Бүгін — Мемлекеттік рәміздер күні
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – еліміздің ең басты белгі, нышандары екені жалпыға аян. Елдің танымалдығы мен қарым-қайраты – ең әуелі рәміздердің танымалдығынан көрініп жатады. Сондықтан да рәмізді қадірлеу – елдікті қадірлеу, рәміздерді насихаттау – елдікті насихаттау болмақ.
Рәміздерді насихаттау ісін осы тұрғыдан алғанда басты идеологиялық жұмыстардың бірі ретінде қарастыруға болады. Оның дұрыс және ауқымды жүруі мемлекеттің ішкі саясаты үшін де маңызды.
Бұл ретте, осы мемлекеттік рәміздердің заң талабына сай насихатталуын қадағалайтын, соған жауапты бірден-бір құрылым – республикалық геральдикалық зерттеулер орталығының өкілі Есбол Нұрахметтің пікірінше, рәміздерді насихаттау деген қит етсе туды желбіретіп, гимнді орынды-орынсыз шырқай беру емес. Қазіргі таңда, баршамызға белгілі, дамыған шетелдердің көбінде мемлекеттік туды жеке адамдардың қадірлеп, құрметтеуі ешкімнің итермелеуінсіз, үгітінсіз жүзеге асып жатады. Бұл ұлттық бірегейліктің және шынайы патриотизмнің белгісі. Бір жағынан, бұл көрініс сол мемлекеттің өз азаматтарына ұсынып отырған өмір сапасына да қатысты. Екіншіден, бұл ұлттық идеяның беріктігін, рәміздерді насихаттау, патриоттық тәрбие секілді жұмыстардың жоғары деңгейде жүргізілгенінің де нәтижесі екені даусыз. Сол себепті, бұл екеуі бірге, қанаттаса жүруі керек. Бірінің маңызын асырып, екіншісін ұмыт қалдыруға болмайды.
Қазақ геральдикасының тарихы мен рәміздерді қолдану тәртібі туралы мәселелерді талқылау мақсатында Ұлттық архив, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, «Таңбалы» қорық-музейі, Әскери-тарихи мұражай, «Есік» музей-қорығы, Шығыстану институты, Ұлттық музей, Ұлттық академиялық кітапхана сынды ғылыми орталықтармен ақпараттар алмасып, мамандарымыз бірлесе жұмыс жасау үшін екіжақты меморандум жасалған. Сонымен бірге мемлекеттік рәміздерге деген халықтың құрметін арттыру үшін ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдалану да аса маңызды. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі жөніндегі заңнаманы күшейту маңызды. Сонымен бірге жастармен жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізген жөн. «Бұл – бүкіл қоғамның міндеті. Мемлекеттік рәміздерімізді мазақ етуге, қорлауға ешқашан жол бермеуі керек. Мұндай әрекеттерге барғандарды қатаң жазалаған жөн» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған Жолдауында.
Жоғарыда аталған Үкімет қаулысымен елімізде республикалық геральдикалық зерттеулер орталығы құрылуына себепші болған да осы жайт еді. Осы мекеменің ұйымдастыруымен Қазақстанның барлық аймақтарында атаулы күн шеңберімен шектелмей, егемен елдің ең негізгі нышандарын насихаттауға арналған ғылыми-практикалық конференциялар, республикалық форумдар, рәміздер тарихынан сыр шертетін көшпелі танымдық көрмелер, т.б. шаралар өткізіп тұру берік дәстүрге енді. Мұның сыртында, ай сайын рәміздерді насихаттау мақсатында осы тақырыптағы бейне-роликтер мен бейне насихаттау мақсатында сұхбаттар әлеуметтік желілерде жарияланып отырады, — деп түйіндеді әңгімесін орталықтың бас маманы.
Дәулетқали АРУЕВ