Латын әліпбиі: бүгінгі міндет, ертеңгі меже қандай?

03 021 Жаңалықтар

Рухани жаңғыру үрдісінің бұлжымас бір бөлшегі ретінде таяу жылдарда латын әліпбиіне көшу – Елбасы жүктеген негізгі міндеттің бірі. Осы орайда сөзден іске көшіп, нақты жұмыстарды жүйелейтін кез келді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы дайындық жұмыстары кең көлемде бастау алуда.

03-021

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған «дөңгелек үстел» барысында аталған тақырып кеңінен талқыға салынды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тілдерді дамыту, талдау және үйлестіру жұмыстары бөлімінің басшысы Мәншүк Мұханбетқалиева, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті көптілді білім беру факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Жұмазия Әбдірахманова, Атырау мұнай және газ университеті Қазақстан тарихы және әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Нығметов қатысып, өз ойларымен бөлісті. Жиынды өңірлік коммуникациялар қызметінің жетекшісі Баян Жанұзақова жүргізді.

Б.Жанұзақова:

– Әңгімемізді латын графикасына көшу мәселесіне дайындық, үйлестіру жұмыстарының жайы туралы мәселеден бастасақ… 

М.Мұханбетқалиева:

рухани жаңғыру3

– Латын әліппесіне көшу арқылы қазақ тілін түбегейлі жаңғырту, коммуникативтік, ғылыми, технологиялық  әлеуетін  арттыру, қазақ тілін әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару көзделіп отырғанын кеңінен түсіндіруіміз қажет. Айта кету керек, бұл бағытта ғалым-сарапшы, әдебиетшілермен қатар, ақпараттық технологиялар мамандарының күшін көбірек пайдалану керек деп айтқым келеді. Себебі, бұл – жан-жақты талқылауды қажет ететін күрделі мәселе. Елбасы тарапынан бізге беріліп отырған мол мүмкіндіктің бірі – латын әліпбиіне көшуді біртіндеп, сатылы түрде жүзеге асыру. Өйткені, аз уақыт аралығында әліппе алмастырып, осы әдіске көшіп кеткен Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан сынды елдердің көп қиындықтарға кезіккенін көріп отырмыз. Қазақстанға өзге елдердің оң және теріс тәжірибелерін ескере отырып, бірден оңтайлы әліппе жасауға үлкен мүмкіндік беріліп отыр.

Б.Жанұзақова:

– «Латын әліпбиіне көшу тақырыбының қозғалу себебі неде?» деген сауал төңірегінде ой өрбітсек…

Ә.Төлеуішов: 

рухани жаңғыру2

–  Бұл – бүгін ғана қозғалып отырған тақырып емес. Латын әліппесіне көшу – тәуелсіздік алғаннан бері үлкен ғалымдар тарапынан айтылып келе жатқан әңгіме. Біз қазір түркі әлемінен шеттеп барамыз. Солармен ортақ жазу үлгісіне келу үшін латын әліпбиіне көшу –  кезек күттірмейтін мәселе. Жалпы, бұл бізге жат нәрсе емес, 1929-1940 жылдары біздің жазу үлгіміз осы әліпбимен жүргізілді. Кейін кириллицаға көшіп кеттік. Латын әліпбиіне көшу – халықтың күтіп отырған мәселесі. Іргеміздегі Қытайдағы қазақтар, Түркиядағы қандастарымыз да бұған асығуда. Әлемдік озық технологияға толық ену үшін де өте қажет. Осы уақытқа дейін дайындық жүргізіліп келді. Енді соларды жүйелеу керек.

2013 жылы Астанада филологтардың І съезі өтті, мен қатынастым. Сонда осы мәселе көтерілді. Біздің ғалымдар тарапынан 160 әліппе ұсынылды. Соның біреуін таңдау, қалай таңдау – бүгінгі басты мәселе. Орыс алфавитінен енген 7 әріп, қазақтың «қ, ғ» секілді әріптері бар. Міне, соларды қалай таңбалау қажеттігі үлкен дау туғызуда. Бірі «екі әріппен таңбалау қажет» десе, енді бірі «ноқаттар арқылы айшықтау қажет» дейді.

Қазақ әріптерінің емлесіне қатысты заң 1957 жылы қабылданып, 1981 жылы бірқатар өзгерістер енгізілген. Ол емле бойынша қазақ әріптері үндестік заңына бағынуы керек. Ахмет Байтұрсыновтың сөзіне сүйенсек, «емле заңға бағынбауы керек». Осы екі араның жігі бізде әлі   нақты ашылмаған. Барлық ұсыныстарды саралаған соң, бір тоқтамға келген жөн. Осы жерде тағы бір проблема туындайды. Орыс мектептерінде оқитын қазақ балаларының жайы. Олар қалай болмақ? Бір қазақтың баласы екіге бөліне ме? Яғни, орыс мектептеріндегі оқу жүйесі қалай болмақ? Мәселені тиімді шешу үшін ғалымдарға көп күш түседі. Жоғарыда айтылған Өзбекстан латын әліпбиіне көшіп алғанымен, он жыл ішінде 4-5 рет өзгерістер енгізді. Бірақ, қоғам талабы – латын әліпбиі. Орыстілділіктің құрсауынан құтылудағы бір жол да осы. Бұл бірлікті, ұйымшылдықты қажет етеді.

Б.Нығметов:

рухани жаңғыру4

– Қазір қазақ елі – әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі. Бұл мәселе әруақытта да қазақ зиялыларының көкейінде жүрген. Өйткені, кириллица – бізге жат. Төл санамызға – қиянат. Шыны керек, бұл тұста қиындықтарға негізінен аға буын тап болуы мүмкін. Себебі, біз кириллицаға үйреніп кеттік. Бірақ, болашақ иелері, жастарды ойлауымыз керек. Сондықтан, жік-жікке салмай, бірігіп жүзеге асыруымыз қажет.

Ж.Әбдірахманова:

рухани жаңғыру

– Бұл бастаманы біз латын әліпбиіне көшу емес, қайта оралу деп түсінгеніміз жөн. Былай қарасақ, 4 дауысты әріптері бар, ноқаттар арқылы белгіленетін араб жазуы – өте қиын. Соны меңгерген қазақ халқы үшін латын әліппесіне көшу аса қиындықтар туғызбайды деп ойлаймын. Латын тіліне көшудің негізгі үш басым жетістігі бар: біріншіден, әлемдік кеңістікке бірден-бір қадам. Үш тілді еркін меңгерген ұлт қалыптастырғымыз келсек, латын әліппесі мен ағылшын жазуының бірдей екені көп көмек. Екіншіден, қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін қажет. Яғни, кириллицадағы «ч, ц, я, ю, ь, ъ» секілді басы артық әріптерден құтыламыз. Үшіншіден, түбі бір түркі халықтарымен рухани-мәдени құндылықтарымызды бөлісуге септігі тиеді. Қиын тұстары да жоқ емес. Ең бастысы, санамыз уланып қалған. Қорқынышты бір күнде жеңу мүмкін емес. Десек те, жастарымыз бұл бағытты қызу қолдап, тез үйренеді. Бұл да – үлкен көмек.

Б.Жанұзақова:

– Латын әліпбиіне көшу – бұл кезек күттірмейтін, қажетті қадам. Осы ретте ендігі әңгімені көшудің нендей тиімді жолдарын ұсынуға болады, яғни нақты қайсы елдердің тәжірибелерін үлгі етеміз дегенге орай не айтар еді-ңіздер?

Ж.Әбдірахманова:

– Бұл ретте насихат жұмысын кең ауқымдандырған дұрыс. Менің ойымша, ең бірінші адамның көзін үйреткен жөн. Күні бүгіннен бастап, адамдар көп жиналатын жерлерде, не маңдайшаларды жазуда осы әліппені қолдансақ, халық көзімен көріп, жақын қабылдай түседі. Насихаттың тағы бір түрі – бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде газеттер. Бұл тіл емес, әріп қой. Сондықтан, мақалаларды екі форматта бергеннің де артықтығы болмас еді деп ойлаймын. Бірақ, осының бәрін жүзеге асыру үшін, ең алдымен, томпақ тұстары жоқ, нақты белгіленген әліппе қажет.

Ә.Төлеуішов:

– Бұл ретте бір айтарым, шетелдік тәжірибелерге көп сүйенуге болмайды. Олардың озығы мен тозығын толық сараптауға мүмкіндік бар. Ғалымдарымыз ортақ жүйеге келуі үшін ұсынылған үлгілер кең тал-қыға салынуы керек. Яғни, ғалымдар өзара ақылдасып қана қоймай, халықтың да пікірін біліп, солардың қабылдауына қарай нақты емле бекітуі керек. Бұл жерде интернетке сүйенген дұрыс болатын шығар. Тағы бір үлкен мәселе – бүгінге дейінгі тарихымыздың тағдыры. Олай дейтін себебіміз, әуелі араб қарпі болды, одан кейін латын, бұдан соң кириллицаға көштік. Енді соларды біріздендіріп, түбегейлі латынға көшіруіміз керек. Бұл –  болашақ үшін қажетті қадам. Осы жерде шығатын тағы бір мәселе – мемлекетіміз біреу, мемлекеттік тіліміз де біреу, қазақ тілі болуы қажет. Басқа тілді игеру керек, орыс тілін білгеннің артықшылығы жоқ. Әлемдік руханияттың көшбасшысы Жапония өз балаларын 11 жасқа дейін өз тілінде ғана оқытады. Бұл дұрыс деп есептеймін. Жалпы, қазақ тілін толық білетін адамдардың есептік көрсеткіші 40 пайыз деп айтылып жүр, мен бұнымен келіспеймін. Себебі, өзге ұлттар да қазақ тілін меңгеріп жатқанда қанында бар ана тілін білетіндердің саны аз болуы мүмкін емес.

Б.Нығметов:

– Айтылғандармен толықтай келісемін. Өзге түркітілдес елдердің латын әліпбиіне көшіп кеткені біз үшін тиімді болды. Себебі, олардың озық тұстарын ғана үлгі етіп алуымызға мүмкіндік бар. Ал, латын әліпбиін үйрету, меңгерту мәселесіне келер болсақ, менің ойымша, бұл жұмыс-тарға жастарды көбірек тартқан жөн. Өйткені, қазіргі жастар – білімді, бе-йімделгіш. Олар біз секілді аға буыннан үйреніп емес, керісінше, біздерге үйретсе, жақсы болар еді.

Ә.Төлеуішов:

– Бұл жердегі негізгі күш БАҚ ұжымдарына түседі деп босқа айтып отырған жоқпыз. Халыққа түсіндіру жұмысы негізінен осы салаға жүктеледі. Өзі бір күндік, сөзі мың күндік саналатын газеттер латын әрпіне көшу туралы кең түсінік, тіпті талқылау жұмыстары жүргізілетін үлкен алаңға айналуы тиіс. Мәселен, ұсынылған әріптердің бірнеше үлгісі газеттерге жарияланса, халық тиімдісін таңдап, ой-пікірлерін білдіре алар еді.

Десек те, шыны керек, «студенттердің 20 пайызы газет оқиды» дегенге де сену қиын. Сондықтан, мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының да үлесі мол. Себебі, болашақ – жастар еншісінде.

Ж.Әбдірахманова:

– Осы тұста «бұның бізге не қажеті бар?» деген пікірлерді де интернеттен, әлеуметтік желілерден көріп отырмыз. Оларды жазып отырғандар – орыстіл-ділер. Сондықтан, насихат жұмыстарын белсенді  жүргізген жөн.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз