АЗАМАТТЫҚ СЕКТОР – ҚОЗҒАУШЫ КҮШ

«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар билік эшелонына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Бұл жөнінде «Мемлекеттік қызмет: бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың көзімен» тақырыбын арқау еткен басқосуда баяндалды. Жиынға мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау курсынан өтіп жатқан облыстық, қалалық және аудандық жергілікті мемлекеттік басқару қызметкерлері қатысты.

Шараны ашқан Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді дамыту өңірлік орталығының басшысы Баязи Әбдешев еліміз егемендік алған жылдан бері қоғам дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер орын алғандығын, бұл мемлекеттік қызмет саласын да айналып өтпегендігін айтып, облысымызда жаңа әкімшілік реформа аясында жоспар бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын баяндады. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бизнес, үкіметтік емес ұйымдар қалай бағалайды? Мемлекеттік қызмет саласында азаматтық секторлардың атқарып жатқан жұмыстары қандай? Шара барысында осы мәселелер талқыланды.
– Заң меритократия қағидаларын күшейтуге, яғни кадрларды іріктеп, жетілдіру кезіндегі еңбекті қадірлеуге, мемлекеттік қызметке конкурстық негіздегі іріктеудің тиімділігін, әділдігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы – Тәртіптік кеңес төрағасы Мұхит Избанов. Айтуынша, адам ресурстарын басқарудың қазіргі механизмдерін жетілдіріп, жаңасын құру үшін заңдық негізде мемлекеттік органдардың кадрлық қызметін анағұрлым күшейту қарастырылған.
Аталған департамент басшысының орынбасары Қуаныш Мұратов «А» корпусы кадр резервіне конкурстық іріктеу жүйесі мен «Б» корпусы лауазымдарына өту үшін конкурс тәртібіндегі өзгерістер, тәртіптік және этикалық бақылауды күшейту, персоналды басқару қызметін құру тетіктері туралы әңгімеледі. «Бұдан былай мемлекеттік қызметке ең лайықтылар таңдалып алынады. Жастар мемлекеттік қызметке қабілет-қарымы арқылы қабылданатындығын түсінсе, олар білім алуға, біліктілігін көтеруге ұмтылуы тиіс.
Кез келген конкурстық комиссияның отырысы ашық болуы керек. Алдын ала тіркелген бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйым өкілдері сол комиссияларға бақылаушы ретінде қатысады. Олар конкурсқа қатысқандарды емес, комиссия жұмысын бағалайды. Егер бақылаушылар комиссия жұмысымен келіспесе, олардың жұмысы тексеріліп, заңсыз шешім шығарғандары анықталады», – деді ол.
Жергілікті билікпен қарым-қатынастың бірден-бір көрсеткіші – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс. Облыста бұл мәселе қалай шешілуде? Бұл жөнінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева кеңінен баяндады. Шыны керек, үкіметтік емес ұйымдардың дамуы мемлекеттік қолдауға тәуелді. Бұл бағытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың маңызы зор. Әсия Баянқызынан білгеніміздей, бүгінгі күні облыста 300-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелсе, оның 45-50-ге жуығы ғана белсенді жұмыс жасайды.
Үкіметтік емес ұйымдар – билік пен бизнестен кейінгі үшінші сектор. Бұл – бір идея жолындағы адамдар бірлестігі. Олар бірлесіп жалпы әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмылады. Жиында сөз алған «Ақпарат» қоғамдық бірлестігі төрайымы Гүлжан Елешова мен «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықбек Тналиевтер де тәуелсіздік үкіметтік емес ұйымдардың қалыптасуына ықпал етіп қана қоймай, олардың даму белестерінен өтуіне алғышарт жасағанын және атқарып отырған жұмыстары жайлы да айтып өтті.
Елдің еңселі, тәуелсіз мемлекеттің тұғырлы болуы азаматтық белсенділікке, өзара ынтымақ пен іскерлік қарым-қатынасқа байланысты. «Орталық Азияның Еуразия Қорының» Атырау өңірі бойынша жоба үйлестірушісі Ирина Горбаченко азаматтық белсенділікті арттыру жобасын таныстырды.
«Біз әлі мемлекет құруды аяқтаған жоқпыз. Қабылданып жатқан заңдар, оларға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар – күшті дамыған мемлекет құрудағы қадамдар. Мемлекет бизнесті, үкіметтік емес ұйымдарды қолдауда үлкен шаралар ұйымдастыруда», – деген Жастар саясаты мәселелері жөніндегі облыстық басқарма басшысы Мейірім Қалауи «үшінші сектор мемлекетке не үшін керек?» деген сауал төңірегінде әңгіме өрбітті.
– Азаматтық сектор алдымен азаматтық белсенділікті арттыруға керек. Бұл Швеция секілді басқа да елдердің тәжірибесінде бар. Сонымен бірге, кері байланыстың да таптырмас құралы. Олай дейтінім, ҮЕҰ өкілдері елдің, халықтың арасында жүреді. Мемлекеттік органға азаматтардың жағдайын, проблемаларын жеткізеді. Және мемлекеттік органның қолы жете бермейтін аймақтарда әлеуметтік жобаларды жүзеге асыра алады.
Одан әрі шара сұрақ-жауап форматында жалғасты.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз