Егемендіктің бастауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың маусымындағы Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында елдің ұлттық мерекелері тізіміне өзеріс енгізу қажеттігі жайлы айтып, Республика күніне ұлттық мереке статусын беру туралы ұсыныс берді. Президент 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі жайлы Декларация қабылданғанын айтты. 1990 жылдың 25 қазанында сол кездегі кеңес одағы құрамындағы Қазақ кеңестік социалистік Республикасы өзінің мемлекеттік егемендігі (суверенитет) жайлы Декларация қабылдады. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1990 жылғы 25 қазандағы №307-ХІІ Қаулысына Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Председателі (төраға) Е.Асанбаев қол қойды. Қазақ халқының, қазақ мемлекеттілігінің тарихында аса зор маңызға ие бұл саяси құжат былай деп басталды: «Қазақстан халқының еркін білдіре отырып, Республиканың барлық азаматтары үшін лайықты және тең тұрмыс жағдайын жасауға ұмтыла отырып, Республикада тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет деп санай отырып, Жалпыға бірдей адам праволары Декларациясын және ұлттардың өзін-өзі еркін билеу правосын тани отырып, қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып, ізгілікті демократиялық праволық мемлекетті құруға бел байлауды негізге ала отырып, Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды және осы Декларацияны қабылдайды».
Әрі қарай сол тарихи кезең үшін маңызды болып саналатын төмендегідей шарттар айындалды:
«Қазақ Советтік Социалистік Республикасы егеменді мемлекет, Казақ ССР-і Одақтан еркін шығу правосын өзінде сақтап қалады.
Қазақ CCP-і өз территориясында Республиканың егеменді праволары мен Конституциясын бұзатын Одақтың заңдары мен оның жоғары органдарының басқа да актілерінің колданылуын тоқтата тұруға праволы.
14. Қазақ ССР-інің халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, дипломатиялық және консулдық өкілдіктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерінің қызметіне қатысуға правосы бар. Қазақ ССР-і Республикадағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық-мәдени құрылысқа, оның әкімшілік-территориялық кұрылымына байланысты барлық маселелерді дербес шешеді, мемлекеттік өкімет және басқару органдарының құрылымы мен компетенциясын, сондай-ак, Республиканың символдарын белгілейді». Тарихи және саяси тұрғыдан қарасақ, бұл қазақ халқының өміріндегі, қазақ мемлекеттілігі тұрғысынан зор маңызы бар құжат еді. Бұл қазақ халқының Алаш қозғалысынан кейін өз алдына ел болу туралы алғашқы және ашық саяси түрде жариялауы еді. Осы декларацияның негізінде 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Осы жағынан желтоқсан айындағы тәуелсіздік күнін қазан айында қабылданған Декларацияның заңды, құқықтық жалғасы ретінде түсіну қажет.
Бұл күн 1992 жылдан бастап тек манызды күндердің бірі ретінде күнтізбеде аталып, 2001 жылдан 2009 жылға дейін мемлекеттік мереке күні болып аталып жүрді де, сол 2009 жылдың сәуір айындағы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Мерекелер» туралы заңында мерекелер тізімінен алынып тасталды.
Жалпы «Республика күні» аталатын мереке әлемнің көптеген елінде аталып өтеді, мысалы, Түркия мемлекеті 29 қазақ күнін өзінің Республика ретінде жариялаған күні ретінде кеңінен тойлайды, биыл оған 100 жыл толуы аталып өтеді.
Әрине, 16 желтоқсандағы тәуелсіздік күні де елдің мереке күндерінің есебінде қалады, бірақ ұлттық мереке емес, мемлекеттік мереке ретінде, бұл күн еліміздін тәуелсіздігі үшін күрескен ұлттық қаһармандарды еске алу күні болып аталып өтеді.
Өмірбек БЕКЕЖАН,
философия ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті