынша, ауданда 1652 белсенді шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында мемлекеттік бағдарламалар, қаржы институттары арқылы биыл 44 жеке кәсіпкерге 194 млн. теңгенің жеңілдетілген несиесі берілді. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасына сәйкес, 32 адам 77,6 млн. теңге несиеге ие болды.
Үдемелі индустриялдық-инновациялық бағдарламасы аясында биыл екі жоба іске қосылды. Олар – «Алмалы құс» ЖШС-нің жұмыртқа шығаратын құс фермасы, екіншісі «Первомайский» ЖШС-нің сүт өңдеу және қышқыл сүт өнімін өндіру кешенінің қуатын кеңейту жобалары. Қазір олар өз өнімдерін сапалы, әрі қолжетімді бағамен облыс тұтынушыларына жөнелтуде.
Қайреден НАУБАЕВ, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Бірыңғай ауылшаруашылықты аудан болғандықтан, оның экономикадағы бет-бейнесі осы саланың тыныс-тіршілігімен, даму қарқынымен айқындалатыны белгілі. Күні бүгін ауданда төрт жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 241 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың күшімен өндірген өнім көлемі өткен жылғымен салыстырғандағыдан едәуір артты.
Мал шаруашылығын өткен жылмен салыстырар болсақ, төрт түлік малдың қай-қайсысында да өсім бар. Әсіресе, жылқы малының өсімі 115 пайызға жетті. Өткен жылдан бері қарай сиыр сүтінен өндірілген өнім көрсеткіші биыл 103 пайызға артты. «Алмалы құс» ЖШС арқылы 11 миллионға жуық жұмыртқа өндіріп, бұл өнім түрінің 60 есеге дейін өсуіне қол жетті.
Асыл малға – айрықша назар
И.БАЛМАҒАМБЕТОВ:
— Елбасымыз өңірлерде мал тұқымын асылдандыруға баса назар аударып отыр. Аймақта да бұл жұмысқа мән берілген. Аналық, аталық малдарды шетелдерден емес, табиғатымызға тез көндігетін Қазақстанның өзге өңірлерінен сатып алуда жақсы тәжірибе жинақтаған шаруа қожалықтары бар. Сіздерде осы жағы қалай?
Қ.НАУБАЕВ:
— Үкіметтің қабылдаған «Құлан», «Сыбаға» арнайы бағдарламалары бойынша 40 млн. теңгеге бірқатар қожалықтар мүйізді ірі қара мен жылқы малдарын алды. Ауданда асыл тұқымды мал өсірумен үш шаруашылық айналысады. Қазір олардағы асыл малдың үлес салмағы былтырғы 7 пайыздан биыл тоғызға жетті. 2300 мүйізді ірі қараға селекциялық жұмыстар жүргізілсе, 3500 қойды асылдандыру жұмыстары қолға алынды. Биыл «Первомайский» ЖШС мұхиттың ар жағынан әкелінген сүт бағытындағы сиырлар санын 500 басқа ұлғайтты. Адам ағзасына пайдалы, дәрумені көп, сүтті мол беретін ешкі тұқымы да көбейді. 6-7 шаруа қожалығы дертке дауа, жанға шипа болатын ұлттық сусындарымыз – қымыз, екеуі шұбат өндірумен айналысуда. Бұрынғыдай емес, қазір халықтың бұл сусындарымызға деген көзқарасы өзгерді.
И.БАЛМАҒАМБЕТОВ:
— Малдың азықтық жемшөбін дайындаудың өзі – үлкен проблема. Сіздердегі суармалы алқаптар көлемі қанша, өнімділігін көтеру туралы не айтуға болады?
Қ.НАУБАЕВ:
— Ауданда жеті су беретін канал бар. Қазір бәріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса екі қуатты жүзбелі сорғы мен екі шлюздің құрылысын жүргізу басталды. Жерді тиімді пайдалануда үлкен проблема туындап отыр. Қыста қардың түсу мөлшерінің қалыпты нормадан аздығы, көктемде Жайық суының тасу деңгейінің төмендігі, ала жаздай ауа райындағы құрғақшылық жалпы аумағы 8 мың гектардай суармалы алқапты қуратып жіберді. Күні бүгін су барып тұрған алқаптың аумағы – 300 гектар. Алдағы уақытта Көздіқара учаскесіндегі суландырылу алқабының көлемін 700-1000 гектарға жеткізу ойымызда бар.
Соған қарамастан, егіншілер мен шаруа қожалықтары канал бойларын тиімді пайдалануда. Аудан бойынша алдағы қыстаққа түсетін малға қажетті 50 мың тоннадай ірі сабақты пішен дайындалып, қыстақтар басына тасылып алынды.
Жеңісбай ДОСҚАЙЫРОВ, «Досқайыров» шаруа қожалығының жетекшісі:
— Ел Тәуелсіздігін алып, мемлекет мүлкін мемлекет иелігінен алу басталған сонау 90-шы жылдардың басында шаруа қожалығын құрған едім. Содан бері өзіміздің атакәсібіміз – мал шаруашылығын дамыту, оның өнімділігін арттыру, халықты мал өнімдерімен қамтамасыз етуде еңбек етіп келемін.
Бүгінде қожалығымда 1500 гектар жерім бар, 200 сиыр, 400 қой, 60 жылқы, 70 түйе бағылады. Ет, сүт, шұбат пен қымызды, қаймақты өзіміз өндіреміз. Аудан орталығынан жер алып, ет-сүт өнімдерін сататын дүкен аштым.
Мал азығын шеттен 200-300 шақырым жерден тасып береміз. Оны тасымалдау бағасы өсіп кетті. Қазір мал шаруашылығына жердің жағдайы келмей тұр, тұзданған, соры шығып, шөп өспейтін болып барады. Енді мал азығын өз күшімізбен, өз жерімізде дайындап, азықтық шөп өсіруді қолға алсақ па дейміз.
Егін жайын еккен білер…
И.БАЛМАҒАМБЕТОВ:
— Махамбет сонау Кеңес заманында көкөніс, бақша енімдерін өндірумен аты шыққан аудан болды. Қазір сол даңқты дихандардың ізбасарлары бұл істі абыроймен жалғастыруда. Нарықтың қатаң талаптарына қасқая қарсы тұрған дала ерлері биыл бізді қандай табыстарымен қуантады? Егіншілер тамшылатып суару әдісінің тиімділігін көріп жатыр ма? Жылыжай шаруашылығын дамыту мүмкіндіктері қандай?
Қ.НАУБАЕВ:
— Оныңыз рас. Қазақта «Қойды баққан, егінді еккен білер» деген қанатты сөз бар. Сол айтпақшы, қазір аудандағы егістік жердің көлемі 2,5 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 317 гектарға немесе 15 пайызға өсті. Тамшылатып суару әдісімен егілген егістік 163 гектарға ұлғайтылып, оның көлемі мың гектарға жуықтады. Бұл жалпы егістік көлемінің 72 пайызын және осындай әдіспен егілген облыстағы барлық алқаптың 64 пайызын құрайды. Осынау озық әдісті тиімді пайдалану нәтижесінде «Дастан», «Феникс» шаруа қожалықтары көкөніс, бақша, картоп пен пияздан жақсы өнім жинауды қамтамасыз етті. Былайғы суаруға қарағанда тамшылатып суару технологиясын пайдаланған диқандардың алған өнімі 2,5-3 есеге дейін көп екендігін тәжірибеміз дәлелдеді. Келер жылы егілетін егіс көлеміне жаңа технологиялар үлесін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
М.СЕЙТҚАЛИЕВ:
— Мемлекеттік «Жылыжай» бағдарламасы арқылы былтыр бір кәсіпкерге жылыжай салу үшін 5 млн. теңге, биыл екі кәсіпкерге 10 млн. теңге несие берілді. Тағы екі жылыжайдың бизнес жоспары жасақталуда. Осылар барлық жайғастыру жұмыстарын аяқтаған жағдайда жалпы көлемі 5,3 гектарды құрайтын он үш жылыжай болады деп отырмыз. Жылыжайда өсірілген көкөніспен халықты қыс бойына қамтуға болады. Демек, оңтүстік өңірден ағылатын қызанақ пен қиярға бәсекелестік табылып, бағаны қолжетімді етуге мүмкіндік ашылады.
Аудан бойынша жеті орында қойма бар. Жылдағы есебіміз бойынша 400 тоннадай картоп, 1500 тонна көкөніс өнімдерін сақтап келеміз. Алайда, ауданның өзінде көкөніс сақтайтын орын жоқ. Билік өкілдерін осы жағы қинайды. Егер бір кәсіпкер өзінің егінін салып, өнімін қоймасында сақтап, қыс бойы жергілікті дүкендер мен базарлар арқылы сатып, халық тұтынып тұрса, елге тиімдірек болар еді. Бірақ, көкөніс қоймасын салайын деп едім, несиемен көмектессеңіздер деп белсеніп тұрған кәсіпкер тағы көрінбейді. Алға қарай бұл мәселе шешімін табады деп үміттенеміз.
И.БАЛМАҒАМБЕТОВ:
— Аудандағы кәсіпкерлік саласында атқарылған шаруалардан гөрі «Дөңгелек үстеліміздің» мақсатына байланысты саланың түйткілді мәселелері туралы ой-пікірлеріңізді де ести отырайық. Газет ұйымдастырып отырған бұл шарада айтылғандар, құнды ұсыныстар тиісті құзырлы органдар басшыларына жетеді деген ойдамыз.
Айтылған пікірлер аяқсыз қалмаса
Жексенбай ПАЗУЛОВ, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
— Ауылдағы кәсіпкерді не толғандырады деген сауал ірілі-ұсақты жиындарда, басқосуларда жиі қойылады. Бірақ, соның шешімін тауып жатқандары шамалы. Біріншіден, ауыл кәсіпкері үшін облыстық сәулет-құрылыс бақылау мекемесі алынбас қамалға айналды. Құрылыс нысанын өзгертуге рұқсат алу, не басқа да құжаттарды рәсімдеу үшін қалаға екі-үш айлап шапқылауға тура келеді. Ауылдан шағын шаштараз, автокөлік жөндеу шеберханасын не басқа да қызмет көрсету орнын салуға рұқсат алуды жергілікті сәулет, құрылыс бөлімдеріне жүктеуге болмас па еді? Немесе, қолында мемлекеттік лицензиясы бар маманға міндеттеу қиын ба?
Екіншіден, бізде жылыжай салуға ниетті кәсіпкерлер өте көп. Алайда, оларға газ желісін тартқызу үшін бес-он, тіпті, жүз метр жер болса да жарты миллион теңге төлеуі керек дейді. «ҚазТрансГазАймақта» қатып қалған бір баға бар. Болашақта осыған белгілі бір коэффициентін бекіту арқылы 1 метрге газ желісін тарту құнын шығарса, жақсы болар еді.
Үшіншіден, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасында инновациялық жобаларға 3 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз грант беріледі. Бұл грантты иеленгендер біздің ауданда да бар. Бірақ, соның облысқа бөлінетін сомасы 10 млн. теңге ғана. Ең жақсы деген іріктелінген 10-15 жоба ұсынылғанымен, оған әрі кетсе, тек қана 3-4 кәсіпкер ие бола алады. Сол қаржыны көбейтуге болмас па еді?
Соңғы мәселе, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысушыларға республикалық бюджеттен ақша аударылып, құрылыс бөлімі арқылы инфрақұрылым тарту тегін жүзеге асырылады. Бірақ, екі жылдан бері осы мәселе тиісті шешімін таппай отыр.
Равиль ЖҰМАЛИЕВ, «Бай Сапа» ЖШС-нің басшысы:
— Ауданда газоблок құрылыс материалдарын дайындайтын цехты ашып, іске кіріскеніме төрт жыл болды. Ағаш өңдейміз, дәнекерлеу жұмыстарын атқарамыз. Жеке кәсіппен айналысуға ниетті адамдар баршылық, бірақ, бәрінің бірдей тәжірибелері жетпейді. Бизнесін бастап, алға қарай дөңгелентіп кете алмайтындар кездеседі. Сондықтан, кәсіпкерлік үшін берілетін жер телімін бөлу кезінде арнайы комиссия құрылып, мониторинг жүргізсе деп есептеймін. Мәселен, орталықта жиырма дүкен жұмыс жасап тұрса, тағы бір дүкен ашқысы келетін кәсіпкерге жер неге сол аумақтан беріледі? Содан келіп несиесін төлей алмай, саудасы жүрмей, шығынға батады.
Жалпы, жаңадан кәсіпкерлікке бет бұрған адамдарға тренинг өткізу керек. Ол үшін бизнес-тренеріміз ауданның, селоның бизнес жағдайын білетін, бағыт-бағдар беріп отыратындай адам болса. Оны алыстан іздеудің қажеті де жоқ. Өзімізде талай жыл кәсіпкерлікпен айналысып, жілігін шағып, майын ішіп жүргендер жетерлік. Олардан мықты тренерлер шығар еді.
Бізде білікті кадрлар тапшы. Өзім мамандардың жергілікті жерден болғандарын қалаймын. Ашығын айту керек, жұмыс іздеп қолында табақтай дипломы бар мамандар келеді. Алайда, әңгімелесу барысында өз саласына қатысты кейбір терминдерді білмей жатады. Жастар теориямен қатар, практиканы да жетік меңгеруі керек емес пе? Сол үшін алдағы уақытта белгілі бір оқу орнымен келісім-шартқа отырып, өндірістік тәжірибеден мамандарды цехтан өткізуге ұсыныс жасаймын.
Үшінші мәселе, көкөніс сақтайтын қойма жөнінде. Аудандағы дүкен иелері көкөніс, бау-бақша өнімдерін өзіміздегі қоймадан алмайтыны рас. Неге сол дүкендерге өзіміздің қоймадан алатындай мүмкіндік жасамаймыз? Барлық өнімдерді таза күйінде қалаға апарамыз. Ал, қыс түскенде оны бізге кері жібереді. Сол кезде оның 30 пайызы жарамсыз күйге түседі. Өзіміздің өніміміз халқымызға жетуі үшін бір жағдай жасау қажет.
Болат РАХМЕТОВ, аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы:
— «Дөңгелек үстел» басында айтылып жатқан барлық мәселелерден хабардармын. Жоғарыда аталған құрылысқа рұқсат алу мәселесі тек қана біздің ауданда емес, барлық ауданда да бар. Негізі, заң бойынша рұқсат облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы арқылы ғана беріледі. Кез келген мәселені тек қана аудан көлемінде шешу мүмкін емес. Бұл мәселе заңдылықты өзгерту арқылы шешіледі деп есептеймін.
Сағат ЖҰМАХАНОВ, жеке кәсіпкер:
— 2012 жылдан бері көлік жөндеу орталығын ашып, жұмыс жасап жатырмыз. Үстіміздегі жылы шаруашылығымды кеңейтуді жоспарлағанмын. Бірақ, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан рұқсат ала алмай қалдым. Соның салдарынан салынып жатқан нысан тоқтап қалды. Бұл – тек менің ғана емес, кәсіпкер әріптестерімнің бәрінің басынан өткен жайт. Осы жағы шешілсе, жұмысымыз жандана түсер еді.
Қалыш СМАДИЯРОВА, жеке кәсіпкер:
— Ауданнан «Марсель» атты жолаушыларға қызмет көрсету бекетін аштым. Мемлекеттен несие алып, құрылысын толық аяқтадым. Енді жұмыс жасаймыз ба десек, жолыңнан кездесетін қиындықтар аяғыңды тұсаулайды. Қазір газ бен жарыққа қол жеткізе алмай келемін. Екеуіне 600-700 мың теңге ақша төлеуім қажет екен. Егін салу мақсатында 50 гектар жер алғанмын. Егер де ала жаздай еккен өнімдерімді өз дүкеніме әкеліп сатсам, сол еңбегімнің қыста жемісін көрер едім. Алайда, ол жердің не газы, не жарығы, не суы жоқ. Оны жалғау да біраз уақыт пен қаржыны талап етеді. Амалсыздан ол жерді қайта тапсыруға мәжбүрміз. Содан кейін қандай жұмыс болады?
Редакцияның көшпелі «дөңгелек үстел» жанындағы кездесуін И.Балмағамбетов қорытындылады.
Түйіндеп айтқанда
Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саясаты тиімді жүзеге асырылуда. Десек те, ұзын арқан, кең тұсау болып, әлі жергілікті деңгейде шешімін таппаған мәселелер де жетерлік, Демек, жоғарыдағы құзырлы органдардың араласуымен, тіпті қайсыбірі бұрын қабылданған заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу арқылы шешілер деп үміттенеміз. Редакция ұйымдастырған «дөңгелек үстел» жанындағы кездесуде бүкпесіз ой айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салған кәсіп иелерінің айтқандарының бірқатары аяқсыз қалмай, шешімін тауып, шаруашылық, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары бой көтеріп, шаруалары дөңгеленіп жатса, онда біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.
Бақытжан ЖҰМАТ.
Суреттерін түсірген Балнұр САПАРОВА.