БІЛІМ САЛАСЫНА – ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР
Жолдауда айтылғанындай, білім беру саласы мен өнеркәсіп ошақтары тығыз байланыста болуы тиіс. Ғылымның индустриялық бағдарламаларды жүзеге асыруға әсері нақтылануы шарт. Қазір елімізде осы байланыспен қамтамасыз етілетін он жоғары оқу орны анықталды. Осы білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту үшін 2017 жылға қарай 10 млрд. теңге бағыттау тапсырылды. Демек, оқу орындарын тәмамдаған түлектер одан өндіріс тұтқасын ұстауға дайын мамандар болып шығады. Бұл үлкен қолдау емес пе?
Біздің колледж – облыстағы ең байырғы оқу орындарының бірі. Мұнда Қазақ мұнайының іргетасын құйып, қабырғасын қалаған талай тарландар білім алды. Олардың есімдері ел тарихында алтын әріптермен жазылды. Бүгінде біз де көштен қалмау үшін білім берудің соны әдістерін меңгерудеміз. Кәсіпорындармен байланыс орнаттық, студенттеріміз өндірістік тәжірибемен жеткілікті қамтамасыз етілді. Сондықтан, олардың оқу бітірген соң тұрақты қызметке орналасу мүмкіндігі де жоғары.
Жалпы, мектепте берілген білім – барлық ілімнің іргетасы. Өзім педагог болғандықтан, жалпы білім беретін оқу орындарының жай-күйіне қатты алаңдаймын. Турасын айтқанда, жоғары немесе орта арнаулы оқу орындарында білімін сәтті жалғастырып кету сол мектепте алған алғашқы білімге байланысты.
Сондықтан, Елбасының оған үлкен маңыз беріп отырғандығы түсінікті. «Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу» делінген Жолдауда. Бұл, сайып келгенде, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасы. Өкінішке орай, еліміздің үшжылдық бюджетінде көзделген қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін толық шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, Елбасы қосымша 70 млрд. теңге бөлу жөнінде Үкіметке тапсырма берді.
Рас, Атырауда үш ауысыммен оқытатын мектеп жоқ. Жергілікті атқарушы биліктің пәрменді шаралары нәтижесінде бұл проблема оңтайлы шешілді. Әйтсе де, аймақ басшысы айтқандай, апатты саналатын 11 мектеп бар. Соның алтауының құрылысын жүргізу – келесі жылдың еншісінде. Әрі қарай тағы да жалғаспақ.
Бүгінде Атырауға қоныстанушылар көп. Келешегі жоқ бірнеше елді мекен облыс орталығына көшірілді. Өз еркімен келіп жатқандар бар. Оларға оралмандарды қосыңыз. Демографиялық ахуал оңалды. Жақында шаһардың бас жоспарын талқылаған жиналыста таяу уақытта қала халқының еселеп өсетіндігі айтылды. Демек, тағы да мектептер керек. Қазірдің өзінде «Нұрсая» ықшамауданында осындай білім ошақтарының қажеттілігі сезіліп отыр. Сондықтан, жергілікті атқарушы билік осында үлкен мектеп салуды жоспарлады. Оның да құрылысы келесі жылы басталмақ. Міне, білім беру саласына қатысты Жолдаудан туындайтын осындай игіліктер бар.
Әрине, Жолдауда берілген тапсырмалардың бәрі де маңызды. Бірін екіншісі толықтырып отыр. Соның ішінде, әсіресе, халықты қолжетімді баспанамен қамту жайы көңілге үміт ұялатады. Қазақ «үй болмай, күй болмайды» дейді. Өте дұрыс айтылған сөз. Жеке пәтері жоқ, әркімнің үйін жалдап жүрген мамандардың жұмысқа да зауқы соға бермейтінін күнделікті көріп жүрміз. «Қайтсем көңілінен шығам» деп үй иесінің бетіне жалтақтап жүрген жаннан қандай қайтарым күтуге болады?
Бұл бағытта соңғы бірер жылда облыста біраз іс тындырылды. Әйтсе де, облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының айтқанындай, биыл пайдалануға берілетін жас отбасыларына арналған 90 пәтерлік үйге 1420 өтініш беріліпті. Байқасаңыз, бір пәтерге 16 отбасынан келеді екен. Бұл өтінішті қалай қанағаттандыруға болады? Сайып келгенде, солардың бәрі де – мұқтаж жандар. Әрі, 753 жас отбасының табысы «Тұрғын үй жинақ банкі» мекемесінің талабын қанағаттандырмай отыр. Сонда, бұлар қайтпек? Міне, жергілікті атқарушы билік осындай жандарға 120 бөлмелік жатақхана тұрғызуды жоспарлаған. Бұған қоса тағы 120 пәтерлік тұрғын үй салынбақшы. Әрине, осымен барлық проблема шешіле де қоймас. Сондықтан, бұл іс алдағы уақытта да жалғасын табады.
Әрине, Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау үшін қыруар қаражат қажет. Ал, осы қаржының орнымен жұмсалып, халық игілігіне айналуы – басты шарт. Сондықтан, еліміздегі жетекші саяси құрылым «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде оған өз үлесімді қосамын.
Бағыт ШЕРКЕШБАЕВА,
Атырау политехникалық колледж директоры,
қалалық мәслихат депутаты.