УНИВЕРСИТЕТТІҢ ҮШІНШІ МИССИЯСЫ: ҚОҒАМ ДАМУЫНА ЫҚПАЛ ЕТУ

bd9c75c0 283d 4040 ae44 88e5da833246 Саясат

Мемлекеттігіміздің алтын қазығы – тәуелсіздік. Азаттықтың айшықты белесінде – қастерлі тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жарияланған Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы – әр қазақстандық оқуы тиіс құнды дүние.

Елбасы айтқандай, «Отыз жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік». Ендігі міндет пен меженің бірі – қуатты елдің иесі, кемел халық болу жолында ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру. Бұл ретте жоғары оқу орындарының атқаратын қызметінің маңызы зор. Университеттер академиялық білім беріп қана қоймай, адами капиталды қалыптастыру үшін тың идеялар мен жарқын жобаларды іске асырады. «Университеттің  үшінші миссиясы» – қоғам дамуына ықпал ету десек, жаңа әлемге бейімделу, жетістікке жетер жолды табу бізге көптеген міндет жүктеп отыр. Оқуы озған, ғылымы дамыған, білімі кемелденген мемлекеттің болашағы да айқын. Қазіргідей күллі әлемді пандемия шарлаған дағдарыс жағдайында адам капиталын дамытудың өзектілігі жоғары. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттыру, өмір сүру деңгейін, білім беру сапасын жақсарту, денсаулық сақтау, спортты серік ету, мәдениетке маңыз беру секілді қағидаларды қамтиды. «Индустрия-білім-ғылым-бизнес» интеграциясын жүзеге асыру негізінде еліміздің мұнай-газ кешенін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандармен қамту – Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің стратегиялық мақсаттарының бірі. 

Аймақтың тұрақты дамуына үлес қосу өңірге дарынды жастарды тартудан және кадрлық ресурстардың сапасын қамтамасыз етуден тұруы керек. Бүгінде университетте өңірдің талантты жастарына арналған шығармашылық индустрия Орталығы салынып жатыр. Кремний алқабындағы компанияларда жұмыс істейтін танымал қазақстандықтардың қатысуымен «тәлімгерлік мектебі» ашылады. Университеттің мүмкіндігін пайдалана отырып, шетелдік профессорлар мен мамандар тартылып, интернационалдандыруға жағдай жасалады.

Елбасы: «Жаһандық жаңа трендтердің қатарында болу үшін біз «Болашақ» бағдарламасын жасап, жастарымызды әлемнің ең үздік университеттерінде оқыттық. Олар өз Отанының қамқорлығын сезініп, елге қызмет етіп, біздің үмітімізді ақтайды деп сенемін» – деп атап өтті. Қазақстанның брендіне айналған бірегей бағдарлама – «Болашақтың» 30-ға жуық түлегі бүгінде Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде, өңірге келіп еңбек етуде. Сонымен қатар, биыл АтМГУ-дің 10 оқытушысы осы бағдарлама аясында ғылыми тағылымдамадан өтуге құжат тапсырып, комиссия қорытындысын күтіп отыр.

Ақпараттық технологиялар саласындағы стартаптарға арналған «Астана хаб» халықаралық технопаркі туралы Елбасы мақаласында: «Біздің жастар осындай ілгерішіл өзгерістердің көш басында болуы қажет», – дейді. Елордадағы еңселі жобалардың игілігін өңірдегі жастар да көруі керек. Осы мақсатта Нұр-Сұлтан қаласындағы Астана хабта С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасындағы ҚР Энергетика министрлігінің технологиялық құзыреттердің салалық Орталығы ашылды.

Бұл Орталық – технологиялық тенденциялар, ағымдағы жағдайды бағалау, нарық қажеттіліктері, басымдықты анықтау, сараптама, кеңес беру, оқыту жұмыстарын іске асыруға бағытталған. Еліміздің энергетика саласындағы инновацияларды, ғылымды және цифрландыруды тиімді дамыту мақсатында барлық мүдделі тараптардың – мемлекеттік органдардың, бизнес, ғылым, білім және қоғам өкілдерінің арасындағы өзара байланыстың дәнекері болады. Бұл бізге жаңа білімді генерализациялауға, жаңа мамандықтар, біліктілік бойынша мамандарды сертификаттауға, кәсіпорын кадрларын қайта даярлауға, шетелдік жұмыс күшін отандық кадрлармен алмастыруға мүмкіндік береді. Астана хаб-пен бірлескен жобалар студент-магистрант-докторанттарымыздың стартап жобаларын, тың идеяларын іске асыратын алаң болады деген ойдамыз.

«Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек» – деп атап өтті Елбасы «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында. Жоғары оқу орындары қызметінің маңызды бағыттарының бірі – тәрбие саласы. Қазіргі қоғамдық сұраныс өз ісіне мығым, білімді, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүретін, жан-жақты қабілетті маман тәрбиелеуді талап етеді. Жастарды жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға құрметпен қарайтын, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, өресі биік, отаншыл азамат ретінде қалыптастыру мақсатында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде биылғы оқу жылынан бастап «Кемел тұлға» жобасы қолға алынды. Тәуелсіз мемлекетімізді биік белестерге бастайтын, елдігімізді тұғырлы, егемендігімізді ғұмырлы қылатын жігерлі жастарды тәрбиелеу жолында осындай жобалардың қажеттілігін тәжірибе көрсетіп отыр.


       Университет – келешектің инвестициясы. Жоғары оқу орнында сапалы білім алған әр жас ертеңгі күні өңірдің өркендеуіне үлес қосады. Ал қуатты өңір – қуатты Қазақстан!

Гүлзада ШАКУЛИКОВА,

«Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және

газ университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы-ректор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз