КЕМЕЛ ДАМУДЫҢ КЕШЕНДІ БАҒДАРЫ

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, тарих және философия ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаев  Жылыой ауданына сапарында «Мұнайшы» мәдениет үйінде мұнайшылармен және осы сала ардагерлерімен кездесіп,  Елбасының биылғы Қазақстан халқына Жолдауын, одан туындайтын міндеттерді нақты мысалдармен дәлелді әрі жан-жақты саралады. Кездесу жиынын аудан әкімі Мақсым Ізбасов ашып, жүргізіп отырды.

Кәсібіңді тап та – нәсібіңді тат!

Мемлекет қайраткері мемлекеттік деңгейден ой қозғады. Біз бұған дейін бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосыламыз дедік. «Оған дейін кім бар, кім жоқ» дегендей әңгімелер айтылмай қалған жоқ, бәрі қаңқу сөз болды, елу дамыған елдің қатарына кіргеніміз жария сипат алды. «Қазақстан – 2050» стратегиясы 38 жылға есептелген, қалған жылдар жеті бесжылдыққа бөлінеді, олардың әрқайсысы бір мақсат – дамыған 30 елдің қатарына кіру мәселесін шешеді. Мұндай бағдарлама бүгінде Түркия, Малайзия сияқты елдерде де қолданысқа ие болуда.

Шағын және орта бизнесті дамыту – Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы, бұл бизнестің үлесі артқан сайын елдің дамуы да орнықты бола түседі. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсіп және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр. Десек те, біздің елде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 20 пайызын береді, әрине, мұны жеткілікті деп айтуға болмас. Өйткені, бұл сектор дамыған елдер экономикасының 80 пайызын құрайды. Сондықтан, Елбасы әлі де кенже қалып отырған бұл саланы дамыту үшін кедергі, бөгет атаулыны болдырмауға баса мән беріп отыр. Яғни шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 50 пайызын құрайтын болады. 

«Халықтың мәңгі ғұмыры – тілінде»

Егер әр нәрсенің өз өлшемі бар десек, егемен еліміздің рухани өлшемі, әрине, оның тілі.

Тіл – адам болмысының сыртқа шығатын мәдени көрінісі.

Тіл – адамды адам етіп тұрған қуат.

Тіл саясаттан биік тұр.

Тіл – өркениет құбылысы.

– Осы тұрғыдан алғанда Жолдауда айтылған «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деген тұжырым көптің көңілінен шығып отыр, – дейді Ө.Озғанбаев. – Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Тек соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлініпті.

Қазына 

қойнауынан – әлемдік нарыққа

Аса маңызды құжатта еліміздегі мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелерін енгізуге, сонымен қатар мұнай мен газ өндірудің ықтимал сценарийлері бойынша түбегейлі шешімге келу керектігіне бас мән берілген. Басты мақсат – Қазақстанның геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиістігі. Ол үшін тиісті заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестициялар тартудың жөні бар. Мұнай өндірісі жөнінен біз дүние жүзінде оныншы орындамыз. Қазіргі кезеңде төртінші зауытты салу күн тәртібіне қойылып отыр. Бұл ретте геологиялық барлау жұмыстарын тездетіп, жаңа кен алаңдарын ашуға талпыныс, құлшыныс туып жатыр. Яғни тұзасты, тұзүсті қабаттардағы тұнған байлыққа тыңнан шабуыл керек. Қашағанның өзі бес кеніштен тұрады. Жылыой ауданы аумағында қазір перспективалы Р-9 алаңында барлау жұмыстары өрістей түсуде.

Еліміз бойынша 82 млн. тонна мұнай өндірілсе, оның 29 млн. тоннасы Атыраудың Жылыой ауданының үлесінде. Бұл –  34 пайыздың төңірегі.

Түйіп айтқанда, таяу жылдары жаңа кеніштердің ашылып, жерасты қазынасын игеру жаңа үрдіске, жаңаша сипатқа ие болары даусыз, – деді Ө.Озғанбаев.

Басқосуда сөйлеген инженер-геолог Шынашев Халел Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Прорва өндірістік аймағындағы мұнайшылар арасында қызу талқыланып, қолдау тапқанын мәлімдеді. – Маңызды құжатта айтылғандай, күні бүгін жұмыс жасап тұрған еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын заманауи талапқа сай күрделі жөндеуден өткізіп және төртінші мұнай өңдеу зауытын салып, қазіргі өндіріліп жатқан қара алтынымызды шикізат күйінде емес, өңделген тауар күйінде экспорттап, бұдан түскен қыруар пайданы халық игілігіне жарату – экономикамызды ілгері бастырудың  ілкімді тетігі, – деді ол. 

Жалпы, мұнайшылар «Болашақ мұнай қоры тұзасты қабатында, яғни 10-15 км тереңдікте екендігі дәлелденіп, енді соны игеруге шетелдік компаниялардан жаңа техника мен технология, инвестиция тарту керек» деген «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалиннің жуырдағы мәлімдемесі алда тұрған міндеттерді айқындайтынына бек ұйып отыр.  

Республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының жұртшылықпен кездесуі Мақат ауданының Доссор поселкесінде де өтті.

Қаржау Оразбаев,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз