Жарнама
Саясат

ХАЛЫҚТЫҚ IPO: ТАБЫСТЫ МОЛАЙТУДЫҢ ТӨТЕ ЖОЛЫ

— Кәсіби мамандар «Халықтық ІРО» бағдарламасының алғашқы «қарлығашы» сәтті өткізілді деп бағалады. Тіпті, акционерлер дивидендтерін алып үлгерді. Сіз бағдарламаның бастапқы қадамын қалай бағамдайсыз? 

ahaluktuk— Меніңше, бағдарлама дер кезінде жасалды. Себебі, біздің нарықтық қатынасқа көшкенімізге жиырма жылдай уақыт өтіпті. Содан бері бағалы қағаздарды айналысқа шығарып, сатып, одан пайда табуды екінің бірі білмеді. Ол тек белгілі топтың мүддесінде ғана болды. Оны сол кезден-ақ жұртшылыққа кеңінен таратып, жұмыс жасауды үйреткенде бізде де қор нарығы әлдеқашан дамыған болар еді.
Оның басты себебі мынада: 1993 жылы көптеген кәсіпорындар жекешеленді, оның ішінде мұнай-газ саласындағы компаниялар да болатын. Бірақ, акцияларын қор нарығына шығарып көрмеппіз. Шығарғанның өзінде оған бәрі бірдей қатыса алмады. 1994 жылы «Теңізмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғам болып бөлінді. Дегенмен, оны сатып, кірісінен ақшасын алатын мүмкіндік болмады. Осы шақта номиналдық құны 250 теңге тұратын акцияларды жұрт 200 теңгеге әрең өткізді. Ал, оны ауыл арасында түсінетіндер, әсіресе Астана, Алматыдан келгендер пайдасына асырды. Жаңылмасам, 2009 жылы болуы керек, Лондон қор биржасына шығарғанда 250 теңгеден өтпеген акцияның құны 21 мың теңгеден асып жығылды. Сонда ғана қалың бұқара барлығын ұққандай болды. Екі жүз акциясы барлар 4 млн. теңге пайда түсірді.
Қор нарығының бір пайдасы ондағы кірістен салық төленбейді, сатқан қаражатын толықтай алады. Бұл қозғалыс ертерек болғанда, баға бірден пәлен есеге аспас еді. Мұның бәрі кезең-кезеңмен жүргізілуі тиіс болатын.
— Айтуыңыз орынды. Шынтуайтқа келгенде, біз құнды қағаздар нарқын енді ғана түсінгендейміз.
— Әрине, бүгінгі таңда Қазақстанның қор нарығында бір ғана биржа бар. Соған бірқатар кәсіпорындардың акциялары шығарылып, айналыста жүр. Алайда, жоғарыда айтқанымдай, оның өзіне қарапайым халықтың қолы жете бермейді.
— Оның себебін қалайша түсіндіресіз деген сауал туындайды ғой…
— Несін жасырайық, осы компаниялардың бағалы қағазын биржадан сатып алып, кейін оны сатумен жұртшылық тікелей айналыса алмайды. Әсіресе, облысымызда бұған дейін ол жұмыстарды өз мойнына жүктейтін диллерлік, брокерлік компаниялар болмады. Сосын саланы жетік білетіндер жұрттан арзанға алып, оны биржада басқа бағамен сатып, пайдасын іздеп кетті. Мұны бәрі білуі тиіс.
Рас, «Халықтық ІРО» бағдарламасы ойдағыдай өтті. Бірақ, ол «халықтық» болғаннан соң көпшілікті қамтуы керек еді. Қорытындысынан байқағанымыздай, «ҚазТрансОйлдың» акциясын жүз мыңға тарта жан сатып алған болар. Ал, бізде қанша миллион халық бар? Біріншіден, оны алатын бәрінде бірдей қаражат болмады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демей ме? Қазақстандықтардың бәрі бірдей оны толық түсінбеді.
— Құпия болмаса, айтыңызшы, бағдарламамен өзіңіз қанша акция сатып алдыңыз?
— Бастапқы баға 725 теңгемен мың акция сатып алдым. Кейін үш-төрт айда қор нарығында бәсі көтерілді. Әрине, оның қандай себеппен көтерілгенін айта алмаймын, котировка жасаған жоқ едім. Бір акция 850 теңгеге жеткенде сатып жібердім. Сонда бағалы қағазымнан 125 мың теңге пайда көрдім. Бұл біз секілді зейнеткер үшін әжептәуір табыс деп айтар едім (күледі — авт.). Шыны керек, оны бірден 850 мың теңгеге сатып алатын кім-кімде де артық қаржы жоқ. Бірақ, бірі 10 данадан, енді бірі 5 акциядан сатып алды. Осы орайда жұртшылыққа ескерте кетейін, аз құнды қағаз алғаннан мол кіріс көрінбейді. Төленетін дивиденді де оның шаруасына шығындаған ақысын өтемеуі мүмкін. Сондықтан «халықтық» бағдарламадағы бағалы қағаздарды алғанда молырақ иемденуге жұмыстану керек. Қазір «ҚазТрансОйл» акциясының бағасы бұрынғы сатқан бәсіне қайта түсті. Мұның басты себебі дағдарысқа байланысты болуы да ғажап емес.
— Ендігі кезек – «КЕГОК»-та. Компания саяси шешімді күтіп отырғаны белгілі.
— Баршамызға белгілі, «КЕГОК» – еліміздегі көшбасшы компаниялардың бірі. Оның экономикалық жағдайына көз жүгіртетін болсақ, жылдық табысы миллиардтаған теңгені құрайды. Айтқандай-ақ, компания бағдарламаға биылғы жылдың мамырында шығуы керек еді. Бірақ, мерзім кешеуілдетілді. Мұның да бірнеше себебі бар. Алдымен, өткен жылы компанияның таза пайдасы 18 пайызға түсіп кетті. Демек, шығын орнын тұтынушылардан қайтару керек болды. Бұл ретте олар кірісті көбейту мақсатында тарифті өсірді. Есептеп қарасақ, соның арқасында бірінші тоқсанмен салыстырғанда жалпы кірісі 15 пайызға өсіпті. Егер тариф қазіргі деңгейде тұратын болса, «КЕГОК»-тың акциясынан акционерлерге пайда түсері сөзсіз.
— Әрине, баға бекітілмейінше кесіп айту қиын. Бірақ, сіздіңше, компания акциясының құны қанша болмақ?
— Бұл жерде «қанша және қандай көлемде құнды қағаз шығарылады?» деген сауалға жауап іздеуіміз керек. Мысалы, олар акцияны көбейтіп, бағасын 100 теңгеден қоюы немесе санын аз шығарып, бәсін көбейтуі мүмкін. Бірақ, қайткенде де халыққа қолжетімді бағада болуы тиіс.
Бұдан кейін тағы да кезекте бірнеше компанияларымыз тұр. Атап айтсақ, «ҚазМұнайГаздың» акциялары жұртшылыққа танымал. Себебі, көпшіліктің қолында «ҚазМұнайГаз Барлау. Өндіру» акционерлік қоғамының акциялары бар. Олар сатып, сатып алып, тиімділігін көріп үлгерді.
— Түсінікті. Алайда, бір ғана бағдарламамен қор нарығын дамыта алмаймыз. Бұл бағытта тағы да қандай қадамдар жасағанымыз жөн?
— Сұрағыңыз орынды. Мемлекеттің саясаты дұрыс шығар, қазір барлық мәлімет орталық депозитарийға жинақталатын болды. Алдымен трансфер-агентпен жұмыс істейді, сосын барлығы соған жеткізіледі. Акционерлер керек ақпардың барлығын бір орталықтан ала алады. Бұрын әр компания туралы мәліметті алу үшін әрқайсысына хабарласатын. Бір жағынан, жалғыз ғана тіркеуші болғандықтан көптің бәрін қамту қиынырақ. Бізде тіркеуші, яғни трансфер-агенттің қызметін «Қазпошта» (Темір жол вокзалы маңындағы поштаның 107-бөлмесінде) атқарады. Оған келетін халық көп. Тіпті, бағдарлама бастауын алған кезде ұзын-сонар кезек болды. Қашықтан келгендер қалада қонып қалды. Бұрын бірнеше тіркеуші компания болғанда, бір сағаттың ішінде жұмысын бітіретін-ді. Ол үшін пошта желісін көбейту керек. Оған қосымша мамандарды оқыту қажет. Мұның бәріне шығын кетеді. Ал, қор нарығының қызмет көрсету ақысы онша қымбат емес.
— Шынымен де, құнды қағаздар қор нарығына шыққан кезде қиындық туғызғанын көзіміз көрді. Бұл кемшіліктің орнын толтыру үшін брокерлік компанияларды көбейтсек ше?
— Брокерлік компаниялармен тығыз байланыста болуды халық жетік білмейді. Ол бізге не үшін қажет? Жұртшылық қолында бар акциясымен тікелей қор биржасына шыға алмайды. Содан барып ұтылады. Себебі, кім қаншаға аламын дейді, сол бағаға береді. Бүгінгі таңдағы шынайы бәсін білмейді. Биржаға шығару үшін брокерлік компанияның қамтылуында болуы тиіс. Оған өту тіптен қиын емес. Осындағы өкілдеріне барып келісім-шарт жасасады. Ол қамқорлығына алып, міндет-мақсаттарын айқындайды. Мәселен, акциялар шығарылғанда қаншасын алып, сату жөнінде компанияларға тәртіп беріп отырады. Бар болғаны – осы. Әсіресе, ауылдағыларға пайдасы шаш-етектен.
— Көп реттерде брокерлік компаниялардың пайызы жоғары деп жатады…
— Дұрысында, пайыз аз. Бұған дейін тіркеуші компанияларда қызмет көрсеткеніміз үшін қанша алдық, бүгінде компанияның пайызы сондай. Бір ғана тіркеуші «Қазпоштаныкімен» бірдей. Тек бәзбіреулердің сондай әңгіме таратқанын естідім. Онсыз да қор нарығына енді ғана дендеп түсініп келе жатқан халық бұған сеніп қалуы да мүмкін. Мысалы, Алматыдан не Астанадан келіп 10 мың теңгенің акциясын 8 мың теңгеге сатып алады да, биржаға сол бағамен апарса, едәуір пайда емес пе? Әдісін білген айлакерлер осылайша ақша табуды үйреніп алған. Сондықтан, қалың бұқара «қара базарда» жүргендердің сөзіне құлақ аспауы қажет.
— Бізде брокерлік компаниялар жоқ қой…
— Бар. Алматыдағы «Kaеf» компаниясы осында келіп, өкілдігін ашты. Олар Атырау қаласындағы Қарымсақов 2 «А» мекен-жайындағы кеңседе жұмыс істеп жатыр. Бір кездегі «Қор орталығының» орнында халыққа қызмет көрсету үшін отыр.
-Бағдарлама болашағынан не күтесіз?
— Жақында Мемлекет басшысы тоғыз айдың қорытындысымен кәсіпорындарды сын тезіне алды. Инновациялық жобалармен ұшақ шығаратын зауыт көрсетілімге арнап біреуін шығарады да, кейін ол жабылып қалғанын ашық айтты. Оған миллиардтаған ақша жұмсалды.
Мәселен, отандық өнім шығаратын зауыттар ашылып, мыңдаған жұмысшы еңбек етіп, өндірісі өркендеп, табысынан Үкіметке салығын уақтылы төлеп отырса, онда мен бұл бағдарламаның да болашағына зор үмітпен қараймын. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда экономикамыздың негізі – шикізат болып отыр. Сол себепті де, Ұлт Көшбасшысы бәсекеге қабілетті өзімізден өнім өндіруге баса назар аударып келеді.
— Соңғы сұрақ. Қор нарығында тәуекел де болуы заңдылық. Осы орайда акционерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
— Әрине, «тәуекел түбі – жел қайық» деген бар ғой. Бір күні бағалы қағаздардан пайдаға кенеліп, келесісінен ұтылуыңыз да мүмкін. Сондықтан, бір ғана кәсіпорынның акциясымен шектелмей, молынан алу керек. Бірінің құны азайса, екіншісінікі артады. Сөйтіп, тұрақты табыс көруге болады.

Әңгімелескен
Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button