БОЛАШАҚҚА СЕНІМДІ АРТТЫРДЫ

Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын Атырау мұнай және газ институтының оқытушылар құрамы мен студенттері көгілдір экраннан сол сәтте тыңдауға мүмкіндік алды. Тыңдау аяқталғаннан кейін институттың оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер ой-пікірлерімен бөлісті.

Мемлекет басшысы айтып өткеніндей, келер жылдан бастап «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жаңа жобасының бастау алатыны жастарға жігер берді. Сондай-ақ, Жолдауда нақтыланған 2016-2017 жылдарда атқарылуға тиісті жұмыстарды тыңдай отырып, Қазақ елінің экономикалық даму жолына түсеріне сенім артты. Ал, оқытушылар Елбасы айтқан елдің бірлігін, ынтымағын сақтау, ұрпақтар сабақтастығын дамыту секілді ұлттық идеяны өміршең етуге негізделген міндеттерді зор ықыласпен қабылдады.

Айгүл МАЙДЫРОВА, Атырау мұнай және газ институтының  проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

– Президент қашан да жастар саясатына ерекше көңіл бөліп келеді. Елбасының «Бұл – ең алдымен қабылданған бағдарламалар аясында білім беру, денсаулық сақтау саласын жаңғыртуды жалғастыру дегенді білдіреді. Біз дәл осы салалардан ешқандай да үнемдемейтін боламыз. Өйткені, білім беру де, денсаулық сақтау салалары да, бұл – біздің болашағымыз, бұл – біздің азаматтар» дегені осы айтқанымызға дәлел. Осыған орай жыл сайын мемлекеттік гранттар саны ұлғайып келеді. Биылғы оқу жылында әртүрлі мамандықтарға 35 мың грант бөлінген еді. Біздің оқу орнымызда да бірінші курстың 405 студенті тегін білім алуда. 

Самға СЕРІК, «Серпін» жобасына қатысушы, студент:

– Қандай ма болмасын мемлекеттік бағдарламалар мен жыл сайынғы Жолдауында Президент жастарды қолдап, жағдайды жасап отыр. «Мектепті бітірген жас азамат бірінші мамандығын тегін алатын болады. Біз осыдан бастайтын боламыз. Үкімет осыған кірісуі керек. Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен адамның өмір сапасы озады, тұрмысы жақсы болады. Ең ақыры бүгінгі жасап жатқан жақсылықтарымыздың барлығы – жастар болашағы үшін», – деді Мемлекет басшысы Н.Назарбаев. Бүгінде бес облыстан келген 280 студенттің тегін білім алуына мүмкіндік жасап отырған «Серпін» бағдарламасы да – Мемлекет басшысының көреген саясатының жемісі.  Ұлт Көшбасшысы ұсынған кезекті стратегиялық құжатта жаңа бағыттар, жаңа бағдарламалар алға қойылған. 2020 жылға дейін барлық білім беру ошақтары сапалы бірегей білім беретін болады. Бұл жүйе оқу орындарының жетіспеушілігін, білім берудің ұлттық негізін қалыптастырмақ. 

* * *

Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын Атырау политехникалық колледжінің ұжымы мен студенттері де ұйып тыңдады. Студенттердің саяси оқиғадан тыс қалмау үшін бес бірдей аудиторияда теледидар мен экран құрылып, жұмыс істеді. Өйткені, бүгінгі студент – ертеңгі маман. Жастар – елдің болашағы. «Біз бұл Жолдауды кез келген ортада талқылап, орындалуына өз үлесімізді қосамыз» дейді Атырау политехникалық колледжінің студенттері.Елбасы ұсынған білім берудің жаңа жүйесі жас ұрпақтың болашаққа деген сенімін арттырды. 

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз