ЕЛ СЕНІМІН АҚТАУ – ЕРГЕ ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТ
Мақат
Ауданда 12 сайлау учаскесі құрылған. Оларда барлығы 14320 сайлаушы тіркелген. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерғожиевтің мәлімдеуінше, алғашқы сағаттардың өзінде 2500-ден астам сайлаушы өз учаскелеріне келіп, дауыс беріп үлгерген. Бұл күні «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында жұмыс жасап жатқан 80-нің үстінде мұнайшының сайлауға қатысып, таңдауларын жасауына жағдай туғызылған. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында өткендіктен де шығар, мұнайлы өңірдегі әрбір сайлау учаскесінде мерекелік көңіл-күй орнады. Сайлаушыларға қазақы дәстүрмен наурыз көже, бадана бауырсақ пен басқа да ұлттық дәм түрлері ұсынылды. Сайлауға алдыңғы лекте келіп, өз еркін білдіріп, азаматтық парызын орындаған Сәбит Халенов, Бақтығали Құрманов сынды сайлаушылар игі тілектерімен бөлісті.
Мақат кентіндегі М.Баймұқанов атындағы орта мектепте орналасқан №204 сайлау учаскесінде есепке алынған 1124 сайлаушының 35 пайызы бастапқы екі сағатта дауыстарын берсе, №206, 208 және 236 учаскелерде де бір мезгілде азаматтардың көптеп келуі аңғарылған. Елдің тұрақтылығы мен татулығы көпұлтты халқымыздың ішкі саяси ахуалын қалыптастыруда зор маңызға ие. Сондықтан, келешек қоғамның жаңа сатыларды бағындырып, сындарлы кезеңнен сүрінбей өтуіне жаңа сайланған толқынның жауапкершілігі де жоғары болуы керек-ақ. Бұл сайлаудың ерекшелігі – мемлекет қаржысын үнемдеу, әлемдік дағдарыс кезінде елдің экономикасын көтеруге ықпал жасауды басшылыққа алған сарабдал шешімнің халық қолдауына ие болуы.
Индер
Өңірде құрылған 18 сайлау учаскесінде барлығы 20256 сайлаушы есепке алынды. Аудандағы ең қарт сайлаушы осындағы №111 сайлау учаскесінде тіркелген 106 жастағы Тұрсын Айтжанова есімді әже екен. Учаскелік комиссия мүшелері бұл күні байқаушылармен бірге кейуананың шаңырағында болып, құрмет көрсетті. Өз учаскелеріне ертелете жетіп, дауыс бергендердің қатарында ерлі-зайыпты еңбек ардагерлері Мақсым мен Айжан Елеуовтер болды.
Біраз жыл аудандағы ардагерлер ұйымын басқарған ел ағасы, Индер ауданының Құрметті азаматы Мақсым Елеуовтің айтуынша, сайланатын халық қалаулыларының санатында жастардың үлес салмағы басым екен. Мәжілістің де, мәслихаттардың да сапалық жағынан жаңғыратындығы осы жолғы саяси да маңызды доданың басты ерекшелігі болмақ.
Исатай
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбит Меңдібаевтың хабарлауынша, қос өзен аралығын қоныстанған өңірде сайлаушылар саны 16380-ді құраған. Сайлау барлық жерде, соның ішінде аудан орталығында орналасқан сайлау учаскелерінде ұйымшылдықпен өткізілді. Осылайша, №133 сайлау учаскесі жайғасқан Аққыстау орта мектебінде бастапқы сағаттарда-ақ сайлаушылардың лек-легімен келгенін, солардың арасында жастардың да аз болмағанын білдік. Еңбек ардагері Мәрия Губайдуллинаның пікірінше, бұл жолғы сайлау азаматтардың жоғары белсенділігін танытып, саяси көзқарастары мен сауаттылық деңгейінің көтеріңкілігін көрсетті. Түске дейін ауданда сай-лаушылардың 78 пайызының дауыс беруі қамтамасыз етілді. Атап өтер жайт, орталықтан шалғай, құм өңірін жайлаған Мыңтөбе, Айбас, Жасқайрат, т.б. елді мекен тұрғындары үшін арнайы көліктер ұйымдастырылды. Байқаушылар мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан да өңірде өткізілген сайлаудың барысына оң баға берілген.
Махамбет
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жексенбай Пазуловтың мәлімдеуінше, сайлауға қатысуға тиісті азаматтардың 94,8 пайызы сайлау күні өз учаскелерінен табылып, таңдауларын жасау мүмкіндігін иеленді. Осының өзі махамбеттік сайлаушылардың ұйымшылдығы мен белсенділігін білдірсе керек. Және бір мәлім болғаны, ауданда өткен сайлауға Еуропалық ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымынан Ивона Холла (Чехия Республикасы) мен Андрей Пекалев (Ресей Федерациясы) халықаралық байқаушы ретінде қатысты. Бұлардың және саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардан белгіленген байқаушылардың тарапынан сайлаудың өту барысына қатысты ескертулер жасалмаған.
Қызылқоға
Облыс орталығынан шалғайлау орналасқан бұл өңірде де саяси дода өз деңгейінде, тиісті талаптарға сай өтті. Сайлауға қатысушылардың тізіміне тіркелген 18070 сайлаушының 17745-і немесе 99 пайызға жуығы таңдауларын жасады. Әсіресе, 1570 сайлаушы есепке алынған аудан орталығы – Миялы селосындағы №143 (орналасқан жері «Арман» мәдениет үйі), 1419 азамат тіркелген Сағыз селосындағы №157 (Кенбай орта мектебі), сондай-ақ Мұқыр орта мектебінде орналасқан №160 сайлау учаскелерінде тұрғындардың сайлауға қатысу көрсеткіші жоғарылығымен ерекшеленген. Бұдан бөлек, «Қайнармұнайгаз» кәсіпорнына қарасты кен орындарында ауысымдық әдіспен жұмыс жасап жатқан сексеннен астам мұнайшының да сайлау күні өз еріктерін білдіруіне мүмкіндік туғызылған. Қарт сайлаушылардың қатарында Жангелдин ауылдық округінде тұратын 93 жастағы Қойпан Бақованың есімі аталды.
Жылыой
Өңірдегі «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарайтын Прорва кен алаңындағы «қара алтын» өндірушілер бұл күні Жаңа Қаратон кентінде орналасқан сайлау учаскелеріне келіп, дауыс берді. Олардың бір бөлігі Құлсары қаласындағы учаскелерде таңдауларын жасады. Аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерімен тілдескенімізде, жылыойлықтардың да кезектен тыс сайлауға тыңғылықты дайындықпен, көтеріңкі көңіл-күймен келгендіктерін байқадық. Осы орайда, жасының ұлғайғанына қарамастан алғашқылар сапында дауыс берген соғыс және еңбек ардагері Әбдірахман Елубаев, өндіріс жетекшілерінің бірі Абат Құлжанов пен жас маман-мұнайшы Амандық Ыбырайдың білдірген пікірлері сөзімізге дәлел. Айтпақшы, аталмыш аудандағы сайлаудың барысын қадағалауға бөлінген халықаралық байқаушылар тарапынан да ешқандай ескерту жасалмапты.
Құрманғазы
Өңірдегі сайлаушылардың саны 39 мыңнан асып жығылса, солардың 27 мыңы немесе 70 пайызы сайлау өтетін күні түске дейін өз учаскелерінен табылып, азаматтық борыштарын орындады. Сөйтіп, аудан орталығы Ганюшкино селосында орналасқан №170 сайлау учаскесі бойынша есепке алынған 2000-ға тарта сайлаушының дені алғашқы үш сағаттың ішінде қолдарына сайлау бюллетендерін алып, таңдауларын жасады. Сол сияқты, жасы егде немесе саулығы сыр берген 20-ның үстінде сайлаушының дауыстарын үйлерінен беруіне жағдай туғызылған.
М.Әуезов атындағы орта мектепте, Ганюшкин мектеп-интернатында, сол сияқты, Орлы, Нұржау елді мекендерінде орналасқан сайлау учаскелерінде де сайлау басталғаннан кейінгі санаулы сағаттарда сайлаушылар топ-тобымен келіп, да-уыстарын берді. Елдің алдымен өз учаскелеріне атбасын бұрған үлкенді-кішілі сайлаушыларға тиісінше көңіл бөлініп, құрмет көрсетілді. Мәселен, аудан орталығындағы №175 сайлау учаскесінде тіркелген жас сайлаушы Ұлболсын Мәде-ниетоваға естелік сыйлық табыс етілді.
Бетті дайындаған: Дәулетқали АРУЕВ.