Атырау қаласының әкіміне тұрғындардан 1000-ға жуық сұрақ түсті

photo 40201 Жаңалықтар

 Atr. kz / 12 – ақпан.   Атырау қаласының тұрғындары бір ай бойы шаһар басшысына жазбаша түрде және әлеуметтік желілер арқылы сұрақ қою мүмкіндігіне ие болды, – деп хабарлайды Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.

photo 40201

Облыс орталығы мен іргелес орналасқан елдімекендердің тұрғындары қойған 1000 сауалдың 100-ге жуығы Алимұхаммед Құттұмұратұлының атына жазбаша түрде түскен.

Айта кетейік, қала әкімінің есеп беру кездесуінен екі апта бұрын қаладағы қоғамдық орындарда – Сәтпаев, Баймұханов  көшелеріндегі ХҚКО, Авангард ықшам ауданындағы жұмыспен қамту орталығы, «Сарайшық» базарында арнайы хат салатын жәшіктер орнатылды.

– Кері байланыс үшін тұрғындар телефон нөмірі  мен мекен-жайын көрсетулері тиіс болды. Барлық сұрақтар өңделді, ең қызықты сауалдарды қала әкімі халыққа есеп беру кездесуінде атап өтеді,-дейді Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, 900-ден астам сауалды Алимұхаммед Құттұмұратұлы әлеуметтік желілерде, Facebook-тегі ресми парақшасында қабылдаған.

Сұрақтардың басым бөлігі жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер телімін бөлу, жол құрылысы, жаяу жүргіншілер жолы, көше жарықтандыру мәселелеріне қатысты болды.

– Әкімге сұрақ жолдаған тұрғындар есеп беру кездесуінен кейін көп кешікпей жауап алатын болады, -деп нақтылады Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы ертең Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде тұрғындар алдында есеп береді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз