ЕЛ ЕРТЕҢІ – МҰНАЙ МЕН ГАЗ

Елбасымыздың халыққа Жолдауын іске асырып, еліміздің дамыған отыз ел қатарына қосылуы жолындағы  қарышты қадамда мұнай-газ өнеркәсібі саласының үлесі айтарлықтай. Тек соңғы үш жылда аймақта бұл салада іргелі істер жүзеге асты.

 

Алдымен, республика бойынша өндірілетін көмірсутегі шикізатының жартысынан көбі Атыраудың үлесінде екендігін айтқан абзал. Бұл бағытта тартылған инвестиция жөнінен де елімізде алдыңғы орындамыз. Әлемнің азулы компаниялары ат арытып бері шұбырып жатыр. Жергілікті атқарушы билік басшыларымен жүргізілетін келіссөздің түйіні де – мұнай мен газ кеніштерін бірлесіп игеру, әрине, тегін емес. Инвестор да өз мүддесін көздейді. Әйтсе де, оларда қаражат пен жетілген технология, ал, бізде кен орындары бар. Міне, аймақ басшыларына жүктеліп отырған міндеттердің бірі – шетелдіктермен жасалған шарттардан пайда табу.

Осы орайда атыраулық атқарушы билік өкілдері осындай келісімдер нәтижесінде өңірдің әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешуде. Мәселен, ТШО, КТК-К және НКОК компанияларының қатысуымен облыста ондаған мектеп пен балабақша, аурухана мен емхана, мәдениет пен спорт нысандары тұрғызылды. Бірнешеуі күрделі жөндеуден өтті. Олардан отандық компаниялар да  қалысар емес. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өңірдегі өндірістік буындары саналатын «Ембімұнайгаз», «ҚазТрансОйл», Атырау мұнай өңдеу зауыты аймақ халқының әл-ауқаты жақсаруына лайықты үлес қосуда. Міне, мұны облыс әкімдігінің отандық және шетелдік компаниялар назарын әлеуметтік проблемаларға бұра білуі деп түсіну керек. Елбасының барлық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер жетекшілеріне жүктеген міндеті де осы.

Соңғы үш жылдың елеулі оқиғаларының бірі ретінде Солтүстік Каспий жобасының мәреге жетуін атаған жөн. Қашағанның алғашқы өнімі алынды. Осы салтанатқа Қазақстан Президентімен бірге Ұлыбритания үкіметінің басшысы да қатысты. Рас, кейін теңіздегі жасанды аралдардан құрлықтағы қондырғыларға тартылған құбырлар сыр берді. Аса ыстық пен үлкен қысымға шыдамады. Бүгінде екі жүз шақырым дерлік тұрбалар ауыстырылуда. Ең бастысы – теңіз түбіндегі тұңғиықтан тұңғыш өнім алынды. Қазақ елі өз тарихында алғаш рет айдын төсіне бұрғы байлатып, нақты нәтижеге жетті. Жаңа технологияны меңгерген қазақстандық кадрлар жетілді. Солтүстік Каспий жобасында еліміздің үлесі артты. Қазір мұнда іс тізгінін отандық мамандар да ұстай бастады. Міне, мұндай маңызды мәселеде де облыстық әкімдік өз сөзін айта білді.

Бүгінде қазақстандық геологтар республикада көмірсутегі шикізатының мол қоры бар екенін айтып отыр. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мемлекеттік сыйлыққа үміткер ретінде ұсынып отырған ғалымдардың зерттеу еңбегіне қарағанда, Каспий маңы ойпатының келешегі керемет. Соның бәрін игілігімен игерсек, дүние жүзінде көмірсутегі шикізатына бай мемлекеттердің қатарына қосыламыз. Елбасы қойып отырған нақты тапсырма да осы емес пе?!

Бүгінде, мамандардың тұжырымдауынша, тұзасты қабаттарына бұрғы байлататын қолайлы кез туды. Тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарындағы экономикалық қиындықтар бұған мүмкіндік бермеген еді. Содан бері «қара алтын» таяз тереңдіктен алынып келеді. Отандық мұнайшылардың қорындағы мұндай кеніштердің де өнімдері сарқылуда.

Ал, тым тұңғиыққа бұрғы бойлату үшін тың технология керек. Байырғы бұрғышы-инженер Ахметқали Ізекеновтің пікірінше, тұзасты қабаты кеңестік кезде де қазылды. Сол уақытта да 5000-6000 мыңдық тереңдік бағындырылды. Бірақ, шындығы керек, апат жиі орын алатын, межеге жетуге ұзақ мезгіл кететін. Енді, өткен жылы «ЖігерМұнай Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мәреге жеткізген алмаз қашаулар мен бұрғылауға қажетті бөлшектер шығару жобасы бұл мәселені шешті. Индустриялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған шара нәтижесінде отандық компаниялар  озат өніммен қамтамасыз етілді. Атап айтар жай – бұған дейін Қазақстанда бұрғы қашауларының шығарылмауы. Олар әуелден-ақ алыстан әкелінетін. Міне, енді, сол олқылықтың орны толтырылды. Мұндай алмаз қашаулармен 3000 метрлік тереңдікті еш ауыстырмай еркін қазуға болады, тістері де мұқалмайды. Келешекте осындай өнімді жылына 450-500 данадан шығару жоспарланған. Оған өзімізден ғана емес, шетелдерден де сұраныс боларына үміт бар.

«ЖігерМұнайСервис» мекемесі биыл тағы бір жобаны жүзеге асырды. Жеті шақырымдық тереңдікті еркін қазуға қуаты жетерлік, алып тұрбаларды көтеруге мүмкіндігі бар бұрғылау қондырғысын құрастырды. Оның біріншісін бұрғышылар қолданып та жатыр. Сол салтанатта облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұл оқиғаны күллі Қазақстан индустриясының жеңісіне балаған-ды.

«Атырау Нефтемаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ірі габаритті және аса ауыр бұйымдарды жинақтау өндірісін ұйымдастыруы да – соңғы үш жылдың жемісі. Кәсіпорын өнімі Теңіз кеніші тәрізді үлкен кен орындарын игеруге керек-ақ. Қазір ТШО кезекті кеңейту жобасына дайындалуда. Демек, оған қажетті қондырғыларды алыстан арбаламай, іргеден табуға болады.

Жалпы, белгілі бұрғышы, геолог-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықовтың айтуынша, қазақстандық мамандар аса терең ұңғымаларды бұрғылай алады. Осы орайда, Еуразия жобасы геология саласында зор жаңалық болмақ. Оны бірлесіп игеру жөнінде Қазақстан және Ресей Президенттерінің қатысуымен Атырауда өткен ХІІ өңіраралық экономикалық форумда келісілді. Осы басқосуда облыс басшылығы да бірнеше ресейлік аймақпен тиімді келісім жасады. Ал, атыраулық жастардың Уфада мұнайшы мамандығына тәлім алып жатқандығы да – жергілікті атқарушы билік бастамасы. Биыл да осы оқу орнына атыраулық біраз жас түсті. Оларға да шынайы қамқорлық керек. Түбі білікті де іскер мұнайшыларға сұраныс азаймайды. Сөз ретінде  айтар болсақ, Бақтықожа Салахатдинұлының өзі де осында оқыған.

Қысқасы, бүгінде әлемдік нарықта мұнай бағасы төмендеп тұрғанымен, көмірсутегі шикізатына деген мұқтаждық бар. Баламалы энергетикалық қуаттар әбден жетілгенше, осы шикізатты пайдаланамыз. Демек, ел экономикасында Атыраудың алар орны аласармайды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз