ЕЛ БІРЛІГІ – ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Елімізде өмір сүретін түрлі ұлт өкілдері Жолдаудың әсерінде жүр десем, қателеспеймін. Өйткені, Президент Жолдауы – еліміздің келешегін айқындайтын, ең маңызды  құжат.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында қазіргідей аса жауапты, әлемдік ахуалдың күрделі кезеңінде,  ең алдымен, бірлікті сақтаудың соншалықты маңызды екендігін атап өтті. «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз. Сәт сайын құбылған аласапыранға сай амал табуымыз керек. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделген жоспар болып саналады. Біз де заманның беталысына қарай, межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отыруымыз қажет». «Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз – Қазақстанды Мәңгілік ел ету», – деген Мемлекет басшысы қазақстандықтарды ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге шақырды.

Көп ұлтты елімізде татулықты тұрақтандырып, бірлікті баянды ету саясатын Елбасы Қазақстан тәуелсіз ел болып аталғалы  ұстанып  келеді. Және бұл саясат өз жемісін беріп те үлгерді. Бүгінгідей әлем елдері алауыздыққа салынып, қырғи-қабақ танытып жатқан кезде біздің егеменді елімізде бейбітшілік салтанат құрып, болашаққа бағдар жасаудамыз. Қолымызда бар осы баға жетпес  құндылығымызды бағалай білейік. Елбасы Жолдауы сын-қатерден шығаратынына толық сенемін.

Қазір біз «Мәңгілік ел» идеясын ұстанып, мемлекетіміздің ең күшті дамыған 30 елдің қатарына кіруіне күш салудамыз. Көптеген шетелдік серіктестеріміз әлі күнге дейін осыншама қысқа мерзім ішінде еліміздің осындай жетістікке қол жеткізгенімізді түсіне алмайды. Ал, мұның барлығы – Елбасымыз айтқандай,  сан түрлі ұлт бола тұра, қазақстандықтардың бірін-бірі түсіне, ұғына білуінің нәтижесінде қол жеткізген егеменді еліміздің жеңісі.

Александр  ДУМЛЕР, «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз