Жарнама
Саясат

БАШҚҰРТСТАНМЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫС

 

Соның негізінде ұлтаралық келісім идеясы қоғамның барлық салаларында, оның ішінде білім-ғылым саласында ерекше қолдау тапты. Сондықтан, ұлтаралық татулықтың жаңа кезеңі қалай дегенде де біліммен, мәдениетпен байланысты болмақ. Мемлекет басшысының бастамасымен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасы бүгінде жас қазақстандықтарға сапалы білім берудің жүйесі ретінде ғана емес, ұлтаралық келісім қағидаттарын халықаралық деңгейде нығайтудьң жолы ретінде де таныла бастады. Қазіргі кезде бұл бағдарлама қарқынды дамып, жастар шетелдерде өз білімдерін шыңдап қана қоймай, еліміздің білім-ғылым саласындағы өзара ынтымақтастық байланыстарын дамыту ісіне өз үлесін қосып келеді. Бұған қоса республикадағы барлық жоғары оқу орындары шет елдің білім ордаларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, отандық білім-ғылым саласының әлемдік білім кеңістігіне ықпалдасуы жолында еңбек етіп келеді.

Соның бір айғағындай, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің бастамасымен 2013 жылы Ресей Федерациясының Уфа қаласындағы техникалық университетінде мектеп бітірушілердің сұранысқа сай мамандықтарға демеушілер есебінен оқуына жағдай жасалған.

Облыс әкімдігі мен «Аджип Қазақстан Норт Каспиан Оперейтинг» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасақталған. Аталған құжатқа сәйкес қазіргі кезде Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінде 49 оқушы жоғары білім алуда.

Бүгінгі күні Уфадағы аталмыш білім ордасы тек Ресей үшін ғана емес, әлемнің 40-қа жуық еліне маман даярлайтын халықаралық деңгейдегі беделді оқу ордасының біріне айналды. Қазір Уфада еліміздің әр өңірінен барған 200-дей қазақстандық жас білім алуда.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха  Дүйсекенованың айтуынша, ең алдымен, Уфаға жіберілетін түлектердің Ұлттық Бірыңғай тестілеуде жинаған ұпайларына ерекше көңіл бөлінеді. Талап бойынша көрсеткіш 80 балдан кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, сұрақ-жауап негізінде арнайы емтихан тапсырып, нәтижесінде, ата-аналардың арыздарын, отбасылардың әлеуметтік жағдайларын ескеретін арнайы комиссия құрамы балаларды іріктейді. Ең бірінші кезекте облыс орталығы мен аудандардан аз қамтылған және көп балалы отбасылардың, сонымен қатар, жетім немесе жартылай жетім балалардың әлеуметтік жағдайы ескеріледі.

Екі жыл қатарынан Уфа мұнай техникалық университеті облыс мектептерін бітірушілері үшін «Ашық есік» күндерін өткізіп, презентациялық таныстыру және қабылдау емтихандарын ұйымдастырады. Облыс оқушыларының осы оқу орнына деген қызығушылығы жоғары екенін ерекше атап кетуге болады. Жыл сайын 150-ден астам оқушы қабылдау емтиханына қатысып, өз бағын сынайды. Әрине, университеттің болашақ мұнай саласы мамандарына қоятын талабы да жоғары.

— Бұл облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының атыраулық жас өрендерге деген қамқорлығы. Уфадағы мұнай техникалық университетінің кадр дайындау сапасы өте жоғары болғандықтан, осы оқу орнының басшыларымен аймақ басшысы келісімге келді. Башқұртстан астанасында білім алуға ниет білдірушілер саны жыл сайын артуда, — дейді Злиха Қадырбайқызы.

Осы халықаралық ықпалдасудың әсері ішкі этносаралық татулыққа да пайдасын тигізуде.

Білгеніміздей, шетелде оқу атыраулық жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Мұндағы қазақтардың басын біріктіру мақсатында «Шаңырақ» қазақ мәдени орталығы құрылды. Мұнда ұлттық мерекелерімізді атап өту, ұлттық ойындарды насихаттауға мүмкіндік туып отыр.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button