АЯЛАСАҢ, ТАБИҒАТТЫ АЯЛА!
Кездесу кезінде ҚР Президенттігіне кандидат сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. «Атмосфераның, топырақтың, әлем мұхиттарының ұзақ уақыттан бері, әрі үздіксіз ластануына қарап, экологиялық ахуал әлемдегі нөмірі бірінші проблема деуге болады», — деді Ә.Құсайынов. Кандидат мәлімдегендей, көлік құралдары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар оттегін көп мөлшерде пайдаланып, адамдар оны қалпына келтіруге асығар емес, тіпті қалдықтарды тазартуға күш салып отырған жоқ. Жыл сайын атмосфераға 1250 млн тонна көміртек қышқылы, 170 млн тоннаға дейін күкіртті ангидрид, 20 млн тонна азот тотығы, сонымен қатар, күкіртті сутек, күкіртті көміртек және басқа да химиялық зиянды заттар тасталады.
Адамзаттың табиғатқа қарсы қатыгез тұрмыс-тіршілігі Жер шарының экожүйесіне үлкен қауіп төндіруде. Мұндай қарым-қатынасты өзгертетін кез жетті. «Адам биосфераны жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдалана бастады. Алайда, қоршаған ортаны қаншалықты өзгертуге тырысқанымызбен, Жер бетіндегі тіршілік табиғаттың қатаң заңына бағынып дамиды. Сондықтан, адамзат өркениеті тұрақты даму үшін осы заңдар мен қағидалардан ауытқымауымыз керек. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – адамның Жер бетіндегі өмір салтының негізгі қағидасы», — деп атап өтті Әбілғазы Құсайынов.
Дегенмен, Құсайыновтың пікірінше, жоғарыда айтылған фактілерге, әсіресе, адам мен табиғат арасындағы байланысқа қарап, «адамдар табиғат аясын, оның ішінде өзі өмір сүріп жатқан қоршаған ортаны құртып жатыр» деген ой түюге болады. Сондықтан, біз бүгінде экологияны өз үйіміз жайлы ғылым ретінде түсініп, сезінуіміз қажет.
«Біз экология туралы білімді, қауіпсіз, әрі экологиялық таза ортада өмір сүру қағидаларын, табиғат пен адамзатты қоршаған айнала туралы білімді қоғам санасына сіңіре білуіміз керек. Экология мен табиғатты қорғау жұмыстарында азаматтық белсенділікті дамыту маңызды. Әр адам сау табиғат пен қолайлы қоршаған орта ғана адамзат өмірі мен болашағының кепілі бола алатынын сезінуі қажет», — деді кандидаттың Республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Р.Жоламан.
***
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті. ҚР Президенттігіне кандидат кездесу қатысушыларына өз сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, оның негізгі бағыты – экология және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесі жайында баяндап берді. ҚР Президенттігіне кандидат адамзаттың жағымсыз қызметінің салдарын мысалға келтірді. Мәселен, халық санымен салыстырғанда, энергия тұтыну – 3 есеге, минералдық ресурстарды игеру 2 есеге артып отыр. Тау-кен өнеркәсібі жыл сайын адам басына шаққанда 40 тоннадан аса өнім өндіреді. Көмір өндіру кезінде жыл сайын 1 млрд шаршы метрге жуық қажетсіз тау жыныстары қопарылады.
50 жылда ғаламшардағы өсімдіктер мен жануарлар түрлері үш есеге кеміген. Еуропаның өзінде олардың 17 мың түрі жойылып кетті. Жалпы, Жер шары жыл сайын тірі ағзаларының 30 мыңға жуық түрін жоғалтады. Жерорта теңізіндегі флора мен фауна үш есеге азайды. Соңғы 45 жылда жабайы аңдар мен өсімдіктер саны 25-30%-ға қысқарды. Жыл сайын адам баласы жануарлардың 1%-ының көзін жойып отыр.
«Сонымен қатар, баршаңызды энергия мен су ресурстарын тиімді тұтынуға шақырамын. Барлық кәсіпорындар өз жұмыстарын қоршаған ортаға ықпалы мейлінше аз болатындай етіп жүргізулері керек», — деп қорытты Әбілғазы Құсайынов.