20190609 115509

Атырауда 100 жастағы әже сайлау учаскесіне келіп дауыс берді

Жаңалықтар Саясат

Atr.kz/9 маусым, 2019 жыл. Атыраудағы №9-шы облыстық аумақтық сайлау учаскесіне жүз жастағы әже келіп дауыс берді.

Балзипа Мажитова есімді кейуана Қызылқоға ауданының тумасы. Бұл учаскеге арнайы есептен шығару куәлігі арқылы келіп дауыс беріп тұр.

20190609 115541

«Көп ұзамай 101 жасқа толамын. Жасымның үлкендігіне қарамастан, сайлау учаскесіне арнайы келіп дауыс беруді өзімнің парызым деп санадым. Елімізде ұзақ өмір сүретін азаматтардың қатары көбейсе деймін. Сол үшін де әлеумет әлеуеті жақсара түсуі тиіс» деген әже еліміздің тыныштығы жолында бата берді.

20190609 115610


Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында орналасқан №9-шы Атырау облыстық аумақтық сайлау учаскесінің төрайымы Мәншук Закаринаның айтуынша, бұл учаскеде 1320 сайлаушы бар. Оның тоғызы есептен шығару куәлігін алып кеткен.

«Яғни, тұрмыстық жағдайларына байланысты, олар басқа учаскелерде дауыс беретін болады. Бұдан бөлек, үйден дауыс беретін 15 сайлаушы бар» дейді ол. Бұл учаскеге дауыс беруге үлкендер де, отбасымен, жас сәбилерімен де келіп жатқан сайлаушылар көп. Әсіресе, жастардың белсенділігі жақсы байқалады. Сағат 10.44 шамасында бұл учаскеге дауыс берушілердің 30 пайыздан астамы келіп, өз таңдауын жасап кетті.
Өзін Назерке Жасқайратқызымын деп таныстырған сайлаушы үшінші сәбиін күтіп жүр. Сайлауға отбасымен бірге дауыс беруге келіпті.

Назерке ЖАСҚАЙРАТҚЫЗЫ, сайлаушы:
«Осымен сайлауға екінші рет қатысып отырмын. Сайлау ең алдымен, еліміздің болашағы. Мен тыныштық, бірлік жолында дауыс бердім. Меніңше, әр адамның дауысы маңызды. Өйткені, біз болашақ жолында таңдау жасаймыз» дейді сайлаушы.

20190609 105152

Еске сала кетелік, бүгін елімізде Қазақстан Республикасының Президенттігіне сайлау өтіп жатыр. Саяси додаға партиялар мен қоғамдық ұйымдар ұсынған жеті кандидат түсуде.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған