ҚҰЛСАРЫНЫҢ ТАРИХЫ ЖАСАҚТАЛУДА
Алдымен, микрофонға облыстық «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары Нұрлан Қабылов келді. Келесі жылы Теңіз кенішін игерудің кезекті сатысы қолға алынбақшы. Демек, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады. Сол қызметтерге жергілікті жастар дайын ба? Әлде қажет мамандарды сырттан шақыруға тура келе ме? Журналистің екінші сауалы қала атына ие болған Құлсарының кім екендігі жөнінде болды. Ол туралы сан түрлі аңыз айтылғанымен, нақты деректі көп адамдар білмейді.
— Сонау 1993 жылы құрылған, — деді аудан әкімі, — ТШО компаниясы жергілікті атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынаста. Бүгінде бірлескен кәсіпорынға қажетті мамандарды Құлсарыдағы үш колледж дайындайды. Осы жұмысқа тағайындалған соң Теңіз кенішінің басындағы мердігер мекемелер жетекшілерін жинап, оларға қызметке алдымен жергілікті жердің адамдарын алу керектігі туралы талап қойылды. Әрине, біздің өзіміз де сұранысқа ие мамандарды дайындауымыз керек. Сондықтан, аталған колледждердің директорларын шақырып, оларға ТШО құрылымдарына қажетті мамандарды анықтау жүктелген. Қазір кеніштің келешек жобасына керекті мамандарды біліп отырмыз. Соған сәйкес даярлық жұмыстары да жүріп жатыр.
Енді Құлсары есімді кісі 1820 жылы дүниеге келіп, 1900 жылы өмірден өтіпті. Заманында әрі би, әрі батыр, әрі бай болған екен. Озық ойлылығымен де ерекшеленген. Жан-жағын қамқорлап, ешкімнен жақсылығын аямапты. Содан 1939 жылы Құлсары кеніші ашылғанда мұнайшылар жаңа елді мекенге соның есімін беріпті.
Облыс әкіміне Құлсарыдағы оның күмбезінің әбден құлап жатқандығын айтқанбыз. Аймақ басшысы маған тапсырма беріп, аудан халқының сұрауы бойынша осы тарихи ескерткішті жөндеуге қаржы бөлді. Қазір кесене құрылысы аяқталды. Әдемі болды. Құлсары ата туралы кітап та шығарылмақшы. Жыл соңына дейін қалың оқырманның қолына тиеді. Сонда жұртшылық та кең мағлұмат алады.
Облыстық телеарнаның тілшісі Нұрлыбек Қизатовтың сауалы қысқа дайындық барысына арналды. Көппәтерлі үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтыған жөн бе, әлде жеке қазандықтарын орнатқан тиімді ме?
— Құлсары қаласында көппәтерлі 87 үй бар, — деді Максим Шафихұлы, — соның 1500 шамалы тұрғыны жеке жылыту қондырғысын пайдаланады. Соңғы кезде аудандық орталық жылу қазандығы жаңғыртылды. Германиядан қажетті құралдары әкелінді. Сенімділігі артылды. Қазір бұрын жеке жылу жабдықтарын қондырғандардың кейбірі орталық жүйеге қайтадан жалғанып жатыр.
Әйтсе де, экономикалық тұрғыдан таразылағанда, әркімнің дербес жылу қазандығы болғаны да жөн. Қажет кезінде өзі қосып алады. Оның үстіне, орталық жылу қазандықтарының шығыны өте көп. Оны өтеу үшін тарифті де өсіруге тура келеді. Ал. бұл тұтынушыға тиімді емес.
Облыстық «Атырау» газетінің қызметкері Баян Жанұзақованың сауалы діни ахуалды қамтыды. Сонымен қатар, сағыздық азамат өзі жұмыс жасап жүрген Құлсарыдан үй сұрайды екен.
Аудан әкімі жат ағымға түскен бір отбасының үлкендерінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, ал балаларының уақытша бейімдеу орталығында екендігін айтты. Қазір ауданда 150 шамалы адам теріс діннің шырмауында жүр. Оларды дұрыс жолға салудың шаралары алынуда.
Екінші сауал бойынша Құлсарыда сонау 1986 жылдан бері ешқандай тұрғын үй салынбағаны, сондықтан мұқтаж жандарға кәсіпорындардың демеушілігі арқылы көмектесіліп жатқандығы айтылды.
Журналистеркезінде Құлсарыда Мұнайшылар бағы болғандығын, оның кейін әлдекімдердің солақай саясатымен оталып тасталғанын, енді жаңа демалыс орнын ұйымдастыру жайы қалай екендігін сұрады. Сонымен қатар, келешекте Құлсары қаласында құрылыс жұмыстарын «Болашақ» ықшам ауданы бағытында өрістетуге бола ма? Қазір мұнда жалғыз мектептен өзге ешбір нысан жоқ.
— Құлсары қаласының бас жоспары, — деді аудан әкімі, — алдымыздағы желтоқсанда бітеді деп отырмыз. Даму бағытымыз – қаланың шығыс беті. Сонымен қатар, Қамыскөлдің солтүстік жағы қамтылады. Ал, «Болашақ» ықшам ауданы кезінде дұрыс жоспарланбаған. Бүгінде мұнда жалғыз мектеп тұр. Құлсары мен екі арада Орталық Азия-Орталық газ желісі жатыр. Оның төңірегінде қорғаныш аймағы болады. Міне, кезінде соның бәрі ескерілмеген. Сондықтан, таяу уақытта «Болашақ» ықшам ауданында құрылыс жүреді деп айту қиын.
Енді, Құлсарыда сонау жылдары үлкен саябақ болғаны рас. Иесіздік салдарынан талдары оталып, өзі де құрып бітті. Орталықтан шағын Мұнайшылар саябағын салдық. Бірақ, ол аздық етеді. Сондықтан, ТШО компаниясымен келісіп, бірінші ықшам ауданда жаңа саябақ салудамыз. Биыл 700 түп тал егілді. Онда су бұрқақтары, ойын алаңдары, радио торабы, т.б. демалысқа қажетті нәрселердің бәрі болады. Дәл осындай саябақ бесінші ықшам ауданда да бой көтереді.
Жалпы, біз Қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрлігіне хат жазып, ТШО компаниясының табиғатты қорғауға жұмсалатын қаражатының бір бөлігін Құлсары қаласына арнау жөнінде ұсыныс бергенбіз. Оған оң жауап алдық. Демек, көгалдандыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүреді.
«Ақ Жайық» газетінің тілшісі Мұрат Сұлтанғалиев ТШО компаниясының «Игілік» бағдарламасы бойынша атқарылған шараларды сұрады.
— «Игілік» бағдарламасы бойынша, — деді Максим Шафихұлы, — бүгінде 248 шақырымдық су желісі жаңартылды. Ол әлі жалғасуда. Жұмысшы комиссиясы істің сапасын анықтауда. Сонымен қатар, көппәрлі үйлердің жертөлелері жөнделуде. Бүгінде 87 үйдің 60 шақтысы жасалды. Оны да арнайы комиссия тексеріп, қабылдап алады.
Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл бөлінген қаржының қалай жұмсалып жатқандығын сұраған. Оған жауап ретінде аудан әкімі оның жоспарлы игеріліп жатқандығын айтты.
Облыстық «Атырау» газетінің тілшісі Айбөпе Сабырова Еділ суының аудан тұрғындары үшін тым қымбаттығын айтты.
— «Жылыойсу» мекемесі, — деді аудан әкімі, — «КазТрансОйл» компаниясынан әр текше метр суды 39,76 теңгеге сатып алады. Бүгінге дейін оны жеке тұрғындарға 54 теңгеден сатып келді. Бағадағы айырмашылық мекеменің шығынын өтеуге жетпейді. Кәсіпорын өзін ақтай алмайтындай деңгейге келді. Сондықтан, табиғи монополияларды реттеу департаментіне мәселе қойып, шешуге тырысудамыз. Сөйтіп, жеке адамдарға ауыз судың әр текше метрі 86 теңгеден сатылатын болады. Жалпы, «Жылыойсу» мекемесі өзін толық ақтауы үшін баға 90 теңгеден кем болмауы керек.
Үкіметтің арнайы қаулысы бар, сумен жабдықтаушы мекемелер шығынмен жұмыс жасамауы қажет. Тарифтің көтерілуі халықты үнемшілдікке де үйретеді. «Судың да сұрауы бар» деген нақылды нақты ұғатын кез жетті.
… Міне, Жылыой ауданының әкімі Максим Ізбасовтың журналистермен жүздесуі осылай өрбіді. БАҚ өкілдері өздерін мазалаған сауалдарына толық жауап алды.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.