Белсенді жастар үшін жаңа белестер көп
Жастар еліміздің маңызды стратегиялық әлеуетінің тірегі. Сондықтан мемлекеттік қызметте жас мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында мемлекеттік органдар жас бастамашыл азаматтар ұсына алатын жаңа көзқарастарды, креативті идеяларды және жоғары тиімді шешімдерді тартуға мүдделі. Бұл сондай-ақ елдің қоғамдық-саяси өмірінің дамуына ықпал етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әділетті мемлекет әрі инклюзивті қоғам құруға, гендерлік теңдікті сақтау мәселесіне баса назар аударды.
Жастарды мемлекеттік қызметке тарту – мемлекеттік ұйымдардың көптеген мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін маңызды міндеттердің бірі. Мәселен, Атырау облысында 35 жасқа дейінгі жас мемлекеттік қызметшілердің саны 522 адамды құрайды, бұл жергілікті атқарушы органдардағы қызметшілердің жалпы санының 36,3%-на тең.
Кадрларды жаңарту, басқарудың заманауи әдістерін енгізу, кәсіби қызметке жаңа көзқарас және жоғары уәждеме – мұның бәрі жастарға мемлекеттік қызметке орналасу кезінде ашылатын мүмкіндіктер.
Сонымен қатар, гендерлік теңдік негізгі аспект болып қала береді. Өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда 872 әйел жұмыс істейді.
Олардың арасында басшылық лауазымдарда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары А.Досқалиева да бар.
Сондай-ақ белсенді жастарды салаға тарту мақсатында Өңірлік жастар кадр резерві жасақталды.
Резервке енген белсенді жастың бірі – Данияр Әбдіғаппаров. Данияр Есболұлы «GPC Investment» ЖШС-де персоналды басқару бөлімінің аға маманы болып қызмет атқарады.
Белсенді жас жеке сектордағы тәжірибесін мемлекеттік қызметпен ұштастыру мақсатында іріктеуге қатысып, кезеңдерден оң нәтиже көрсете отырып, Өңірлік кадр резервіне алынды.
Жастарды, әйелдерді және мүмкіндігі шектеулі адамдарды мемлекеттік қызметке тарту бойынша белсенді күш-жігер жалғасуда, бұл олардың қоғамды дамытуға қатысуына жағдай жасайды.
Ш.ҚАЙНЕНОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
Атырау облысы бойынша департаменті
Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы