Министрдің есебінде мәртебесі айқындалмаған мамандық туралы сөз болды

Брифинг 1 Жаңалықтар

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев халық алдында онлайн режимінде есеп берді. Оған еліміздің әр аймағынан, Алматы мен Астана қалаларынан  бір мыңға жуық адам қатысты.

Брифинг

Өзінің есебінде жыл соңына дейін еліміздің 50 ауданында 4G интернет желісі іске қосылып, 2020 жылға дейін 1900 елді мекенде тұратын бес миллионға жуық халықты ғаламтор желі-сімен, бес жүзден асатын елді мекендердің ұялы байланыстың екінші буынымен қамтамасыз етілетініне тоқталды.

Министр 2021 жылдың соңына дейін  бір миллионға жуық қазақстандықтың компьютерлік сауаттылығы артады деп сендірді. Телевизия саласындағы жоспарларымен де бөлісті. Телеарналардың да сапасы артып, «Қазақстан», «КАЗ-СПОРТ» арналары HD форматында көрсетуді бастаған. Одан бөлек, қазақстандық режиссерлердің көп сериялы туындылары көрші мемлекеттерде  де көрсетіле  бастады.

Дәурен Абаевтың айтуынша, жыл соңына дейін министрлік сайтында «Ұялы байланыс сапасына халықтық бақылау» сервисін іске қосу жоспарланған. Бұл арқылы ел тұрғындары ұялы байланыстың жұмысына көңілі толмаса, порталға пікір жазып, шағымын жолдай алады. Ал, балалар үшін ғаламтордағы ақпаратты сүзгілеу мәселесі байланыс операторларымен бірге қолға алынған.

– Ғаламтордағы «Балаларға арналған пакеттің» ішіне білім беруге, дамытуға негізделген қауіпсіз сайттардың жиынтығы іріктеледі. Жоспар бойынша мұндай қызмет жыл соңына дейін қолжетімді болады, – деді  министр.

Ақпарат және коммуникация министрі Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «100 жаңа есімді» таңдауға үлес қосуға  шақырды.

Жиынға республикамыздың барлық өңірінен БАҚ өкілдері қатысып, сұрақтар қойып, ұсыныстар жолдады. Әсіресе, журналистер үшін маңыздылығын жоғалтпаған баспана мәселесі тағы да көтерілді. Кез келген редакциядағы қызметкерлердің біразы, әсіресе, жастар жағы үйсіз-күйсіз жүр. Журналистердің мәртебесі айқындалмаған. Олар не мемлекеттік қызметшіге, не бюджеттік салаға жатпайды.

– Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз, көмектесеміз. Бұл жерде  атап айтатын  жайт, журналистер мемлекеттік жүйе қызметкеріне жатпайды. Олардың көбі жекеменшік газеттерде жұмыс істеп, жоғары деңгейде жалақы алу мүмкін-шілігі бар деп есептеледі. Сондықтан, бұл тұрғыдан осы ой-сананы өзгерту де өте қиын. Біз кепіл ретінде банктерге бара аламыз. Басқа жолын айту өте қиын болып тұр. БАҚ-тың тоқсан пайызы жекеменшік. Сол себепті, олар мемлекет тарапынан көмек ала алмай отыр, –   деді Дәурен Абаев.

Бақытжан ХАМИТҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз