Қоғам еркіндігі мен адам құқығын айқындамақ

hello html m116812d2 Саясат

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жариялаған жалпыұлттық референдумның өткізілуін тарихи шешім деп санауға болады. Ұлттық кеңес мүшелері ел Президентінің референдум өткізу идеясын қолдайды.

Таяуда Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің төрағалығымен Ұлттық кеңестің бір топ мүшесі жиналып, Мемлекет басшысының бүкілхалықтық референдумға қатысты бастамасын талқыладық.
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин конституциялық реформа алғаш рет халықтың тікелей дауыс беруі арқылы жүзеге асатынына маңыз берді.

«Бұған дейін, 1995 жылы референдум арқылы Конституция қабылданған болатын. Бұл қадам қазіргі саяси реформалардың маңызын паш етеді. Сондай-ақ референдум саяси жүйені толық жаңғырту үшін қажет» деді жиында Мемлекеттік хатшы.

Жалпы, алдағы конституциялық реформа нәтижесінде Ата заңымыздағы 98 баптың 33-і өзгереді деп күтілуде.
Ең бастысы, Конституцияның 6-бабына «Жер және жер қойнауы – халықтың меншігі, байлығы» деген бап енгізіледі. Бұл – халқымыздың талабы. Бұл Президент айтқан Жаңа Қазақстандағы әділеттіліктің орнауы болмақ.

Сондай-ақ Президенттің сайлау жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстары демократияландыру процесін жеделдететініне сенімдіміз. Референдум арқылы әрбір азамат ел үшін маңызды саяси шешімдер қабылдауға қатыса алады. Әрбір саяси партия мен қоғамдық бірлестік қазақстандықтарға өз пікірін білдіруге мүмкіндік беруі тиіс.

Бұдан бөлек, Қазақстан суперпрезиденттік биліктен бас тартады. Парламенттің құзыры мен рөлі күшейтіледі. Мемлекет басшысы облыстар, мегаполистер әкімдерінің қабылдаған шешімдерін жоя алмайды, тіпті уақытша тоқтатып тастау құзырынан да айырылады. Мемлекет басшысы өзінің туыс-туғанына қатысты шектеу қабылдады, олар ірі саяси мемлекеттік лауазымды атқармайды және квазимемлекеттік секторда, ұлттық компанияларда басшы бола алмайды. Ел Президенті басқа да құзырларынан өз еркімен бас тартып отыр. Осының арқасында Президент болып қандай тұлға сайланса да, оның биліктің барлық тармағын астына басып алуына жол берілмейді. Бұл дамыған елдердің тәжірибесі.

Бір мысал келтірейін, 2016 жылғы 9 қарашада АҚШ-тағы президенттік сайлауда күтпеген жерден Дональд Трамп жеңіске жеткенде, әлемдік биржалар алдымен селк етіп төмен құлдилады да, келесі күні бәрі орнына келді. Себебі, ірі инвесторлар бұл елдің жаңа Президенті нені уәде етсе де, оның ықтимал оғаш әрекеттері биліктің өзге тармақтарымен шектелетінін, Америкада саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік тетіктері қапысыз жұмыс істейтінін, сайып келгенде АҚШ-тың әр іс-қимылы төл мемлекеттік мүдделеріне толық сай болатынын жақсы біледі. Солай болды да шықты. Трамп мырза уәде еткендей, Америкадағы барлық мұсылмандарды елден қуып шыға алмады. Басқа да тосын уәделерін жүзеге асыруына Парламент, сот жүйесі тосқауыл қойып тастады.

Қазақта да хандар үш ұлы бидің, сондай-ақ уәзір мәртебесіндегі билер тобының құптауымен ғана ірі шешімдер қабылдаған, маңызды қадамдар жасаған. Ал ұлы, тарихи бетбұрыстар Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы құрылтайларда халықпен келісіп қана жасалған.

Ендеше ағайындар, біздің де заманауи ұлы құрылтайларымыз құрылуда. Ұлт үшін маңызды шешімдерден сырт қалмаңыз, салғырттық танытпаңыз, мынау алмағайып заманда мемлекеттілігімізді нығайтуға, тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге, бірлігімізді бекемдеуге бағытталған бастамаларды қолдаңыз. 

Бақытбек СМАҒҰЛ,
Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты,AMANAT фракциясының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз