Экономикалық саясаттың негізгі элементі
Облыс бойынша коммуналдық қызмет тарифтері, соның ішінде электр энергиясы, су және кәріз қызметтері бойынша 2018 жыл жағдайына өсу деңгейі болған жоқ. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Елбасы Жолдауына байланысты жасаған баяндамасында айтты.
Елбасы Экономикада бәсекелестікті дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялар-дың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керектігін атап өткен болатын.
– «Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс» деді Президент. Бұл бағытта облыста экспортқа бағытталған 44 өңдеу өнеркәсібі кәсіпорыны қызмет атқарады. Олармен жыл басынан бері 152,4 млн. АҚШ доллар көлемінде өңделген тауар экспортталды. Облыс әкімдігінің қаулысымен экспорт жөніндегі өңірлік кеңес құрылуда. Сонымен бірге, экспортты 1,5 есеге өсіруге арналған жол картасы, іс-шаралар жоспары жасақталды, — деді аймақ басшысы.
Баяндамада келтірілгендей, облыс әкімдігі Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе, отандық тауарөндіруші жәрмеңкелер, форумдар және көрмелер тұрақты ұйымдастырылуда. Биылғы қыркүйекте Астрахан қаласында отандық тауарөндірушілер жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Тоғыз айда өңдеу өнеркәсiбiнiң көлемi 429 млрд. теңгені (109,5%) құрап отыр.
Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде осы жылы 162 жұмыс орнын құрумен құны 9,4 млрд. теңгені құрайтын алты жоба жоспарланып, төртеуі жүзеге асырылған. Биылдың сегіз айында негізгі капиталға салынған инвестиция 2,2 трлн. теңгеге (132,8%) жетті. Оның шикізатты емес секторға тиесілісі – 287 млрд. теңге (75,4%).
Баян ЖАНҰЗАҚОВА