Жарнама
Саясат

АЗЫҚ-ТҮЛІК МОЛШЫЛЫҒЫ – АЛҒЫ КЕЗЕКТЕ

Елбасы Жолдауын «Нұрлы Жол» деп атауы да тегін емес. Баршамыз жұмыла кірісетін ендігі міндет – жолымыздың нұр мен шуаққа бөленуін қамтамасыз ету. Ел экономикасының, әлеуметтік тыныс-тіршіліктің қайнар көзінің бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Сол себепті де, Жолдауда экономикалық әртараптандырудың маңызды бiр бөлiгi – агроөнеркәсiптiк кешенiн дамыту екенi көрсетiлдi.

2014 жылы облыс бойынша 133,0 мың гектар жерде үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Күрес шаралары мерзімінің сақталмау себебінен 2013 жылмен салыстырғанда саяқ шегірткемен күрес аймағы биыл 8 есеге дейін артып, облыстық бюджеттен 20 млн. теңге қаражат бөлінді. Сөйтіп, 14,548 мың гектар саяқ шегіртке қоныстанған аймақта химиялық өңдеу шаралары жүргізілді.

Бүгінгі күні облыста егіс көлемі біршама артып, 6928 гектарға жетіп отыр, бау-бақша көлемі де өткен жылдарға қарағанда өсіп, 383 гектарды құрады. Мәселен, «Қарағаев», «Меңдігереева» және «Атырау агроөнімдері» сияқты шаруашылық субъектілері жеміс-жидек өндіріп,  облыс көлемінде сауда орындарына шығаруда. Әрине, өз жерімізде өндірілетін өсімдік өнімдерінің егістіктері ұлғайғанымен, облыс халқын қамтамасыз ету үшін  жеткіліксіз. Сондықтан да, ауыл шаруашылығы өнімдерін сырттан тасу төмендемей отыр.

Елімізге кедендік одақ аймағынан 2014 жылы өсімдіктер карантиніне жататын өнімдер, атап айтқанда, 997 тонна көкөніс, 7278 тонна жеміс-жидек, тағы басқа да өнімдер көптеп әкелінді. Шет мемлекеттерден, Ресейден тасылатын көкөніс-бақша өнімдері де Атырауға жеткенше жолдың нашарлығынан сапасын төмендетеді. Біздің  міндетіміз – өнімдерді халыққа ұсыну үшін оның құжаттарының дұрыстығына, сапалылығына назар аудару. Алдағы уақытта Ресеймен қосатын Атырау-Астрахань автокөлік жолы жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл – өте қуанышты жайт, себебі тасымал қауіпсіз болып, тамақ өнімдері қалаға жеткенше сапасын жоймас еді. Біз де өз тарапымыздан өлкемізге тек сапалы  өнімдердің әкелінуін қамтамасыз етудегі бақылау жұмыстарын жүргізуде күш-жігерімізді аямаймыз, себебі халық мүддесі қашанда жоғары.   

  Ауыл шаруашылығына инновациялық озық тәжiрибенi енгiзуде бүгінгі күні өз нәтижесін беріп келеді. Осы мақсатта 2014 жылдан бастап сүттi мал шаруашылығын дамыту бағытында «Первомайский» ЖШС-не Америка Құрама Штатынан асыл тұқымды, сүтті  456 бас гоштин-фриз тұқымды сиыры, Ресей мемлекетінен  «Сарайшық» ЖШС-не сүтті   515 бас зааненді тұқымды ешкілері әкелініп, оның сүт өнімдері бүгінде халыққа ұсынылуда. Сонымен қатар,  Махамбет ауданында «Алмалы құс» ЖШС-нің жаңа құс фабрикасы ашылып, немістің «Hellmann Poultry GmbH» компаниясынан балапандар мен жұмыртқа басатын тауықтарды өсіруге арналған жабдықтар, сондай-ақ, қуаты сағатына 5 тонна жем дайындайтын құрылғы сатылып алынған. Жоба құны – 680,73 млн. теңге. Қазіргі уақытта фабрикада Свердловск асыл тұқымды құс өсіру зауытынан әкелінген Хайсекс Уайт тұқымды 58 мың балапан өсірілуде. Құс фабрикасының жылдық жобалық қуаты 100 мың балапан және 30 млн. дана жұмыртқа береді деп жоспарланған. Бұлардың барлығы – озық технологияларды қолдану арқылы қол жеткізілетін жетістіктер.

Сонымен қатар, облыстағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық субъектілері де саннан гөрі сапаға жұмыс істеуде. Алыс-жақын шетелдерден және көршілес облыстардан асыл тұқымды етті бағыттағы малдар сатып алып, 2014 жылы «Сыбаға» бағдарламасына 70 шаруа қожалығы қатынасты. Күні бүгін облыс бойынша үш асыл тұқымды мал зауыты, сегіз асыл тұқымды мал шаруашылығы, 10 бағалаушы (сыныптаушы), 17 техник ұрықтандырушы заңдылыққа сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтіп отыр.

Облыстың ауылшаруашылық саласы облыс көлемін ауыл шаруашылығы тауарларымен ғана қамтамасыз етіп қоймай, Елбасымыздың көршілес Ресей мемлекетіне 60 мың тонна ет шығару жөніндегі тапсырмасына да толықтай атсалысары сөзсіз.

Қорыта айтқанда, Жолдау – қоғам дамуының басты құжаты. Онда жоспарланып отырған  мақсат-міндеттерді іске асыру елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге тікелей байланысты. Мұны Елбасымыз да ерекше атап көрсетті. Әрбір қазақстандық азамат осы ақиқатты саналы түрде ұғынса ғана жұмылған жұдырықтай болып, «Біз – Қазақстан азаматымыз, қазақстандық халықпыз» деп, бірігіп іс-қимыл жасап, бейбіт елде бірге өсіп-өнеді.

Сол себепті, Жолдау міндеттерінің тиянақты орындалуына, оның жүзеге асырылуына өз үлесімізді қосуды басты міндет санаймыз.

Абат ЖАНҒАЛИЕВ,

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button