Жарнама
Саясат

ЕЛ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ КІЛТІ

 

Мемлекет басшысы өз Жолдауында қаржылық қолдауларға баса мән беріп, оның тазалықпен, адалдықпен, шын мәнінде мемлекеттік жауапкершілікпен игеріліп, тиісті мақсаттарға құйылып, пайдаланылса – сөз жоқ, мақтана аларлық ұлттық жеңіс болатынын айтты. Әсіресе, республикалық бюджеттің, оған қоса Ұлттық қордан бөлінетін мол қаржының дер кезінде, әрі ешқандай бұрмалаусыз, жымқырусыз, жемқорлыққа жол бермей, мемлекеттік тәртіппен орынды пайдаланылуын қатаң талап етті.

«Үкімет қажетті шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуі керек. Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс» деген болатын Елбасы Жолдауда.

Біздің еліміз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен, мемлекеттік қайраткерлік еңбегімен қысқа мерзімде халықаралық дәрежеде ауыз толтырып айтарлықтай  бұрын-соңды тарихымызда болмаған көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Ол – ұлтымыздың, мемлекетіміздің мәртебесі, абыройы, болашағымызға деген сенімді нығайта түсетін игіліктер мен жақсылықтар. Осындай өркениеттің айдынында жүзген уақытта өз еліміздің алға басуына нұқсан келтіретіндей кейбір теріс әрекеттерге бой алдырып жүргеніміз қатты қынжылтады. Ол дерттің ең ауыры – жемқорлық пен парақорлық.

Осы тұста айта кетерлігі, елімізде жемқорлыққа қарсы заң да, талап та осал емес. Тек оның орындалысы бір арнаға тоғысып, жүйелі жүзеге аспай жатқаны жанға батады. Ал, «елім» деген әр азамат қоғамды жегідей жеген бұл дерттен бойын аулақ ұстап, ел мүддесі үшін ғана қызмет етсе, тағы бір қадам алға басқан болар едік. Бұл ретте басты жұмыс «Нұр Отан» партиясына жүктеліп, жемқорлыққа қарсы күрестің 2015-2025 жылдарға бағытталған жаңа бағдарламасы жасалды. Бұл бағдарлама Жолдау жария болардың алдында өткен «Нұр Отанның» Саяси кеңес отырысында талқыланып, қабылданды. Сөйтіп, «Нұр Отан» партиясы кең ауқымды жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Ол жұмыстың негізгі өзегі – жемқорлық пен парақорлыққа бүкіл қоғамның төзімсіздігін қалыптастыру. Яғни, қоғамның тазалығын, барлық іс-әрекеттердің, әсіресе, қаржылық қатынастардың құқықтық кеңістігінде сақталуын қамтамасыз етуге екпін беріліп, күш салынбақ. Дәлірек айтқанда, құқықтық сана тәрбиелеуге баса мән берілетін болады. Ол үшін негізгі жұмыс балабақша мен мектептен бастау алмақ. Ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпақтың санасына тура жолға қалай жету қажеттігін сіңіру қажет.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі кішкентай бүлдіршіндерден «Өскенде кім боласың?» деп сұрай қалсақ, балалар шетінен «Прокурор боламын, сотта қызмет етемін, қаржы полициясы боламын» деп сайрай жөнеледі. «Ал, оған қалай жетесің?» деп тарқата сұрасақ, ойын толық жеткізе алмайды. Енді мұның артында не жатқанын өзіңіз-ақ сараптай беріңіз… Мұның бәрі балалар арасында лауазымды қызмет пен мансапқорлықты насихаттаудың нәтижесінің жемісі ме деп қынжыламыз.

Бала өсіп келе жатқан жас өскін секілді. Қалай баптасаң, солай өседі. Сондықтан, балалардың санасына, жоғарыда айтқан мансап қуып, бай бол деп емес, әр мамандықтың ел дамуындағы рөлі туралы көбірек айту қажет. Елдің кірпіші болып қалануы үшін жоғарыда айтқан мамандықтардан басқа да мәртебелі маман иелері бар екенін жеткізе білу керек.

«Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер» деп Елбасы айтқандай, ел болашағының кілттерін адал қолмен ашып, оны жас ұрпаққа адал сеніммен аманаттап, жеткізуге тиіспіз. Бұл міндет ендігі уақытта «Нұр Отан» партиясының толық қадағалауында болады. Аймақтағы филиал өкілдері бұл жұмысқа жұмыла кірісіп те кетті.

Сайын ҚУАНЫШЕВ,

«Нұр Отан» партиясы  Атырау облыстық филиалы жанындағы  жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі

қоғамдық кеңестің төрағасы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button