Халық та мемлекет ісіне араласады

img 20220918 wa0008 Саясат

    Атырауда тіркелмеген «Байтақ» жасылдар» партиясының облыстық филиалының жиыны өтіп, партияның қыркүйек айында Алматыда өтетін құрылтайына делегаттар сайланды. Жиынға қатысқан партияның ұйымдастыру комитетінің төрағасы, «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртайдың айтуынша, заңда көрсетілген бастамашыл топтың тізімін Әділет министрлігіне өткізген. Осы процестен кейін партия құрылтайын өткізбекші.

    – Партияның құрылтайын өткізу үшін 17 облыс, 3 қалада партиялық жиын өтіп, делегаттар анықталуы керек. Құрылтайға кемінде мың адам қатысып, ол жерде партияның жарғысы, бағдарламасы, логотипі, құрылымы бекітіледі. Атырау өңірі мұнай-газ салалары арқылы экономикамыздың 60 пайызын қамтып отырған өңір. Бір жағынан мұның қоршаған ортаға әсер ететіні белгілі. Бұған қатысты атыраулықтардың айтары бар. Облысқа қарасты бірнеше ауданда болып, халықпен кездестік. Халықтың сұрағы көп. Ал, ол мәселелерді шешу үшін заңды партия құру қажет. Әлем бойынша қоршаған ортаны қорғауға арналған партиялар жұмыс істейді. Біздің партия негізінен қоршаған орта, әлеуметтік мәселелермен айналысып, халықпен тікелей байланыс орнатады. Партия толықтай тіркеліп жатса, алдағы Парламент сайлауына қатысамыз. Осылайша қарапайым халықтың мемлекетті басқару ісіне араласуына көмектесеміз. Өзіміздің заңды құқықтарымызды партия арқылы талап етіп, жергілікті билікпен бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – деген ол экологиялық, әлеуметтік және корпоративті басқару (ESG) тетігі туралы да түсіндіріп өтті.

    Адам денсаулығы мен табиғатқа жанашырлық танытуды мақсат еткен экологиялық альянстың жиынына ауыл-шаруашылығы саласында ұзақ жыл қызмет еткен Қали Әубәкіров қатысып,  жер қойнауын пайдалану туралы өткір пікірін білдірді.

    – Халықтың құрылысқа пайдаланатын топырағына баға қойылған. Тегін нәрсеге баға қойылмауы керек. Қажет болса, қиыршық тас пен ұсақталған тасты зерттеп тапқан, оны қазған, нысанға дейін тасыған адамдарға ғана ақшасы белгіленуі керек. Конституциялық сотқа жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңы Конституцияның 78 бабына сәйкес еместігін көрсетіп, жолдауды әзірлеп отырмын. Ал, қарапайым халық топырақта баға болмайтындығын, құрылыстың барлығы белгілеген баға бойынша салынып жатқандығын, тас жол, шойын жол салудың 10-20 есе қымбатқа түсіп жатқандығын білмеуі мүмкін, – деді зейнеткер. 

    Экологиялық альянстың президенті Азаматхан Сайлауұлы референдумнан кейін жүзеге асқан Конституциялық сот, мажоритарлы жүйе, жаңа партиялардың тіркелуге мүмкіндік алуы партияның жұмыс істеп, жоспарларын орындауға мүмкіндік беретінін айтады.

    – Азаматтық қоғам өкілдері осы өзгерістерді өздері пайдаланып, талаптарын орындатуы керек. Партия атынан жергілікті басқару жүйесіне халыққа жаны ашитын азаматтар келуі керек. Сол кезде мемлекетіміз дамиды, – деді ол.

    «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсының Жылыой ауданы бойынша филиалының төрағасы Медетқали Нұрғазиев аудандық халықтық кеңестің құрылғандығын айтты. Оның айтуынша, халықтық кеңес қоғамдық кеңестің аналогы іспеттес. Ол кеңестің ауқымы кеңейіп, оған мүше болушылардың қатары артқандығын айтады. 

    – Жылыойда азаматтық қоғам қалыптасып келеді. Осы жиынға келіп отырған адамдар да экологиялық мәселелерге жаны ашығандықтан келіп отыр. Десе де өзінің ғана басына түскен мәселесін көтеріп, өзгенікіне алаңдамайтын да адамдар бар. Өткенде ғана Атырау мұнай өңдеу зауытының өкілдерін шақырып сөйлескен кезде, мәселе туындатып отырған көшенің ғана тұрғындары қатысты. Ал, келесі көшеде тұратын адамдар келмеді. Бұлай жалғаса берсе ол мәселелер шешілмейді ғой. Адамдардың санасын қалай оятамыз? Біздің мақсатымыз осы болуы керек. Осындай үлкен мәселелерді партия арқылы шешпесек, басқа жол жоқтың қасы. Қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері хат жазумен ғана шектеледі. «Теңізшевройл» мекемесінің маңындағы фауна, флора, жұтып отырған ауамыз ластанудың жоғары деңгейіне жетіп отыр. Сондықтан жасылдар партиясына қолдау танытуымыз керек. Ата-бабаларымыз осы жерде дәурен салған деп жар саламыз. Жердің асты мен үстіндегі байлыққа қол жеткіземіз деп табиғатпен мүлдем санасуды қойдық. Облысқа таза ауа керек, – деді Медетқали Жаулыбайұлы. 

    Жиында облыстағы қоршаған ортаға қатысты қордаланып қалған өзге де мәселелер сөз болды. Бірі облыстағы бірнеше кәсіпорындардың жұмыстарындағы олқылықтарға тоқталса, бірі табиғатқа зиянын тигізетін зауыттарды сала берудің қажеттігі жоқтығын айтты. «Байтақ» жасылдар партиясының мүшелері жаңа бастамаға қолдау білдіріп, ел экологиясы үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырды.     Тіркелмеген партия мүшелері Алматыда өтетін құрылтайға облыстың атынан қатысатын 5 делегат сайлады. 

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз