БІЛІКТІ МҰҒАЛІМ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?
Соңғы жылдары білім сапасына, зияткерлік, инновациялық іс-әрекетке бет алумен қатар, мектептерді жас мұғалімдермен қамтамасыз ету проблемасы өткір бола бастады. Бүгінде мұғалімдерді колледждер, педагогикалық институттар, университеттер көптеп дайындауда, алайда, мұғалімдер сонда да жетіспейді. Мектепке баруға ұмтылыс бар, сонымен қатар, мектептен кету де жиі кездеседі. Сондықтан, кәсіби білім жүйесінде мұғалімдерді дайындау күрделі мәселе болып отыр.
Кеңес заманында жоғары білімді мұғалімдерді педагогикалық институттар дайындап келді. Бірақ, кейін педагогикалық институттардың бірқатары университетке айналды, біразы басқа оқу орындарымен қосылып университет құрды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысынан бастап, педагогикалық институттар негізінен дербес оқу орны болудан қалды. Мұғалімдер дайындау университеттерде жалғаса берді, дегенмен басқа мамандықтар сияқты мұғалімдердің сапасы төмендеді.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бұл мәселені толық шешпесе де, мектепке жас мұғалімдердің баруына аз да болса жол ашты. Бірақ, енді әйелдер зейнетке 63 жаста шығатын болса, ал, олар мұғалімдердің 80 пайыздан астамы, жастарға ауылдық мектептерде жұмыс табу қиындайды, әлеуметтік жағдай күрделенеді.
Әсіресе, болашақ мұғалімдерді тәрбиелеу педагогикалық практикасыз іске аспайтындығы белгілі. Студент кәсіби қызметке араласып, нақты кәсіби жағдайлармен кездесіп, қиындықтармен бетпе-бет келгенде ғана шыңдалады, өзінің мүмкіндіктерін байқайды, тексереді, мұғалім мамандығына жарамдылығын зерделейді. Себебі, ұстаздыққа тек оқулықтар мен дәрістердің үйретуі мүмкін емес.
Студенттік кезең сапалы білімнің, мінездің қалыптасатын кезеңі, кәсіби сана, өзін мұғалім болып сезіну осы кезде басталады. Педагогикалық оқу орнында оқи жүре студенттің кәсіби жоспары, ой-ниеті нақтыланады, көп нәрсені қайтадан ой елегінен өткізеді, тіпті сол таңдауынан айниды да, бірқатарының мұғалімдік мамандыққа көңілі суиды. Сондықтан, әсіресе, бірінші курс пен соңғы курстар мамандық таңдауда шешуші рөл атқарады.
Көптеген зерттеулер студенттердің кәсіби бағдарына жоғары оқу орнынан алған білімнің сапасының әсер ететініне назар аударады. Университеттің берген біліміне студенттер қанағаттанбаса, университет оқытушылары педагогтың шынайы үлгісін көрсете алмаса, ол студенттің мұғалім болуы күмәнді.
Сапалы білім беруді анықтауда мектепішілік бақылау мен зерттеудің маңыздылығы ерекше. Бұл өте жауапкершілікті, әділеттілікті, біліктілікті қажет етеді. Мұғалімдердің білімін тексеру, бақылау белгілі бір ұстаздың сағын сындырып, кек алу үшін емес, олардың қабілеттерін, іскерлігін, шеберлігін зерттеу, үйрену мақсатында жүргізілгені жөн. Бақылауды әділдікпен, сауаттылықпен жүргізбесе, басшылар мен ұстаздардың арасында конфликті туындауы мүмкін. Сондықтан, мектепішілік бақылауды белгілі бір мақсатқа байланысты жүргізген дұрыс. Саны бар да, сапасы жоқ, тек сабаққа қатысудың санын толтыру үшін емес, белгілі бір ұсыныстар мен тиімді нұсқаулар беру үшін, ұстаздардың кәсіби шеберлігін, теориялық білімін, жаңалықтарын білу бағытында жүргізілгені пайдалы болмақ. Шама келгенінше, сабаққа қатысушының мамандығы сабақ өткізіп тұрған ұстаздың мамандығымен сәйкес болуы қажет. Мектепішілік бақылау кезінде ұстаздың теориялық білімі, сабақ беру кезінде тиімді әдіс-тәсілдерді таңдап алу шеберлігі, оқушылармен қарым-қатынасы, логикалық ойының тереңдігі байқалады.
Сапалы білім берудің келесі бір бағыты – әр ұстаз өзі сабақ беріп жүрген сыныптарының оқу бағдарламасында көрсетілген шығармалар мен ережелердің кемінде 80-90 пайызын өте жоғары деңгейде біліп, сабақ өткізудің ең тиімді әдістерін таңдап алып, білім-біліктілігін, кәсіби шеберлігін, тың шығармашылық ізденісін көрсетуге тиісті. Оқулықтың шеңберінен шыға алмай, жалаң дайындықпен тиянақты, сапалы білім беру мүмкін емес. Қандай сабақ өткізсең де дидактикалық заңдылықты сақтай отырып, жаңа сабаққа кірісу – ең тиімді жол екендігі белгілі.
Сонымен қатар, мектеп оқушыларына сапалы білім беру – 5-6-7 сыныптарда берілген білімнің сапасына тікелей байланысты. Себебі, осы сыныптарда негізгі пәндердің теориялық материалдарының алғы шарттары өткізіле бастайды. Сондықтан, осы сыныптарға мектептің ең шыңдалған, білімді, тәжірибелі ұстаздардың сабақ бергені дұрыс. Мектепішілік тексеруді осы сыныптарда күн сайын жүргізу қажет.
Ұлт жоспарының 76-қадамында 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту міндеті қамтылған. Өкінішке орай, биылғы жылдың қаңтар айында 12 жылдық білім беру эксперименті (2003 жылдан бері жүргізіліп келген) уақытша тоқтатылды. Негізінен келтіріп отырған жүйелі дәлел-дәйегіміз бар. Біріншіден, 12 жылдыққа қатысты нормативті құжаттар дайын емес; екіншіден, оқулықтар мен оқу құралдары жеткіліксіз; үшіншіден, елімізде 200-ге жуық апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер бар; төртіншіден, ХІ, ХІІ-сыныптарға білім беретін білікті магистрлер дайындала қойған жоқ. Енді, Елбасының нақты бақылауымен осы кемшіліктердің орнын толтырғаннан кейін ғана, 12 жылдық білім беруге көше аламыз.
Сондай-ақ, 79-қадамда білім беру жүйесінде жастарды ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшіру, даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру міндеттері көзделген. Себебі, электронды байланыстың 70 пайызы, техникалық байланыстың 80 пайызы ағылшын тіліне тәуелді. Дегенмен, қос тілділік проблемасын зерттеп жүрген канадалық ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, біріншіден, оқушы өз ана тілінің уызына жарығаннан кейін ғана шет тілін оқыту керек; екіншіден, ана тіліне басымдық бере отырып, шет тіліне оқытуымыз қажет.
Сондықтан, 76, 79-қадамдарды іске асыру үшін де білікті мұғалімнің сапалы, тыңғылықты білім беруі талап етіледі.
Тақырыбымызды түйіндер болсақ, білікті мұғалім – мектеп білімінен, сапалы оқушыдан басталады. Егер мұғалім мамандығы әлеуметтік жағынан шынайы қорғалса, оған өз ертеңіне сенімді, білікті жастар барады. Интеллектуалды және азаматтық әлеуеті жоғары мұғалім қоғамның кез келген саласында жұмыс істей алатын білімі сапалы, ерік-жігері мықты, біліктілігі толысқан жаңа формация мамандарын тәрбиелейтіндігі ақиқат!
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, педагогика және психология
кафедрасының доценті.