ЕЛМЕН ЕСЕЙГЕН ЖЫЛДАР

Еліміз егемендік алған кезеңнен бергі қол жеткізген жетістіктеріміз туралы аз жазылып жүрген жоқ. Әрі талассыз ақиқат дүниелер халықтың көз алдында өтіп жатыр. Мұның бәрі де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының жемісі екені ақиқат.

 Ерекше айта кетерлігі, ел Президенті тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік басқару жүйесі мен негізгі құрылымдарды кезең-кезеңімен біліктілікпен заңдылық шеңберінде құра білді. Мәслихаттар институтының өмірге келуі осы сөзіміздің жарқын мысалы бола алады. Бүгінде түрлі деңгейдегі мәслихаттар құрылған ел өміріндегі елеулі оқиғаға жиырма жыл толып отыр. 

Өткенге шолу жасап қарасақ, бұрын тәжірибеде болмаған өкілетті басқару органына партия, кеңес, шаруашылық жұмыстарында ысылған, ылғи тәжірибелі кадрлар келген екен. Облыстық мәслихатқа  тәжірибелі комсомол, партия қызметкері Қ.Ризуанов жетекшілік етсе, Жылыойда Қ.Ермеков, Мақатта О.Деңгелбаев, Қызылқоғада А.Сабыров, Атырау қаласында Н.Мүталиев, Балықшыда Т.Амантурлина, Индерде Қ.Досанов, Махамбетте С.Сатаев, Құрманғазыда Р.Султанияев сияқты азаматтар мәслихат хатшылары болып сайланды.

Осы оқиғадан бір жылдан кейін республиканың жаңа Конституциясын қабылдау, қос Палаталы Парламенттің Жоғарғы Палатасы – Сенат депутаттарын сайлап, қалыптастыру сияқты саяси маңызды жұмыстардан бастау алған мәслихаттар ел дамуының өткен барлық кезеңдерінде билік пен халық арасындағы берік  дәнекер, берекелі байланыстың тетігі болды. Әрбір әкімшілік аумақтық бөліністің перспективалы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларынан бастап, оның бюджетін қалыптастыру, кіріс, шығыс бөліктерін бекіту, тексеру комиссиялары арқылы орындалысын бақылау, ел өміріне маңызды бағдарламаларды бекіту, атқарушы органдардың есептерін тыңдау, басқару құрылымдарын бекіту, т.б. өмірлік күнделікті маңызы бар мәселелерді жүзеге асырумен мәслихат тұрақты түрде шұғылданып келеді. 

Бүгінде аудан орталықтары адам танымастай өзгерді. Өңірімізде ірі мұнай өндіру кешені қалыптасты. Шетелдік инвестиция көптеп тартылды, ауыл шаруашылығы құрылымдары жекешеленіп, жаңа шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы өнімін жаңа технологиялық негізде өндіретін құрылымдар өмірге келді. 

Ауыл-селолардың да табиғи газды, таза ауыз суды тұтынуы,  цифрлық байланыс, интернет, ұялы байланыс жүйелерінің орнатылуы, көпірлер мен жолдардың, мектептер мен емханалардың салынып, пайдалануға берілуі егемендік жылдарының жемісі десек, осынау істерге ұйытқы болған депутаттардың еңбегі де зор. Әрбір шақырылымдағы депутаттар өз құзыретінде түрлі мәселелерді зерттеп, тексеріп, тиісінше мәселе көтеріп, кемшіліктерді жоюға, жемқорлыққа тосқауыл қойып, заңдылықты нығайтуға бағытталған  белсенді әрекеттерімен көзге түсіп отырды. Солардың қатарында Қ.Сапаров, А.Қаражанов, А.Есекеш, А.Қапаров, С.Қапизов, Ғ.Есмағамбетов, М.Жамалова, С.Қабделов сынды депутаттар бар. 

2000 жылдан бастап елдің өзін-өзі басқару тұжырымдамасы біртіндеп өмірге ене бастады. Оның бастауында да мәслихаттар тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр жылдардағы бұқараға дәстүрлі Жолдауында мәслихаттарға қосымша құзыреттер беру,  биліктің негізгі салмағын жергілікті жерде шешуге мүмкіндік жасауды міндеттеп келеді. Соның нәтижесінде өзгерістермен толықтырылған «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік  басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заң өмірге келді. Нәтижесінде, бүгінде мәслихаттар барлық сайлау комиссияларын қалыптастырады,  жанама сайлау құқығымен ауыл (кент) әкімдерін сайлайды, олардың қауымдастық мүшелерінің нормалық мөлшерін белгілейді. Аудан, ауыл әкімдерінің есептерін тыңдайды. Демек, бүгінгі күні мәслихаттарға халық билігін жүзеге асырып, олардың мәселелерін шешуге заңды құзырет шеңбері жеткілікті деп айтуға болады. 

Ел тәуелсіздігінің жиырма жылы ішінде қол жеткізген жетістіктері – халықтың көз алдында. Бұл жетістіктердің бастауында облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар депутаттарының, тұрақты комиссиялардың, мәслихаттар аппараттарының да жемісті үлестері бар. Бүгінде Мәңгілік Ел болуға ұмтылған Қазақстан Президентіміздің сарабдал саясатымен 2050   жылы жетер  асуларды  белгілеп отыр. «Қазақстан жолы – 2050:  Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауды жүзеге асыруда мәслихат депутаттары жұмылған жұдырықтай әрекет ететін болады.

Жұмажан КАДИМОВ,
Исатай аудандық 
мәслихатының хатшысы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз