ҚАШАҒАННЫҢ «ҚАРА АЛТЫНЫ»
Білгеніміздей, бұл оның аймақ басшысымен осы лауазымдағы екінші мәрте жүздесуі екен. Осылайша, қазіргі уақытта өзінің отбасымен Атырауға көшіп келгендігін алға тартқан консорциум жетекшісі бұдан былай ірі де, маңызды жобаны басқару осы жерден жүргізілетіндігін мәлімдеді. Кездесуде, сонымен қатар, кенішке қатысты құрлықтағы жөндеу жұмыстарының биылғы қазан айында басталатындығы да жария болды. Өз кезегінде облыс әкімі де еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі саласында салмақты үлесі бар, өңірімізде жүзеге асырылып отырған бірегей жоба аясында жоспарланған ауқымды шаралардың сәтті іске асырылуына тілектестігін білдірді.
Бүгіндері Қашағандағы ұйымдастыру жұмыстары жүйелі жалғасын тапқан. Өндірістік аумақтың құрлықтық бөлігіндегі жұмыс кезеңін белгіленген мерзімінде бастап кету үшін ел ордасы – Астана қаласынан мамандар тартылады. Кейіннен теңіз бөлігіндегі шаруаларды реттеп, қалпына келтіру жағына да көңіл бөлінеді.
— Осы тұрғыда облыс әкімдігі де өз тарапынан тиісінше көмек-қолдау көрсететін болады,-деді қорытынды сөзінде Бақтықожа Салахатдинұлы.
Жүннен жіп иіріп, жейде тоқиды
Бұған дейін газетімізде хабарланғанындай, таяуда аймақ басшылығының тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев бастаған атыраулық делегация Моңғолия Республикасына барып қайтқан-ды. Бұл жолы олар көршілес елдегі әріптестерімен іскерлік байланыстар орнату жөнінде мәмілеге келді.
Моңғолиядағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және жеңіл өнеркәсіп саласындағы табысты кәсіпорындардың бірі-«СОP Кашемир ХХК» компаниясының бас директоры М.Эрдэнэтуяа ханымды кеше Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдады.
Жылы шырайлы жүздесудегі әңгіменің төркіні төрт түлік малдың етін жеп, сүтін ішіп, көлік ретінде мініп қана қоймай, оның терісі мен жүнін де далаға тастамай, ұқсатып, кәдеге жарату керектігіне тірелді. Елімізде, соның ішінде біздің өңірде де бұған керекті шикізаттың мол қоры бар, күш-мүмкіндігіміз де жеткілікті.
Осы орайдағы моңғолдық ағайындардың өнегелі істері мен игілікті қадамдарын көздерімен көріп, жүннен тоқылған сапалы бұйымдарын қолдарымен ұстап қайтқан атыраулық кәсіпкерлер де бұл шаруамен шұғылдануға ниетті екендіктерін білдіруде. Өз сөзіне осыны арқау еткен облыс басшысы Атырауда да дәл сондай іргелі өндіріс орнын ашуға болатындығына, оған қажеттінің бәрі де табылатындығына тоқталды.
Кезегі келгенде моңғолиялық мейман да өзінің басшылығындағы кәсіпорынның тыныс-тіршілігін қысқаша баяндады.
Компания шаруашылық құрылымдары мен жеке тұрғындардан жылына түйенің 600 тонна, қойдың 200 тонна және 50 тонна ешкі жүнін тікелей қабылдайды. Қабылдап алынған шикізаттан дайын өнім шығарылғанға дейінгі аралықта ол бірнеше өңдеу процесінен өтеді. Әуелі жүнді түтіп, түбіті мен қылшығын айырады. Содан соң жуылып, тазаланады. Одан әрі иіріліп, бабына келтірілгесін түрлі бұйымдар (негізінен жейделер) тоқылады. Жұмыстардың бәрі арнаулы технологиялардың көмегімен атқарылады. Нәтижесінде терең өңдеуден өтіп, көпшілік тұтынуға жарамды тауар дәрежесіне жеткізілген бұйымның сатылымдағы бағасы бастапқы сатып алғандағы бәсінен бірнеше есеге өседі.
Осыларға зер салып, ой елегінен өткізген облыс әкімі мұндай өндіріс орнын Атырау жерінен ашуға мүмкіндіктің барлығын, шикізаттың табылатындығын, басқа жағдайлардың жасалатындығын, ең бастысы, мұны уақыттың өзі талап етіп отырғандығын қаперледі. Тек нақты қандай жоба, қалай, қашан жүзеге асыруға болатындығын анықтап, қанша қаражат жұмсалатындығын есептеп шығару керек. Тың бастама, жаңаша істі жан-жақты қолдау жасап, аяғынан тұрып, қалыптасып кетуіне көмек көрсетуге атқарушы биліктің де, салалық басқарма мен бизнес құрылымдарының мүдделі екендігін мәлімдеді.
Берекелі істің болашағы да жарқын
Кеше Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының бас директоры Тим Миллерді қабылдады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда, соның ішінде қазыналы өлкемізде тұсауы кесілген аталмыш компанияның да аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, әлеуетінің артуына қосқан үлесі қомақты. Мемлекетіміз үшін маңызды стратегиялық салаға қамтылған құрылымдардың арасында ең ірісі саналатын «ТШО» ЖШС-нің арнайы қабылданған «Игілік» бағдарламасы шеңберінде көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін тапты, уақыт талабымен үндес, заманауи үлгідегі инженерлік инфрақұрылымдар өмірге келді. Өндіріс пен өмір қауіпсіздігін, экологиялық мәселелерді алғы кезекке қоятын компанияның инвестициялауымен халыққа жоғары дәрежелі, сапалы, сервистік қызмет көрсетуге лайықталған сәулетті де, сәнді ғимараттар мен нысандар, тұрғын үйлер мен вахталық қалашықтар, медицина, білім беру мекемелері салынып, сап түзеді. Қазақстандық үлестің басымдығына мән беріліп, іс тетігін шешетін, жауапты учаскелерге тартылған инженерлердің, қала берді, жұмысшы-мамандардың кәсіби және біліктілік деңгейін көтеруге күш салынды. Мыңдаған отандасымыз осында жұмысқа орналасып, өмірлік орнын тапты.
Енді, міне, таяуда ғана тұсауы кесіліп, таныстырылымы болып өткен «Болашақ» жобасын кеңейту бағытындағы жұмыстардың қолға алынуына байланысты бұл үрдістің шеңбері де ұлғая түсері сөзсіз.
Қабылдау сәтінде айтпақ ойын осы тұрғыда жеткізген аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов жұмыс барысында туындайтын проблемаларды да талқыға салып, ортақ мәміле жасалса, шешілмейтін түйіннің де болмайтынын атап айтты.
Дәулетқали АРУЕВ.