ОБЛЫС ӘКІМІ «ШЕВРОН» ӨКІЛІН ҚАБЫЛДАДЫ

Кеше Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Шеврон» корпорациясының Еуразиялық бөлімінің атқарушы директоры Скот Дэвисті қабылдады. Жүздесу барысында «Шеврон» корпорациясының Қазақстанмен серіктестігіне 20 жыл толуына орай өткізілетін іс-шаралар жоспары талқыланды.
Атырауға арнайы келген С.Дэвис мырзаға «қош келдіңіз» айтқан облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы екіжақты берік серіктестіктің қалыптасуы және «Теңізшевройл» компаниясының құрылғанына 20 жыл толуы атап өтілмек мерейтоймен құттықтады.

«Шеврон» корпорациясы Қазақстанмен серіктестігіне 20 жыл толу мерейтойын Астана қаласында атап өту жоспарланып отырғандығын мәлім еткен Скот Дэвис мырза, сондай-ақ, «Теңізшевройл» компаниясының құрылғанына 20 жыл толу мерейтойы 5-ші сәуірде Атырау қаласында, 6-шы сәуірде Жылыой ауданында, яғни «Теңіз» кенішінде ұйымдастырылатындығын да айтып өтті. Соның ішінде корпорация 20 жылдықтың құрметіне Атырау облысына естелік қалдыру мақсатында біраз шараларды жүзеге асырмақшы.
– Еліміздің жетекші кәсіпорны «Теңізшевройл» компаниясы 20 жылда ауқымды жұмыстар жасады және облыстың мұнай-газ саласын дамытумен қатар, әлеуметтік саланың да жетілуіне үлес қосып келеді. Бізді кәсіпорында халықтың әл-ауқатын ойлайтын азаматтардың қызмет етіп келе жатқандығы да қуантады. Сондықтан, сіздердің ұсыныстарыңызға ризашылығымды білдіріп, қолдау көрсетемін, – деген облыс әкімі болашақта да кәсіпорынды аймақтың өркендеуі жолындағы ортақ жұмыстар мен жаңа жобаларды бірлесіп атқаруға шақырды.

Әлпеш САДЫҚ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз