Жарнама
Саясат

ЕНДІГІ БОЛАШАҚ – АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫНДА

alogo2050

Атомнан қорқудың жөні жоқ

Ядролық энергетика деген де ең алдымен ойға оралатыны–өткен ғасырдағы Чернобыль апаты мен Фукусимадағы (Жапония) жарылыс. Бұл апаттар әлемді шошытып, «адамзат үшін атом энергиясы қажет пе? Оның қандай пайдасы бар?» деген тығырыққа тіреді. Атом жайлы пікірталастар біздің елімізде де қызу жүріп жатыр. Осы жерде әлемнің кейбір дамыған елдерінде электр қуатын өндіруде атом энергетикасы үлесінің 50 пайыздан асып отырғандығын атап айтқым келеді. Мәселен, дүние жүзінде өндірілетін электр қуатының 17 пайызы АЭС-тардың үлесінде. Бір ғана АҚШ-та 104 ядролық реактор жұмыс істеп тұр.  Ендеше, бейбіт атомның нендей пайдасы бар? 

Бүгінде қырықтан астам мемлекет АЭС қуатын пайдаланып отыр. Әлемде күні бүгін 439 ядролық реактор жұмыс атқарып тұрса, мұның артында 136-сын іске қосу жобасы бар. Осы жерде «атом қуатын пайдалануға деген мәжбүрлік адамзатта қайдан туады?» деген сауал шығады. Өйткені, жыл сайын әлемдік нарықта мұнай мен газ бағасының қымбаттап, табиғат қорының азаюы басты себеп болып отыр. Жолдауда «Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек. Мұнай мен газ өндірудің ықтимал сценарийлері бойынша түбегейлі шешімге келу керек» дей келіп, Елбасы көмірсутегі өнімдерінен көптеген пайдалы заттар алуға болатындығына тоқталды. Рас, оларды ауыстыратындай басқа баламалы электр қуаты көздерінің үлесі мардымсыз екені белгілі. Осындай жағдайда ешбір дамыған мемлекет өз экономикасына орасан зор пайда әкелетін, экологиялық жағынан таза, экономикалық жағынан тиімді атом энергетикасынан бас тарта алмайды. Сондықтан, бұл салада АҚШ, Франция, Жапония сынды мемлекеттер көш басында келе жатса, алға қарай Қытай, Үндістан, Түркия, Болгария сияқты елдер өздерінің атом энергетикасын дамытып, АЭС-тар салу жөнінде кешенді жоспарлар жасап, сол саптан табылмақ. Аталмыш елдердің қатарына біздің Қазақстан да еніп отыр. Демек, бізге уранның мол қорының үстінде отырып оны экспорттай бергеннен гөрі, өз қажетімізге жаратқан тиімді. 

Елімізде энергия тапшылығы сезіле бастады

Жылдан-жылға қарышты қарқын алып келе жатқан елімізде қазірдің өзінде энергия тапшылығы сезіле бастады. Бұлай жалғаса беретін болса, бізде де бара-бара Вэнесуэладағыдай ел астанасынан басқа жерде түнгі жарыққа шектеу енгізіп, қараңғыда қалуымыз әбден мүмкін. Еліміздің оңтүстік өңірі әлі күнге электр энергиясы жағынан көршілес ағайындарға тәуелділігін жойған жоқ. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, Украинаға газ бермей қысым жасаған Ресейге ұқсап, бір күні ала шекпенді немесе айыр қалпақты ағайын жонын беріп сырт айналса, күніміз не болмақ? Энергетикалық қуат көздері жағынан аймақтағы елдерді шаң қаптыратын Қазақстанның өзгелерге тәуелді болуының жөні бар ма? АЭС салмасақ, 2015 жылдары энергия тапшылығын сезінетініміз қазірден-ақ болжануда. «Атомсыз-ақ, жылу-электр стансаларын салуға болады ғой, онда радиация жоқ» деген ой болуы да әбден мүмкін. Бірақ, АЭС-қа отын ретінде уранның қолданылатындығын атап айтқым келеді. Жанған уранның ауаны бүлдірмейтіндігі белгілі. Оның қалдығы орындарда мұқият сақталады. Жаңағы ЖЭС (ТЭЦ) күніне 30 вагон көмір жағып, түтіні ауаны улап, айналасында күл-қоқыс көбейіп, экологияға залалын тигізгені өз алдына, өнімі де қымбатқа шығады. Бұл, әрине, ел экономикасына кері әсер етеді. 

Ол мұқият 

сақтауды 

қажет етеді

Ал, атомның қандай зияны болуы мүмкін? Еліміздегі кейбір топтар мен ядролық энергетиканың қарсыластары «халқымыздың қауіпсіздігін ойласақ, АЭС салуға жол бермейік»  деген біржақты пікірді ұстануда. АЭС-тарда апат бола қалса, реакторлардан бөлінетін ядролық изотоптар шекараны білмейді. Ал, ондай стансалар көршілес Ресей мен Қытайда бар. Ғалым Марғұлан Хамиевтің мәліметінше, КСРО кезінде Қазақстан территориясы түгелге жуық ядролық сынақ алаңына айналған екен. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында – 47, Атырау облысы бойынша – 17, Қостанайда — 5, Маңғыстауда -3, Ақтөбе, Көкшетау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында -1, Семейде – 470 сынақ жүргізілген. Айта кетерлігі, Батыс Қазақстан облысында – 11, Семейде -126 сынақ жер үстінде өткізілген. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, еліміздің радиоактивті қалдықтар әсеріне шалдыққан территориясының жалпы ауданы – 10 000 га. Бұл – Кеңес Одағының қалдырған қатерлі мұрасы. Қарсы пікірдегілер қалдықтан құтыла алмай отырып, АЭС салу экологиялық ахуалды одан әрі шиеленістіреді дегенді айтады. 

Енді мынаған тоқталайық. 2012 жылдың  наурыз айында Сеулде саммит өтті. Оған 53 елден жоғары дәрежелі меймандар қатысты. Саммитке арнайы қатынасқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік саласында атқарылған елеулі оқиғаларға тоқтала отырып, Қазақ елінің 210 тонна ядролық отынды қауіпсіз сақтау орнына тасымалдаудың бұрын-соңды болмаған жобасын жүзеге асырғандығын, бүгінде елімізде реакторды төмен байытылған отынға ауыстыру, ядролық қауіпсіздік жөніндегі өңірлік оқу орталығын құру жұмыстарының жалғасып жатқандығын мәлімдеді. Сондай-ақ, ел Президенті Қазақстан Мемлекетінің МАГАТЭ-мен бірлесіп, табиғи уранды есептеу, бақылау және физикалық қорғаудың автоматтандырылған ерекше жүйесін жасақтау үстінде екендігін баяндап өтті.  Қазақстан басшысы адамзат қауымына бұдан былайғы уақытта қауіпсіздіктің абсолюттік кепілдігі мен ядролық энергетика жұмысының төмендегідей үш басты қағидаты қамтамасыз етілген жағдайда ғана дамытуға болатындығын мәлімдеді. Ол — әмбебаптық, транспаренттілік және жеделділік, теңдік пен сенім қағидаттары. Бұдан шығатын қорытынды — барлық мемлекеттерге бейбіт ядролық технологияға қолжетімділіктің тең құқығы, сондай-ақ төменгі байытылған уранның халықаралық банкінің кепілді қорларын пайдалану мүмкіндігі берілуі керек. Қазіргі уақытта осындай банкті Қазақстанда орналастыру жөніндегі МАГАТЭ-мен жұмыс өзінің практикалық сатысына көтеріліп отыр. Бұл біздің таратпау режимін нығайту мен ядролық қарусыздануға қосар нақты үлесіміз болып отыр. 

Бүгінде  Қазақстан мен Ресей президенттерінің бастамасымен әлемде тұңғыш рет уран кенін байыту жөніндегі халықаралық орталық құрылып отыр. Осыған орай, «Росатом» мен «Қазатомөнеркәсібі» компаниялары арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды. Бұл Қазақстанда АЭС салына қалса, Ресей қолдау көрсетеді деген сөз. Соңғы жылдары Ресейде шығарылып жатқан ядролық реакторлардың дүниежүзіндегі осы тектес реакторлардан әлдеқайда қауіпсіз екендігін әлем ғалымдарының мойындап отырғанын ескерсек, «Росатоммен» арадағы келісімге қуануға болады. 

Қорыта келе айтарымыз, атомнан табыс табуға жол ашу еліміздің жарқын болашағы үшін қажет. Осыған орай, Қазақстанда бейбіт атом саласын дамыту еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шешуші салаларының біріне айналып отыр. Ендігі кезекте атом саласында отандық кадрларды оқытып-үйрету міндеті тұр. Ядролық технология саласын айтпағанда, қазір уран кеніштерінде де ұлттық кадрлар жоқтың қасы. Сондықтан, біздің алдымызда білікті кадрлар мәселесін шешу және ғылымды дамыту міндеті тұр. 

Бекет КЕНЖЕҒҰЛОВ, 

техника ғылымдарының докторы, профессор, 

Атырау облыстық 

Мәслихатының депутаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button