БОЛАШАҚҚА БАҒДАР – БҮГІННЕН

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұқараға биылғы Жолдауында мемлекет басымдық беруі тиіс негізгі жеті бағытты белгілеп берген еді. Соның ішінде инновациялық-индустрияландыру трендін түзеуге ерекше назар аударып, оны күшейтуді тапсырған болатын. Осы орайда, биыл құны 5,2 млрд. теңгені құрайтын модульдік үй тұрғызу фабрикасының құрылысы, үй құрылысы комбинаты, тауарлы-бекіре фермасы мен ірі габаритті және аса ауыр бұйымдарды жинақтау өндірісін ұйымдастыру секілді төрт жоба іске қосылып, 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалының кезектен тыс ХХІІ конференциясында филиал төрағасы Серік Айдарбеков айтып өтті.

 

– Кәсіпкерліктің тұрақты өсуін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020»бағдарламасы өңірімізде сәтті жүзеге асып келеді. Біз осындай бағдарламалар арқылы 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес арқылы өндірілетін өнім көлемін еліміздің ішкі жалпы өнімінің 50 пайызына дейін жеткізуді ойластырып отырмыз. Сондықтан, бұл бағытта атқарылатын жұмыстардың нақты жоспарын жасақтау міндеті тұр. Бүгінде Өңірлік үйлестіру кеңесімен несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға сомасы 8,7 млрд. теңгені құрайтын 29 жоба мақұлданды. Оның ішінде Атырау қаласына тиесілі 28 жоба іске қосылса, 336 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деген Серік Кенғанұлы, сонымен қатар, жалпы құны 58,4 млн. теңгені құрайтын2 жобаға инфрақұрылым тарту және бір жобаны мемлекеттік грантқа ұсыну мақұлданып отырғанын жеткізді.

Жолдауда егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдерімен алмастыру, агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де инновацияларды қолданудың кешенді шараларын жасақтау міндеті жүктелген еді. Қала әкімі айтып өткеніндей, шаһарда бұл бағытта нақты көрсеткіштер де, бірқатар жетістіктер де бар.

Орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатын өнеркәсіптік кәсіпорындарды дамытып, қолдау көрсетіліп жатқан шақта оны алыпсатарлықпен шатастырмай, өзіміздегі қолайлы шикізатты барынша пайдаланып, жаңаша сипат беру оң нәтижелерге әкелетіні сөзсіз. Осы  орайда  ойын ортаға салған қалалық Саяси кеңестің бюро мүшесі, қалалық мәслихат депутаты Бақытгүл Хаменова инновациялық-индустрияландыру трендін күшейтудің басты жолы еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпорындардың инновациялық белсенділігімен байланысты екенін айтты. 

Конференцияда сөз алған «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Гүлсина Байкенова, «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Асхат Қалауов Жолдаудың алдағы жылдарға жасалған стратегиялық бағдарлама екендігін айтып, аталмыш құжатты халық арасында түсіндірудің маңыздылығын атап өтті.

«Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді. Яғни, партияның Орталық аппаратының тапсырмасына сай 29 мүшеден құралған кеңес құрамы 21 мүшеге дейін қысқартылып, онда мейлінше әр саланың өкілдері қамтылды.

Сондай-ақ, Атырау қалалық мәслихатының №3, №6 және №15 сайлау  округтері бойынша депутаттыққа «ТрансРегион» ЖШС-нің бас директоры Марат Шырдабаев, «Қара Бура» шаруа қожалығының төрағасы Қаршыға Жауымбаев пен «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұхановтардың кандидатуралары ұсынылып, қолдау тапты. Өз кезектерінде үміткерлер сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, ел игілігіне қызмет ететіндерін жеткізді. 

Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша партияның облыстық филиалының кезектен тыс ХVIІІ конференциясына  белгілеген  квотаға  сәйкес,  81 делегат ұсынылып, сайланды. 

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз