АЗАТ ЕЛДІҢ АЛТЫН АРҚАУЫ
«Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы тәуелсіздіктің барлық жетістіктерінің сабақтастығы мен қазақстандықтардың болашаққа ұмтылысын бекітетін тұғырнама қызметін атқаратын болады. Ал, Елбасы ұсынған бес халықтық реформа және оған жасалған жүз қадам – «Мәңгілік Елдің» алтын арқауы іспеттес. Жүз қадамда айтылған әрбір түйіннен ұлттың келешегі айқын көрініп тұр. Тарихи құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, адал кәсіпке құрылған жаңа қоғам құру – қазақстандықтардың ендігі міндеті. Мемлекет басшысы осындай қоғам құру үшін нақты негізде жүз қадамды белгіледі.
«Мәңгілік Ел» идеясы мен баршаға ортақ еңбек қоғамы идеяларын одан әрі ілгерілету азаматтық біртектілікті күшейтеді және болашағы біртұтас ұлттың бойындағы жасампаздық әлеуетті түбегейлі ашуға мүмкіндік береді. «Мәңгілік Ел» – қоғамдағы бірлік пен келісімнің өзгеше моделі, ол жаһандық ауқымда танылған табысты қазақстандық тәжірибенің мәртебесіне ие.
Әрқашан ауызбіршілікке арқа сүйеп, ынтымаққа иек артуды бірінші кезекке қоятын Елбасы Ұлт жоспарында да Қазақстан халқы Ассамблеясына «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыруды міндеттеді. Бұл жоба ел бірлігін нығайту жолында игі бастамаларға жол ашып, татулықтың таптырмас үлгісін көрсететіні анық. Біздің өңірімізде де осы қағиданы негізге алған барша ұлт өкілі тұрақтылық пен келісімді паш етіп, этносаралық қарым-қатынасты арттыруға барынша атсалысып келеді. Ассамблея ардагері ретінде айтарым, өңірдегі этномәдени бірлестіктер де қоғамдық өмірге белсене араласуда. Ықпалдастық келісімі шеңберінде бизнесті дамытуда мемлекетаралық ынтымақтастық бойынша облысымыз әлемнің 50-ден астам елімен байланыс жасайды. Бұл – үлкен жетістік. Алдағы уақытта одан да ауқымды жұмыстар күтеміз.
Дәл қазіргі кездегі аса өзекті болып тұрған салалық бағыттар мен өзекті де өткір тұстарды түгел қамтыған бағдарламалық құжаттарды іс жүзіне асыру қазақстандық мемлекеттілікті нығайта түсуге жағдай туғызып қана қоймай, біздің елдің әлемдегі ең дамыған мемлекеттермен қатар тұруына мүмкіндік жасайды және Қазақстанды осы заманғы экономикалық, заманауи мемлекетке айналдырары анық.
Мемлекет басшысымен жүктелген міндеттер біздің елдің дамуының дәл қазіргі кезеңінде аса ауқымды, әрі өте өзекті. Сондықтан, оның орындалуы біздің әрқайсымыздың жауапкершілігімізге, білімділігімізге және біліктілігімізге байланысты. Бүгінгі заман талабы бір орында тұрып, қол жеткенге қанағат етуді көтермейді. Барлығымыз үнемі ізденісте болып, еліміздің өркениет көшінің басынан табылуына жол ашатын тарихи құжаттағы әр қадамның күнделікті тірлікте көрініс табуын қамтамасыз етуге атсалысуымыз керек.
Жаннат АСАБАЕВА, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі