ҰЛЫҚ БОЛСАҢ, КІШІК БОЛ!

Елбасымыздың Жарлығымен өткен жылдан бастап кәсіби мерекелер қатарына «Мемлекеттік қызметші күні» атаулы датасының қосылуын 100 нақты қадам сипатындағы Ұлт жоспарына сәйкес кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың мән-маңызын ескергендік десек, сірә, қателесе қоймаспыз.

 

Мемлекеттік қызметші бір саланы қамтитын мамандық ғана емес, ол – Елбасы мен Үкіметіміздің саясатын жер-гілікті жерде жүргізуші, халық пен билік арасында тығыз байланыс орнатушы, елдің қажеті мен мұң-мұқтажына құлақ түріп, оны мәселе етіп көтеруші, әрі орындаушы. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеті-міздің бет-бейнесі деуге болады.

Елбасы бүгінгі күні де мемлекеттік қызметкерлерге үлкен сенім артып, тың міндеттер жүктеп отыр. Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы, сайып келгенде, ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары екенін олар жақсы түсініп және жауапкершілік жүгін де жете сезіну үстінде.

Осынау ұлт жоспарындағы басты қойылып отырған мәселесінің өзі – кәсіби мемлекеттік аппарат құру болып табылады.

Елбасы бұл бағытқа бастайтын алғашқы қадамды – мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы керек, одан әрі қарай лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асырылуы тиіс деп атап көрсетті.

Мемлекеттік қызмет саласын жетілдірудің әрі қарайғы қадамдарында мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру, лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициенттерін қосу мәселесі айтылды. Бұл да көпшілік мемлекеттік қызмет саласында жүрген қызметкерлердің көкейінде жүрген мәселе болатын. «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі №453 Заңының 21- бабының өзінде – «Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне төленетiн ақы қызметтiк мiндеттерiн сөзсiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдарды бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақтауға жәрдемдесуге, олардың адал да бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс» делінген. Еңбекақы мәселесінің де көп жағдайда білікті кадрлардың тұрақтылығын сақтауға үлкен әсері бар маңызды жағдайлардың бірі екені белгілі.

Зор маңыз беріліп отырған тағы бір жай – мемлекеттік қызметшілерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізге көшу. Бұл да өз кезегінде шынайы бәсекелестікті қалыптастырып, білікті кадрлардың ғана іріктеліп барып лауазымдық орындарға жоғарылауына жасалып отырған мүмкіндік деп білеміз. 

Елбасы мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту қажеттігін айтты. Бұл мемлекеттік қызметшілердің үнемі кәсіби шеберлігін  шыңдап, білімін жетілдіріп отыруына мемлекет есебінен жасалып отырған мүмкіндік, қамқорлық деп қабылдаймыз.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа этикалық ережелерді енгізу, жемқорлықпен күрес, мемлекеттік қызмет туралы  жаңа заң қабылдау мәселелері алға қарай кезең-кезеңмен іске асырылатын негізгі қадамдар болып белгіленді. 

Шындығында да, мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, халықпен жұмыс жасауда әдептілікті, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да, Елбасымыз осындай кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың жаңа бағыттарын айқындап, мемлекеттік қызметшілер алдына үлкен міндеттер қойып, оны іске асырудың негізгі қадамдарын бекітіп беріп отыр. 

Мемлекеттік қызмет – ең алдымен елдің сенімін ақтау, Отанына адал қызмет етіп, ел тәуелсіздігін нығайтуға өз үлесін қосу деген сөз.

«Ұлық болсаң, кішік бол», – дейді дана халқымыз. Сондықтан да, қай істе болмасын алдыңғы қатардан табылу, өзiнiң iс-әрекетiмен мемлекеттiк билiктiң беделiн нығайту – мемлекеттік қызметшінің басты парызы болуы тиіс деп білеміз.

Білікті кадр ғана ел дамуының негізгі тетігі болатыны белгілі. Жылыой ауданының мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жатқан қызметкерлері де қойылып отырған талап пен сенім биігінен көрініп, өздерінің міндеттерін лайықты атқарып келеді деп айта аламыз. Елбасының мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге қойып отырған міндеттерін де орындауға өз үлестерін қосатын болады. 

Қазіргі жаһанданудың өрелі биігіне қол созған, алдыңғы қатарлы дамыған отыз елдің қатарына енуге ұмтылған Қазақстанның игілігіне, өркендеуіне еңбек ету – біздерге, яғни мемлекеттік қызметшілер үшін зор мәртебе деп білемін.

Әнуар ШӘКІРОВ, Жылыой ауданы әкімі аппаратының жетекшісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз