ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Еуразиялық  интеграция  – соның  нақты  кепілі

Міне, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында өткен «дөңгелек үстел» басындағы әңгіме осы Еуразиялық экономикалық одақ құру тақырыбына арналды. Оны облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ жүргізді.

«Дөңгелек үстелге» облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хисмет ТАБЫЛДИЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек ТАУБАЕВ, облыстық мәслихат депутаты, техника ғылымдарының докторы Бекет КЕНЖЕҒҰЛОВ, «Нұр Отан» партиясы  облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сайын ҚУАНЫШЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ардақ Тукенова, «Аманкелді» өндірістік кооперативінің төрағасы Мұрат ТҰРЛЫБЕКОВ және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

– Данышпан Абайдыңқайсы өсиеттерінің де өміршеңдігін уақыт өткен сайын риясыз сезініп келеміз. Әлімсақтан-ақ ата-бабаларымыз «адамның күні  – адаммен» деген ойлы пікірді күнделікті өмірден түйіп айтқан. Ал, ұлт ұстазы Абай да былай деген еді ғой: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп …» Міне, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұдан 20 жыл бұрын көтерген интеграциялық бастамаларының түп негізінде де осы қағида жатқандығы бүгін айқын дәлелденіп отыр. Өйткені, қай заманда да бірде-бір ел, бірде-бір халық жаһан дүниеден тысқары, еш байланыссыз оқшау өмір сүруі мүмкін емес. Осыны Қазақ елінің Көшбасшысы тәуелсіздіктің таңсәрі шағында-ақ тап басып, өрелі идеяларын ұсынған болатын.

Расында да, Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы Ресей Федерациясына ресми сапары кезінде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттерімен кездесуінде ұсынған Еуразиялық одақ құру жөніндегі бастамасы бүкіл әлемдегі геосаяси қауымдастықты дүр сілкіндірді. Тым тосын да, батыл ұсыныс болғаны соншалық, бұған біреулер оқшырая қарады, екіншісі аңдысын аңдамақ болды. Сонда бұл экономикалық интеграцияның дамуын көздеген бастаманың мәні неде еді? Оның тиімділігі қандай? Кемшін тұстары бар ма? «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ұйымдастырып отырған бүгінгі «дөңгелек үстелдің» мақсаты – осы сауалдарға жауап іздеу.

 Хисмет ТАБЫЛДИЕВ:

– Мұндай одақ – бүгінгі күн талабымен үндес құрылым. Бұрынғы әр республика өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері көптеген қиындықты бастан кешірді. Кейбірі содан әлі шыға да алмай келеді.

Қазақстан да талай сыннан өтті. Енді, бүгін буынымыз бекіп, қанатымыз қатайды. Жақын түгілі, алыс шетелдермен де тереземіз тең дәрежеде тілдесе алатын болдық. Ендеше, өз өнімімізді біз де неге сыртқа шығармаймыз? Елбасы айтқанындай, қазір Қазақстанның дайын бұйымдарын дүние жүзіндегі 111 мемлекет сатып алады екен. Яғни, сапасы әлемдік талаптарға сай болғаны ғой. Алайда, бұл мүмкіндік шегі ме? Әрине, жоқ. Үздіксіз дамып келе жатқан экономикамыз әлі де озық тауарларды шығаруға қауқарлы. Тек соны ұсынатын нарығымыз тапшы емес пе? Сол сапалы нәрсеміз сыртқа шықпай, ішкі нарықты ғана жағалап жүрген жоқ па? Ендеше, оның да кеңістігі кеңеймек. Бұл, әсіресе, кәсіпкерлерге өте тиімді. Солардың көбінің өзге елдердегі әріптестерімен байланысы шамалы. Міне, жаңа одақ соған жақсы жағдай жасамақ. Қазақ «бармасаң, көрмесең – жат боларсың» демей ме?

Бақтыбек ТАУБАЕВ:

– Осы айтылғандарды одан әрі өрбітсек, жаңа одақ құруға біз бірден қол жеткізіп тұрғанымыз жоқ. Оған тура жиырма жыл жұмсалған екен. Сонау 1994 жылы мұндай бастаманы мүмкін еместей көргендер көп болды. Егер солар қазіргі ахуалды байыпты бағамдай білсе, онда тайыз ойлағандарын түсінер.

Оның үстіне, Еуразиялық экономикалық одақ өмірге келгенге дейін қаншама өзге құрылымдар құрылды. Елбасы айт-қанындай, Еуразиялық Даму банкі, Еуразиялық Іскерлік кеңесі, Еуразиялық Медиа-форум, Еуразия университеттерінің ассоциациясы, т.б. Солардың бәрі жаңа одақтың ал-ғышарттары еді.

Ал, Кедендік одақ ше?  Ресейдің Астрахан облысымен шекаралас болғандықтан атыраулық кәсіпкерлер оның тиімді тұстарын бағамдап та үлгерген шығар. Бұрын кедендік тексеруден бәлен сағат өтіп, шекарада үйіріліп тұратын көліктерден енді түк те жоқ. Бәрі де қажетті құжаттарын көрсетіп, еш кедергісіз өтеді. Осының өзі үлкен ілгерілеу емес пе?

Жалпы, әлемдегі озық дамыған мемлекеттердің өздері бірнеше одақ құрып, бірігіп жатыр. Бірінің экономикасын екіншісі қолдап, көмектесіп жүргендер жетеді. Өйткені, макроэкономиканың өзі – сұраныс пен ұсыныс. Шыны керек, қазақстандық дайын тауарларға алыс шетелдерде әзірге сұраныс болмауы ықтимал. Оларға әзірге тек мұнай мен газ тасымалдануда. Бірақ, тек шикізатқа ғана иек артуға болмайды ғой. Сондықтан, бастапқыда отандық өнімдер үш ел арасында қолданысқа ие болғанымен, кейін өзге көкжиектерді де иемденуге мүмкіндік тумақ.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

«Ғылыми-техникалық өркендеу қарқындап, өткізу рыногы үшін қатал күрес жүріп жатқан кезде тек бірлесу арқылы ғана өмір сүруге болады. Байқап қараңыздаршы: көп ғасырлық мемлекеттілігі бар Батыс Еуропа елдері де бірлесуге бет бұрып отыр. Олар әлемдік рыноктың қатал түрде кереғарланып бара жатқанын жақсы біледі: Солтүстік Америка, Жапония және ақырында, Азияның «жас жолбарыстары». Ал, бізді, бұрынғы Одақ республикаларын тарих пен тағдыр өзі бір қоғамдастыққа бейімдеп даярлаған. Бізге байланыстар мен басқарудың бірыңғай нысандары мен тетіктері тән, діліміз бен басқа да көптеген нәрселеріміз ортақ…» деген Нұрсұлтан Әбішұлы ТМД-ның уақыттың объективті талаптарына сай келмейтіндігін, оған мүше елдердің соншалықты зәру болып отырған интеграциясын қамтамасыз ете алмайтындығын да нақты дәлелдермен атап айтты. Осы ойдың мәнін терең талдасақ деймін…

Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА:

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында, яғни әр республика өз алдына отау тігіп жатқан тұста өмірге келген көптеген құжаттардың ешқандай жұмыс жасамағандығын Елбасымыздың өзі айтып отыр. Сол кезде істелген келісімдер де өздерін ақтамады. Мүмкін асығыстық орын алған шығар, әлде тәжірибе жетіспеді ме – әйтеуір, өркендеп кеткен ешқайсысы жоқ.

Демек, қазіргі формадағы интеграция – әбден пісіп-жетілген табиғи қадам. Әрине, бірден қалыптасып кете де қоймас. Дайындық, соның ішінде кәсіпкерлердің өздерінің даярлығы қажет.

Осы орайда алдымен айтарым – бизнес иелері ізденіс танытулары тиіс. Олар сапалы өнім шығаруға ұмтылуы шарт. Қазір шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы барлық мүмкіндікке жол ашты. Мәселен, өңірде мұнай-газ саласы жақсы дамыған. Бұл бағытта әлі де ірі жобалар жүзеге асырылмақшы. Ендеше, неге солардың төңірегінде сервистік қызметті өрістетпеске? Алыс-жақын шетелдерден, республиканың әр түкпірінен келген мамандарды жергілікті тағамдармен қамтамасыз етсе, біраз пайда табылмас па?

Залдан сауал:

Қазір біздің облыстан Кедендік одақ елдеріне нақты нендей тауарлар шығарылып жатыр?

Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА:

–  Әзірге сыртқа мұнай мен газ және балық өнімдері ғана тасымалданады.

Залдан сауал:

Келешекте экспортқа бейімделген қандай тауарлар болуы мүмкін?

Лариса Жұмағалиева:

Бізде инвестициялық климат өте жақсы. Бұл көптеген бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайды. Осы орайда облыста республика бойынша бірінші рет газ-химия кешені салынып жатқандығын айтқан жөн. Таяу келешекте оның өнімдері алыс-жақын шетелдерге шығарылмақ. Атырау мұнай өңдеу зауыты қайта жарақтандырылып жатыр. Енді жоғары октанды бензинмен өзімізді қамтамасыз ете аламыз. Теңіз кенішінің кезекті игерілу сатысы жүзеге асырылмақ.  Құрылыс материалдары индустриясын дамытуға мүмкіндік мол. Мәселен, Индер ауданында үлкен шикізат көзі бар. Соны бірлесіп игеретін инвестор іздестірілуде.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарында тың жобалар қолға алынды. Сиыр және ешкі фермаларының өмірге келуі – бұрын-соңды өңірде болмаған игіліктер. Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов биыл егістік көлемін бірнеше еселеп арттырды. Үлкендердің жадында бар шығар, бұрын облыс картоппен өзін ғана қамтып қоймай, оны тысқа да тасымалдайтын еді ғой. Ендеше, соны неге қалпына келтірмеске?

Өңір басшысы тағы бір тың бастаманы көтеріп отыр. Мәселен, бізде мал терісі мен жүні қадеге аспай, текке жатыр. Әсіресе, Құрбан айт кезінде, той-садақаларда сойылған төрт түліктің терілерін кез-келген жерге лақтырып тастаймыз. Ендеше, соны неге өңдеп көрмеске? Ақырында, жақсы киім дайындауға болады емес пе? Міне, сондықтан жақында бір топ адам Моңғолияға сапарға шыққалы отырмыз. Сондағы тері илеу технологиясын үйренбекпіз. Шақыру алдық. Бұл да – сыртқа дайын өнім шығаруға бағытталған қадам.

Залдан сауал:

– Индердің мүмкіндігі жөнінде жақсы айттыңыз. Осында Менделеев кестесіндегі қазба байлықтарының бәрі бар. Осы орайда борат өндірісін қалпына келтірудің шарасы алына ма?

Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА:

Өкінішке орай, әзірге оған қызығушылық танытып отырған ешкім жоқ. Ал, өзгелерін инвесторлар көмегімен игерудің мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.

Залдан сауал:

Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындалу үстінде. Осы орайда Еуразиялық экономикалық одақ оған кереғар болмай ма?

Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА:

Ешқандай кереғарлығы жоқ, керісінше алдымен үш ел өзара саудаласып үйренуі керек. Әлемдік нарыққа шығар алдында осындай тәжірибені түйсінген жөн.

Бақтыбек ТАУБАЕВ:

– Мына жайды жадымыздаұсталық,Еуразиялықодаққа мүше болу –оның құрамында мәңгі қалу емес. Келешекте жағдай қалай өзгереді, нендей оқиғалар орын алуы мүмкін – соның бәрі ескерілген.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

Енді зерделеп қарайық: Кеңестер Одағы кезінде бір-бірімен жіпсіз байланған он бес республиканың экономикалық ахуалы әр ел өз алдына кеткеннен кейін айтарлықтай зардап шеккені белгілі. Мәселен, Қазақстанда негізінен металдар мен минералдық ресурстар өндірісі болса, миллиондаған тонна шикізат берісі Қырғызстан мен Ресейге, әрісі Украинаға тасымалданатын. Сол елдерде өңделіп, құйылған металл прокаттары енді дайын бөлшектер жасау үшін басқа республикаларға жіберілетін. Содан соң ғана түрлі техникалар шығарылушы еді. Мұндай байланыстың тіні үзілгеннен кейін мың жерден «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы» дегенімізбен, экономикалық қарым-қатынастар қожырады. «Біздің елдеріміздің еріктілік пен тең құқықтылық қағидаттары қалыптасқан жаңа мемлекетаралық бірлестігі негізіндегі өзара қарым-қатынастың сапалық жаңа деңгейіне ауысуы қажеттігі пісіп-жетілді. Ондай бірлестік Еуразиялық экономикалық одақ болар еді…» деп түйіндеген-ді ойын Елбасы бұдан 20 жыл бұрын. Ендеше, Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған идеяның дұрыстығы да, өміршеңдігі де осы емес пе?

Бекет  КЕНЖЕҒҰЛОВ:

-Расында да, кешегі одақтас республикалар өз алдына отау тіккен соң  әркім өз пайдасын ғана ойлады. Сол шақта да біздің Елбасымыз ашықтық саясатын ұстанып, алыспен де, жақынмен де байланысуға ұмтылды. Бүгінгі құрылып жатқан Еуразиялық экономикалық одақ – соның нақты нәтижесі.

Осы орайда мен болашақ білімді жастардың қолында екендігін айтар едім. Жалпы, қазір қай ел білімді болса, сол күшті. Елбасының өзі айтқанындай, бізге ғылымға негізделген индустриялық-инновациялық жобалар қажет. Әлемнің дамыған елдерінде ғылымға негізделген технологиядан үш миллиард табыс түседі екен. Бұл үлкен көрсеткіш емес пе? Мәселен, Еуроодақ елдерінде, Жапонияда, Кореяда білім сапасы жоғары. Елбасы соған жетуді тапсырып отыр. Осы орайда студенттерге дәріс беретін оқытушылардың өздері де үнемі ізденіс үстінде болып, көштен қалмауы керек.

Залдан сауал:

Осы орайда келешекте қазақстандық, соның ішінде атыраулық жастарды шетелдерде оқыту жайы қалай болар екен?

Хисмет ТАБЫЛДИЕВ:

– Қазір бір топ жас Уфада оқып жатыр.

Бекет КЕНЖЕҒҰЛОВ:

– Бұдан басқа Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларында білімін жетілдіріп жатқандар бар. Ал, Астраханның бір топ жастары бізде оқуда. Міне, осылайша студенттер алмасуы жүріп жатыр. Олар ғана емес, оқытушылар да шетелдерде біліктерін шыңдауда. Демек, қарым-қатынас қазір-ақ қалыптасқан. Енді соны жаңа тұрғыда жалғастырмақпыз.

Залдан сауал:

Жоғарыда сыртқа балық өнімдері тасымалданып жатқандығы айтылды. Сонда онымен өзімізді толық қамтамасыз етіп болдық па? Егер қаладағы сауда орындарында су маржандары толып тұрса, онда браконьерлікке де тосқауыл болар еді ғой.

Мұрат ТҰРЛЫБЕКОВ:

– Жалпы, браконьерлік бұрын да болды, қазір де бар, келешекте де кездесетін шығар. Онымен күрестің тың тәсілдері керек. Ал, біз өнімдерімізді Ресейге тасымалдап жатқанымызбен, ішкі саудаға да берудеміз. Мәселен, «Атаба», «Идеал» сауда орындарында бар. Сонымен қатар, базарлардағы сауданы реттеп, балық сатуды заңды негізде жүргізіп жатырмыз. Бұрын тығылып сауда  жасаушыларды тоңазытқыштармен қамтамасыз етіп, қолдарына құжаттарын бердік. Енді еркін сауда жасай алады.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

Бүгінгі шара «Нұр Отан» партиясының бастамасымен өтіп жатқандықтан, оның облыстық филиалының жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасын да әңгімеге тарталық.

Сайын ҚУАНЫШЕВ:

– Бұл бағытта жасалған нақты жұмыстар жеткілікті. Еуразиялық одақ жемқорлықтың да аяғына тұсау салады. Өйткені, халық кімнің тауары сапалы екендігін өзі таразыламақ. Оған күшпен тықпалаудың қажеті жоқ.

Қазақстандықтар Елбасы идеясының дұрыс бастама екеніне сенеді. Бұл – тарихи дәлелденген шындық. Тәуелсіздіктің 22 жылында елімізде бірлік пен береке орнады, бейбітшілік пен татулық салтанат құрды. Біздің басты байлығымыз да – осы.

Елбасы жақында ғана М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде болған кездесуде «Біз әлемнің ең ірі өндіруші массивтері – Еуроодақ пен Азия-Тынық мұхиты өңірі арасында орналасқанбыз. Бұл Шығыс пен Батыстың Еуропа мен Азияның арасындағы геоэкономикалық көпір ретінде бізге табиғи бәсекелестік артықшылығын береді» деген-ді.  Міне, біз осы мүмкіндікті де тиімді пайдалануымыз керек.

Ардақ ТУКЕНОВА:

– Мен де өз ойымды білдірейінші. Елбасымыз шағын және орта бизнесті барынша қолдап отыр. Оларға жасалып жатқан қамқорлық әлемнің еш елінде жоқ. Егер кім осындай кедергіге тап болса, бізге келіп шағымдануға болады. Ендігі жерде таныс-тамырлықпен іс бітпейді. Осы айдың 26-сында «Ренессанс» қонақ үйінде Кәсіпкерлер палатасының шарасы өтпекші. Сонда да аталмыш мәселе талқыға түседі.

Ал, өнім сапасына келер болсақ біздің дайын нәрселеріміз ешкімнен кем емес. Рас,  әзірге аздау шығар, бірақ шетелге ұялмай шағаратын тауарларымыз бар. Сондықтан мен баршаны сырттан келген өнімдерге ғана ұмтылмай, атыраулық тауарларды да тұтынуға шақырамын. 

Бекет КЕНЖЕҒҰЛОВ:

– Дүниежүзілік сарапшылардың есептеуінше, қазіргі жүзжылдықта «экономикалық тартылыстың» әлемдік орталығы Шығысқа, Азияға, соның ішінде, болашақ экономикалық одақтың аумағына қарай ауысады. Демек, біздің алдымызда мол мүмкіндіктер ашылғалы тұр.

Бақтыбек ТАУБАЕВ:

– 2009 жылдан бері Қазақстанның Еуразиялық экономиикалық кеңістік пен Кедендік одақтағы әріптестерімен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24,2 млрд. долларға жетті. Біздің Беларусь пен Ресейге экспортымыз 63 пайызға өсті. Соның ішінде өңделген тауарларды шығару екі есе ұлғайды. Ендеше, алда оны әлі де көбейтуге мүмкіндік бар.

Елбасы айтқанындай, біздің идеямыздың күйреуін қалайтындар да аз емес. Оның үстіне, Еуразиялық экономикалық одақтың Еуроодақ бастан кешіп отырған қиындықтарға тап келуі де мүмкін. Дағдарысты ахуалдар бізде де орын алуы ықтимал. Сондықтан, Еуразиялық экономикалық одаққа өз еркімен кірмекші елдер соның бәріне де дайын болуы шарт.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ:

Жалпы, кез келгенодақ оған біріккен елдердің мүддесін сыртқы экспансиядан қорғау үшін өмірге келеді. Әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі одақтарға бірігіп жатқандар мысалынан да осыны айқын пайымдаймыз. Айталық, Канада-АҚШ-Мексика одағы бар. Бұл Жапонияның электронды-тұрмыстық тауарларынан Америка рыногын қорғау мақсатында құрылған. Демек, экономикалық интеграцияның дамуында ынтымақтастық та, бәсекелестік те, өз рыногымызды шетелдік экспанциядан қорғау да жан-жақты ескерілгені даусыз. Міне, экономикалық одақ құрудың тиімділігі осында жатыр. Елбасымыздың ел ертеңін ойлаған байыпты бастамасы бүгінде осылайша өзінің өміршеңдігін танытып отыр. Тағы да ұлы Абайға жүгінсек, ол «істің нәтижесі оның қалай басталғанынан білінеді» деген екен. Олай болса, тәуелсіздіктің таңсәрісіндегі таңдау мемлекетіміздің көреген де, кемел саясатына басты негіз болғаны қапысыз.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз